Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы

Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы

Елордада Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті.

Президент Қасым-Жосарт Тоқаевтың қатысумен Азия елдері қаламгерлерінің тұңғыш форумы өтті. Форумға 30-дан астам мемлекеттен 70-ке жуық ақын-жазушы қатысты. Алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды шараның басты мақсаты - Азия құрлығында орналасқан елдер арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайту, дамыту және қазақ әдебиетін, рухани құндылықтарын паш ету.

Форум президенттің алғысөзімен ашылды. Қасым-Жомарт Тоқаев:

- Азия қаламгерлері форумы шығармашылық қауымның маңызды диалог алаңына айналуы керек. Бұл маңызды шара Азия елдерінде қуатты түрде өтуі қажет деп санаймын. Адамзатты толғандырған күрделі мәселелер дәл осындай алаңдарда ортаға салынуы тиіс. Азияны бүкіл әлемдік рухани даму орталығы ретінде дамыту айрықша маңызды. Сондықтан, әдеби үдерістерді жаңғырту үшін жағдай жасау басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта Азия алыбы әдеби сыйлығын тағайындаған жөн. Әлемдегі әйгілі сыйлықтар секілді бұл марапаттың да беделін арттыруға күш салуымыз керек, - деді.

Сонымен қатар ел Президенті Азия қаламгерлері туындыларының бірыңғай платформасын құру жайына тоқталды.

«Азия қаламгерлері туындыларының біртұтас электронды кітапханасын құратын уақыт жетті. Бұл Азияның теңдессіз дүниетанымы жинақталған баға жетпес асыл қазынаның есігін жер жүзіне айқара ашатын құнды дүние болары сөзсіз. Осындай игі бастамаларды іске асыру жұмысы – қаламгерлерімізді біріктіріп, Азия әдебиетін жаңа белеске шығарады деп сенемін. Бүгінгі форум жұмысын табыс тілеймін», – деді ол.

Әдеби форумның жалпы отырысына Нобель сыйлығының номинанттары Оңтүстік Корея қаламгері Ко Ын, моңғолиялық Гомбожавын Мэнд Ооёо, Оңтүстік Азия халықаралық сыйлығының лауреаты үндістандық Амар Митра, Әзербайжан халық жазушысы Анар Расуыл Рзаев, катарлық Моза аль-Мальки баяндама жасады.

Халықаралық «Манхэ» әдеби сыйлығының, «Гриффин» поэзия сыйлығының лауреаты, Әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының номинанты кореялық Ко Ын:

- Ең алғаш Азия өркениеті скифтерден тарады. Кейін ол қара теңіз арқылы бүкіл әлемге тарады. Азия қайтадан түлеп, жаңа нүктеден бастауы керек деген ойлар да айтылады. Меніңше, әрқайсымыз еркін болуымыз керек. Батысқа бағдар ретінде қараудан бас тартуымыз қажет. Тіпті кей жағдайда Азия әдебиеті Еуропа әдебиетін жасартты, тың леп қосты. Бауырлас жаузшыларға қарап отырып, Азия әдебиеті – бүгіннің әдебиеті, Азияның әдебиеті – жаңа ғаламшарлық әдебиет деген ойға келдім», – деді.

Өз кезегінде Анар Расуыл Рзаев түркі жұртына ортақ Қорқыт пен Әбу Насыр әл-Фарабидің мерейтойларын ортақ атап өтуді ұсынса, Моза аль-Мальки әдебиеттегі Азия әйелдерінің бейнесіне тоқталып, теңдік мәселесін көтерді.

Форум жұмысы 3 күнге созылады. Бүгін конгресс-орталықта «Азия әдебиетінің жауһарлары» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Форум бағдарламасында TED форматындағы «ASIAN LitTALKS» форсайт сессиясы, көрнекті жазушылардың жеке шеберханасы, «Қаламгерлер аллеясының» ашылуы, Орталық Азия қаламгерлері мен жас ақын-жазушылардың шығармашылық кездесуі, т.б. іс-шаралар бар.