​Халқын ойлап қамыққан...

​Халқын ойлап қамыққан...

Кемеңгер М.Әуезовтің: «Айналып келіп таразыға тартылған, сыннан өткен деп Ақаңның ғана ардақты атын айтамыз. Одан басқа жалпақ елдің сынына толып, мейірін қандырған кісілері санаулы. Ақаң ашқан қазақмектебі, Ақаң түрлеген ана тілі, Ақаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны, «40 мысал» , «Маса» , «Қазақ» газетінің 1916 жылдағы қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі , өнер-білім , саясат жолындағы қажымаған қайраты , біз ұмытсақ та тарих ұмытпайтын істер болатын. Оны жұрттың бәрі де біледі. Шындығына ешкім дауласпайды», - деген бағасы бүгінгі күннің шындығы.

Ахаңның екі жинағы – «Қырық мысал» мен «Маса», қазақ әдебиетін жаңа тақырыптармен, идеялармен, ойлармен байытты. Абайдың ақындық дәстүрін ілгері дамытып, заман талабына сай поэзия туды. Қаласа, ол ақындықтың талай биігіне көтерілетін еді. Бірақ екі шағын жинақпен шектелді. «Ақын болмасаң болма, азамат бол» деген халық даналығы дәл осы Ахмет Байтұрсыновқа арналғандай. Ол кісі ең әуелі азамат еді. Өз қамын күйттемей, өз елінің тағдырын ойлайтын адамның қандай болатынын қазақ топырағында Ахаң тұлғасы көрсеткен.

ХХ ғасырдың басы халқымыздың оқу-білімінің аздығы, тіршілік тауқыметі, кедейшілік, індет пен қанқұйлы соғыс әбден титығына жетіп, дағдарысқа түскен кезі болды. Осынау қалың тұман торлаған күңгірт өлкеде қазақтың көкжиегіне төте жол сілтегендей Алаш арыстары бір шоғыр жұлдыз болып көтерілген. Олар бейнеті зор, еңбегі сор қазақтың үзілген үмітін жалғады, бойындағы жарығы мен жылуын аямай төкті. Елінің азаттығы жолына бастарын қатерге тікті.

Қазақтың ұшан қиыр даласына, алдағы түрлі байлықтарға, өзен -суына қызығып, ерте заманнан жұтып қоюға ұмтылған екі елдің ортасында қанды шеңгелге шөре-шөреге түскен, бұлқынумен күн өткізген қазаққа жоқшы, жанашыр қажет. Сол жоқшы, сол жанашыр шоқ жұлдыздың ең ірісі, көзі жоқ болса да күні бүгінге дейін сәулесі үзілмеген кемелдісі – Ахмет Байтұрсынов.Ахмет Байтұрсыновтың ғалымдық, ақындық, публицистикалық шығармалары мен қайраткерлік істері өз кезінде аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдары берген тарихи тұжырымдардың орны ерекше.

Сол кездің өзінде-ақ М.Әуезов «Ақаңның елу жылдық тойы» деген мақаласында Ахаңа жоғары баға берді. «Ақаңның майданға алғаш жыры шығып, әдебиет, саясат жолына жол бастаған күндері бәріміздің де есімізде. Кешегі күні оқушы болып, соның тәрбиесінде жүрген күндерімізді көз алдымызға елестетеді. Ақаңның қазақ оқушысының ойы мен пікірін тәрбиелеген заманынан бір ай ұзағамыз жоқ. Кешегі күндерге шейін бәріміз де жетегінде келгенбіз. Қаламынан туған өсиеті, үлгісі әлі есімізден кеткен жоқ. Патша заманындағы хүкіметтік өр зорлыққа қарсы салған ұраны, ойымызға сіңірген пікірі әлі күнге дейін үйреніп қалған бесігіміздей көзімізге жылы ұшырайды, құлағымызға жайлы тиеді» (1, 17 - бет.)

А.Байтұрсыновтың әлеуметтік істеріне, шығармашылығына, дүниетанымынықтарына өз кезінде дұрыс көрсетіп, әділін айтқан адамның бірі – С. Сейфуллин. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне «Ахмет Байтұрсынов елуге толды» деген арнаулы мақала жазды.«Ахмет Байтұрсынұлы қарапайым кісі емес, оқыған кісі. Оқығандардың арасынан шыққан, өз заманында патша арам қулықты атарман –шабармандарының қорлығына, мазағына түскен халықтың намысын жыртып, дауысын шығарған кісі. Өзге оқыған мырзалар шен іздеп жүргенде, қорлыққа шыдап, құлдыққа көніп, ұйқы басқан қалың қазақтың ұлт намысын жыртып, ұлттың арын жоқтаған патша заманында жалғыз-ақ Ахмет еді. Қазақтың ол уақыттағы кейбір оқығандары губернатор, соттарға күшін сатып тілмаш болып, кейбір оқығандары арларын сатып ұлықтық істеп жүргенде, Ахмет қазақ ұлтына жанын аямай, қызметтерін қылды».Бұл - Ахаңа берілген әділ де шыншыл баға еді.

«Қазақ» газеті мен А.Байтұрсынов есімі қашаннан егіз, үнемі қатар аталады. Өйткені «Қазақ» Ақаңның және оның пікірлестерінің алға қойған мақсаттарын жарыққа шығарушы, оның үнін халыққа жеткізуші болды. «Қазақ» газетінің редакторы Ахмет Байтұрсынов сол кездегі қазақ өмірінің бірқатар көкейтесті маңызды салаларына ой қозғап, қалам тартқан. Ол кісінің қаламынан туған ірі-ірі публицистикалық мақалалар өз заманының үні. Бұл мақалалар кезінде «Қазақ» пен «Айқапта» және «Ақ жол» газеттерінде басылған. Ахмет Байтұрсыновтың А.Б., Байқаушы, Арғын, А деген бүркеншік аттары болған. Ақаң қара сөзді қиюластыра баршаға түсінікті етіп пайдалана білген.

«Қазақ» пен «Айқап» басылымдарында жарық көрген «Қазақ жерін алу туралы низам», «Орыс мейірманшылығы», «Көшпелі Һәм отырықшы норма», «Закон жобасының баяндамасы» т. б.мақалалары ХХ ғасыр басындағы қазақ ақыл-ойының айнасы десе де болады. Ахмет Байтұрсынов қазақтың келешекте қандай жол таңдайтынына, қалай өмір сүретіндігіне зор мән берді.«Аңдаспаған мәселе» деген мақаласында: «Қазіргі қазақ мәселесінің ең зары – жер мәселесі. Бұл қазақтың тірі иә, өлі болу мәселесі. Бұл туралы түсінік жетпей қаталасып, қазақты теріс жолға салғанымыз – 5 миллион адамның обалын мойнымызға жүктегеніміз. Сондықтан бұл турада қазаққа айтқанымыз, қазақты һәм басқалар да қата ұқпастай етіп, шындықтан ашып сөйлегеніміз абзал. Жақсы жеріңе жиналып, қалаңды сал, мешітіңді орнат, мектеп, медресеңді аш, рұқсатсыз неге қала болдың деп ешкім айтпайды дейміз. 15 десятинамен қала боламын десеңдер, күн көре алмайсыңдар», - дейді. Ел мен жер тағдыры бүгінгі күннің өзіде де көкейкесті мәселенің бірі болып отырғаны жалған емес.

Ахмет Байтұрсынов - қашан да ұлты үшін қызмет істеген тұлға. Қиын кезеңдерде де халқының қасынан табылды, мұң-мұқтажын жоқтаушы болды.Ахмат Байтұрсынов орыс миссионерлерінің қазақ халқын орыстандыру үшін жасап отырған айла-әрекеттерін жақсы түсінген. Ол кісі Россия сияқты үлкен мемлекеттің жоспарлап отырған ірі саясатының құрбанына айналып кетпеу үшін күресті. Қазақ өзінің халықтығын, ұлттығын жоймас қамын жасау керек. Ол үшін ана тілінде әліппе жасап, сабақты ана тілінде жүргізіп, мектептерді заман талабына сай жабдықтап, педагогикалық білімі бар білімдар ұстаздар дайындау қазақ оқығандарының алдында тұрған маңызды міндет болды.

Ахмет Байтұрсыновтың тіл, оқыту мәселелеріне білім беруге байланысты айтқан пікірлері қазіргі уақытқа да қызмет ететінін көреміз. Мысалы, «ов» туралы » деген мақаласын оқи отырып, осыдан 80 жылдай бұрын жазылған емес, күні кеше ғана баспасөз бетінен көргендей боласың.«Газет-журналдарымызда көбінесе «ұғлы, баласы, қызы» дегеннің орнына «ов, ва» жазылады. Бұл қазақ тілінде болмаған себепті құлаққа тіпті ерсі естіледі «ов, ев, ин. валар» жалғыз–ақ орыс халқында бар деп айтуға болады, басқа Европа халықтарында жоқ, бізден өзге патшалы мұсылмандарда да жоқ. Бұларды орыстан көріп еліктеуіміз орынсыз, басқа жұрттың сөздерінің құйрығын әкеліп өз сөзімізге тағудың қанша қажеті бар? «Овтарды» орысша жазғанда қолдансақ та, қазақша «ұғлы, баласы, қызы» деп жазуымыз келіспей ме? Мұнан былай жұртқа өнеге беретін газета–журналдарымыз мұны ескерсе, қандай жақсы болар еді, қиындығы да болмас еді», - деп жазуы бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Біздің заманымыз жазу заманы - сөздің жүйесін, қисынын келістіріп жаза білуге, сөз қандай орында өзгеріліп, қалайша бір-біріне қиюласып жалғасатын жүйесін білу керек»,- деп жазған А.Байтұрсынов өзі де әдебиет майданында жемісті еңбек етті. Ұрпағына өлмес мұра қалдырды. Ол халық ақыны «Абай сөздері дүниеде қалғаны қазаққа зор байлық» деген сөздердің иесі А.Байтұрсынов өзі де ұлы Абай салған соқпақ поэзия тілімен, сөз сиқырымен халқының санасын оятуға күш салады. Қалайда ұйқылы-ояу маужырап күн кешіп жатқан халқын оятуды, сезіміне, жүрегіне әсер етуді мақсат етіп қояды.

Ахмет Байтұрсынов тіл, жазу мәселесі турасында жасалған зор ғылыми еңбегініңбірі - ғалымның осы тұста, яғни араб алфавитінен латын алфавитіне көшуге науқанжасалып жатқан кездегі тұжырымдары. Ғалым латыншылдармен болған ғылыми айтыстарға белсене қатысып, мұның науқаншылық әрекет екенін, ғылыми негізі жоқ екенін жан-жақты дәлелдеді. «Жазу мәдениеті бар жұрттарға бір әріптен екінші әріпке көшу оңай жұмыс емес, жайлап көшуге көп уақыт, көп қаржы, көп күш керек. Сөйтіп, бұл мәселе әлеуметке шаруашылық жағынан өте зілді болғандықтан, шешушілерді халық алдында зор жауапкер қылатын мәселе», - дегенүлкен маңыз берді.«Араб әрпін жақтаған баяндамасы», «Түзетілген әріп» аталатын мақалаларында араб графикасының анағұрлым тиімді жақтарына тоқталады. Осындағы араб графикасын жақтаған пікірі өз тұстастарының біразынан қолдау тапты.

Ахмет Байтұрсынов өз шығармашылығындакөп уақытын, күш-жігерін оқу-ағарту ісіне, елді мәдениеттендіруге ұмтылған ағартушылыққа және әдебиеттану, тілтану саласын ұлттық ерекшелік тұрғысынан зерттеген ғалымдық қызметіне арнады. «Әліп-би», «Әдебиет танытқыш» «Тіл-құрал», атты еңбектер жазуы, қазақ тілі мен әдебиеті, мектептер мен ондағы оқыту жайы, қазақ тілін оқыту методикасы туралы көптеген мақалалары, Қазақстанның оқу–ағарту комиссариатындағы жұмысы – осының бәрі ол кісінің ағартушылық, ғалымдық қызметінің қомақтылығын аңғартады.

Ахмет Байтұрсыновтың соңына қалдырған мол мұрасы –рухани қазыналарымыздың тарихында орын тепкен ақтаңдақтарды қалпына келтіріп, толықтыруға мүмкіндік беретін бай қазына. Сол қазыналарды іздеп, тауып, зерттеу халқымен табыстыру бүгінгі күннің міндеті.