Әулие десе болады

Әулие десе болады

(Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай)

Ахмет Байтұрсынұлының қазақ руханиятына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Оның «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп жүргені өзінің ұлт болашағынан алатын орнын білгендіктен. Елімізде қазір жүріп жатқан рухани жаңғыру да Ахмет Байтұрсынұлы еңбектерінен бастау алады.

«Рухани жаңғыру» деген тіркестің мән-мағынасын біз тиісінше дұрыс түсінбей жүрген сияқтымыз. Орыс тіліне «обновление общественного сознания» деп аударылғандықтан «жаңару» деп түсініп жүрген сыңайлымыз. Шын мәнінде, «жаңғырудың» баламасына орыс тіліндегі «реставрация» сөзі жүре алады. Демек, бұрынғымызды, руханиятымыздың асыл нұсқасын бүгінгі күнге лайық етіп жаңғырту – асыл парызымыз. Руханиятымыздың түп-тірегі тілде, парызымыз сол тілдің асыл нұсқасымен сөйлеу, яғни айту мен жазу болуы қажет.

Осыны бір ғасыр бұрын қамдаған Ахмет Байтұрсынұлы еді. Ол 1912 жылы Орынбордан шыққан «Оқу құралында» қазаққа тән жазуды жария етті.

Жазу сөз «жазмышпен» төркіндес. Олай дейтініміз – қай әліпбидің шығуына түрткі болған дін екені байқалады. Түркі бітігіне – Тәңірлік сенім, араб әліпбиіне – ислам діні, латын әліпбиіне – христиандықтың католик тармағы, кирил әліпбиіне христиандықтың православ тармағы тірек, негіз болғанын білеміз. Ал Байтұрсынұлы әліпбиі жарыққа шығуына не себеп болды? Меніңше, сол замандағы руханиятқа жасалған шабуыл себеп болды. ХІХ ғасырдың аяғы, ХХ ғасырдың басында отарлаушы орыс патшалығы қазақты ислам дінінен айыруға кіріскен еді. Білім христиан тарапынан миссионерлердің қолына тиді. Әсіресе, Ахмет Байтұрсынұлы туған өңірде қазақтарды шоқындыратын орындар ашылып үдеріс басталып та кеткен болатын. Ахметттің ұстазы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектептерге қазақтардың балаларын оқытуға бейіл бермеуінің басты себебі осында болатын. Ыбырайдың «Мұсылмандық тұтқасы» атты еңбегін жазуға да осы үдеріс түрткі болды деп ойлаймын. Орысша оқыту шоқындырумен астарлас болды. Осындай болашақ бұлдыр тартқан кезеңде оқу мен жазу арқылы рухымызды сақтап келесі ұрпаққа жеткізу парыз болды. Оның жолы, Ахмет Байтұрсынұлының ойынша, исламмен келген жазуды қазақ сөйлеуіне бейімдеу екен. Сонда, дініміз бен тілімізді бұзбай сақтай алатын болдық. Әйтпесе, ұстазы Ыбырай Алтансариннің қазақ тілін кирил әрпімен сөйлеткен үлгісі алдында жатқан жоқ па еді!

Осыған орай еске армян ұлтының ІV ғасырдың 2-жартысы, V ғасырдың 1-жартысында ғұмыр кешкен тілтанушысы, әдебиетшісі, педагогі, аудармашысы Месроп Маштоц түседі. Оның тіл мен жазудағы (армян алфавитінің негізін салудағы) еңбегі үшін Армян апостол шіркеуі мен Армян католик шіркеуі әулие (святой) санатына кіргізген. Әулие, әрине, алдымен діни тұлға, тақуалық, әділдік, дұрыстық үшін, діни үгіт-насихат үшін, Құдайдан адамдарға игілік сұрағаны үшін берілетін киелі атақ. Ал адами тұрғыдан алсақ, рухани кие иесі. Осыны ескерсек, Ахмет Байтұрсынұлының қазақ ұлты үшін сіңірген еңбегі Месроп Маштоцтан артық болмаса, кем емес. Өйткені сол кезеңде жазуымыз арабнегізді болмай, орыснегізді болса, не болар еді, болжай алмаймыз. Әйтеуір білетініміз – араб әрпі алдында тұрғанда қазақтардың шоқынып кетуі мүмкін емес сияқты.

Біздің мүфтият осыған орайластырып бір шара қабылдаса, қандай жақсы болар еді.

Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми көрегендігі (көрегендік – әулиенің өресі ғана жететін қабылет)бөлек әңгіме. Үш-төрт айғақты айтумен ғана шектелейік.

Біріншісі –қазақ тілі дыбыстарын түгендеп беруі.Бүгінгі күндері қазақ әліпбиін өзгертіп жатқанда басты тірегіміз осы болып жатыр.

Екіншісі – қазақ филологиялық терминдерін тауып, тақайырлап қалыптастырып кеткендігі. Оның бұл саладағы көрегендігі сонда, ол ойлап тапқан терминдерді ешкім өзгерте алмады, өзгертпек болғандар Күнді қолмен көлегейлеген сияқты әрекетен аса алмады. Бұл терминдерді тіл білімінің салаларына қатысты жіктесек:

  • фонетикаға қатысты 108 термин (35,4%);
  • лексикологияға қатысты 11 термин (3,6%);
  • морфологияға қатысты 109 термин (34,9%);
  • синтаксиске қатысты 64 термин (21,3%);
  • жалпы тіл біліміне қатысты 18 термин (4,8%) енгізген.

Үшіншісі – қазақ тіл біліміне ХХІ ғасырда еніп жатқан функционалдық грамматиканың негізін салуы. Оның оқулықтарының «Тіл-құрал» аталуы да осыны меңзейді. Ахмет грамматикасында тіл білімінде жаңа өлшемдер деп саналып жүрген «құрылымнан - функцияға», «функциядан - құрылымға» дейтін бағыттардың екеуі де бар.

Төртіншісі –ХХІ ғасыр парадигмасы деп саналатын антропоөзекті тіл білімінің алғашқы жолын қазақ тіл білімінде Ахмет Байтұрсынұлы салған. Ол үшін оның мынадай бір-екі пайымдамасын келтірсек те жеткілікті:

«Біз қазақ тіліндегі сөздің бәрін білгеніміз қазақ тілін қолдана білу болып табылмайды. Тілді қолдана білу деп айтатын ойға сәйкес келетін сөздерді таңдап ала білуді айтамыз. Қазақ тілі қазақ ортасындағы бәріне бірдей ортақ мүлік болғанмен, бәрі бірдей пайдаланбайды. Әркім әр сөзді өзінше қолданады, өзінше тұтынады (қоюлатқан біз. – Ж.Ж.). ... әркім пікірін сөз қылып шығарғанда да ана тіліндегі сөздерді әрқайсысы әр түрлі қолданады. Қысқасынан айтқанда, әркім сөзді өз қалауынша алып, өз оңтайлы көруінше тұтынады. Әркім өз қалауынша алып, өз оңтайынша алып тұтынған сөздер сол адамның тілі болады»

«Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау», «... жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды».

Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы бүгін үшін ғана емес, ертең үшін де ең бір қажетті мұра болмақ.

Ахмет тұлғасы – діліміз үшін де, дініміз үшін де киелі тұлға.