МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ халықты біріктіруші фактор бола ала ма?

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ халықты біріктіруші фактор бола ала ма?

Әлем елдерінің тәжірибе­сіне көз салсақ, мемлекет халқын біртұтас етіп топтастыра алатын құндылықтар бірнешеу. Бірінші – тілдік фактор. Бұған Еуропа елдерінде де, әлемнің басқа құрлықтарында да мысал көп. Айтпақшы, біз «көп ұлттымыз» деп мақтанамыз, бірақ кәрі құрлықта бізден де көп ұлыстар бірге өмір сүріп жатқан мемлекеттер жеткілікті. Францияда 180 ұлт, Түркияда 140-тан астам ұлт бар, Еуропа елдерінің қай-қайсының жағдайы да осы. Ұлыбританияда тіпті 1 мыңға тарта ұлт өкілдері тұрады, тек Англияның өзінде ғана 300 тілде сөйлейді деген дерек бар. Бірақ олардың бәрі өздерін французбын, түрікпін, тағы сол сияқты өздерінің тұрғылықты мемлекеттерінің төл ұлтының атауымен атап, сол елдердің мемлекеттік тілінде сөйлейді.
Екінші – діни фактор. Бұл, негізінен, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері сияқты мұсылман елдеріне тән. Онда мемлекеттік саясат ислам құндылықтарына қарай құрылған. Мәселен, араб елдері әлемінде мемлекет тарататын ақпараттың 90 пайызы дін тақырыбына арналатынын біреу білсе, біреу білмес.
Үшінші – ұлттық фактор. Жапония, Армения сияқты елдер тұр­ғындарының 97-98 пайызы жергілікті ұлт өкілдері, мемлекеттік саясат таза ұлттық мәдениет пен құндылықтарды басшылыққа ала отырып құрылған.
Төртінші фактор – азаматтық мақтаныш. Мұндай мысалды АҚШ-тан, Израильден көруге болады. Америкалықтардың қай-қайсы да «біз ұлы мемлекетпіз», «біз әлемдегі ең демократиялы елде тұрамыз», «біз патриотпыз» деп, үйлеріне АҚШ-тың әлем-жәлем жалаушаларын іліп қояды. Бұл – азаматтық фактор. Салыстырып көрсек, Қазақстан халқын осы айтылған факторлардың қайсысы біріктіріп отыр? Бұл сұраққа келгенде сіздің де, біздің де тосылатынымыз жасырын емес.
ҚР «Тіл туралы» заңының 4-бабында: «Қазақстан халқын топтас­тырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы» деп жазылған. Қазақстандықтардың қазақ тілін білуін міндеттейтін мұндай тармақ 2009 жылы көпшілік талқылауынан өтіп бекітілген «Ұлт бірлігі» доктринасында да бар. Сол кезеңдерде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев халыққа арнаған кезекті бір Жолдауында «Қазақ тілін 2017 жылы халықтың 80 пайызы, 2020 жылға қарай 95 пайызы игеріп, ендігі 10 жылда мектеп түлектерінің 100 пайызы осы тілде еркін сөйлеуі керек» деп, осы міндеттерді жүзеге асыру үшін тиісті салалар мен жергілікті атқарушы органдарға тап­сыр­ма бергені ес­теріңізде. Олай болса, Қазақстан жағдайында халықты топтастыратын ең маңызды фактордың бірі – мемлекеттік тіл екендігі айқын айтылған. Бірақ әзірге бұл міндетті ресми тіл атқарған болып келеді. «Атқарған боп» дейтініміз, бөтен елдің тілімен туған Отаныңды сүю, оның патриоты болу мүмкін емес.
«Қазақстан» деген атаудың өзі халықаралық терминде Қазақ елі дегенді білдіреді. Сондай-ақ мемлекетке өз атауын берген, төл халқының саны 70 пайыздан асқан қазақ жұрты тұрғанда, азшылдық диаспораның тілі (21 пайыз) елді біріктіруші фактор бола алмайды. Сондықтан қазақ тілінің мемлекеттік және қоғамдық қатынастардағы маңызына, шаруашылық салаларындағы атқаратын функциясына басымдылық берілуі міндетті.
Әрине, ықтиярлы іске кедергі көп. Тіл жанашырлары баяғыдан-ақ Мемлекеттік тіл туралы жаңа заң керек деп зар қылып келеді. Бірақ әзірге ол ниет нәтижесіз. Ал қолданыстағы «Тілдер туралы» заңның шикілігі туралы ерінбегеннің бәрі айтып жүр. Біріншіден, бұл заңның өзі жетілмеген, екіншіден, оны орындататын механизмдер қалыптаспаған. Өйткені «Тіл туралы» заңның қай тармағын алып қарасаң да, «мемлекеттік тілмен бірге ресми тіл қатар қолданады» деген жолдардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осыдан кейін ешкімнің жанын қинап қазақша үйренбесі анық.
«Тіл туралы» заңның 24-бабында «…тіл туралы заңдарының бұзылуына кінәлі… заңға сәйкес жауапты болады» десе, Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 75-бабында «айлық есептік көрсеткіштің бестен жиырмаға дейінгі мөлшерінде айыппұл салу…» делінгеннен басқа ештеңе жоқ. Сондай-ақ Тіл заңының 23-бабында тілдерді дамытуда «мемлекеттік тілге басымдық беріледі» десе, мемлекеттік мекемелерде, керісінше, ресми тілге басымдық беріп қойған.
Сондай-ақ «мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптер, мамандықтар және лауазымдар тізбесі заңмен белгіленеді» деген тармақ тек қағаз жүзінде қалған. Мұндай талап әлі күнге қандай да бір заңмен бекітілгенін естіген емеспіз. Ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми сайтын әрлі-берлі ақтарып, мұндай «кәсіптер», «мамандықтар», «лауазымдар» тізімін мүлдем таппадық. Тек «Б» корпусы санатына жататын қызметкерлерден мемлекеттік тілде тест алу қарастырылған. «Б» корпусын еліміздегі 90200 мемлекеттік қызметші құрайды. Бұл санатқа аудан әкімдерінің орынбасарлары, ауыл әкімдері мен басқарма басшылары кіреді. Олардың ішінде қазақша мүлдем «қақпайтындардың» талайын көз көріп жүр.
Мәдениет және спорт министрлігінің ақпаратына сүйенсек, қазақ тілін меңгеру деңгейін анықтайтын «Қазтест» жүйесі арқылы республика бойынша 2016 жылы – 26870 немесе 29 пайыз (нақты саны – 92203 адам), 2017 жылы – 22837 немесе 25 па­йыз (нақты саны – 91830 адам), 2018 жылы 24657 немесе 27 пайыз (нақты саны – 90932 адам) мемлекеттік қызметші ғана тестілеуге қатысқан.
Сонда мазмұны кереғар, орындалуы міндетті емес «Тіл туралы» заңның пәрмені қандай? Мұндай солқылдақ заңнан кім қорқады? Онсыз да дәрменсіз күй кешіп отыр­ған Тіл заңын тәрк еткендерге әрі кетсе ескерту жасалады, бірақ олар еш қысылып-қымтырылмастан жұмысын жалғастыра береді. Ал заң бұзған лауазым иелеріне ақшалай айыппұл салыпты дегенді тағы көрмедік. Сонда қалай, «Тіл заңы» басқа құқықтық құжаттар сияқты орындалуы міндетті болмағаны ма? Заңда мемлекеттік тілді білмесең де, мемлекеттік органдарда істеуге тыйым салатын шектеу қойылмаған. Қайта орысша құжат толтыра білмейтін қазақтілді мамандарға жұмыс істеу қиын.
…Бір жылдары ҰБТ тапсыру үшін мемлекеттік тілдегі тест міндетті болды, сонда мектеп оқушыларының бәрі жата-жабыса қазақ тілін үйрене бастап еді. Кейін емтихан уақыты таялғанда Білім және ғылым министрлігі «қазақ тілінің ұпайы тест балына енбейді» деп масқара қылды, сонда қазақша тәп-тәуір үйреніп келе жатқан өзге ұлт өкілдері түгіл, қала шалақазақтарының өзі қазақ тілі кітабын босағаға атып-атып ұрғанын кімнен жасырамыз?!
Ата Заңымыздың 19-бабында: «Әркімнің ана тілі мен мәде­ниетін пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдап алуға құқы бар» делінген, бірақ осы конституциялық құқым күніне әлденеше рет бұзылады. Менің мемлекеттік тілде толыққанды өмір сүру құқым шектеулі, өмір сүру, баламды өсіру, жұмыс істеу, қажет ақпараттарды алу – бәрінде орысша сөйлеуге тура келеді. Қоғамдық қатынастар, әкімшілік жиналыстарының бәрі дерлік өзге тілде өтеді (қазақша тек кіріспесі ғана). Тіпті лауазым иелерінің қабылдау бөлмесіне хабарлассаң да орысша сөйлеуің керек, өйткені қазақша білмейтін хатшы қызға мемлекеттік тілде сөйле деп айта алмайсың. Енді қабылдау бөлмелеріне, жұртқа жаппай қызмет көрсететін жерлердің бәрінде екі тілді адамдарды отырғызу қиын болып па? Қазақша талап етсеңіз, қазақша білетін біреуді ертіп әкелгенше тосып тұрасыз. Осының бәрі – заң бұзушылық, менің ана тілімде жүріп-тұру, қызмет ету құқымның шектелуі. Осыған қарағанда, біздің қоғамда тіл заңнамасын бұзуға болады деген түсінік қалыптасқан ба деп қалдым…
Қазіргі қоғамда, әсіресе билік буындарында қазақ тіліне қажеттілік төмен. Мұндай жағдайда, Елбасы айтқандай, 2020 жылы да қазақшаға көше қоюымыз не­ғайбыл. Ал мемлекеттік тілдің сұранысын қамтамасыз етпей, біз оның қоғамды топтастырушы, елді біріктіруші рөлін арттыра алмаймыз. Бұл, айналып келгенде, мемлекеттің тұрақтылығына қауіп төндіретін фактор.
Сөз соңы. Егер Қазақстанды өзінің Әнұраны, Елтаңбасы, Туы, Конституциясы, тағы тағылар егемендік нышаны бар тәуелсіз ел ретінде мойындасақ, мемлекеттіліктің білгісі – мемлекеттік тілді неге мойындамасқа?! Тәуелсіз елдің тілі де тәуелсіз болуы шарт.