Алматы қаласында"Тіл шебері 2019"қалалық конкурсы өз мәресіне жетті!

Алматы қаласында

Байқаудың мақсаты жас мамандарға қолдау көрсете отырып, тіл мәдениетін көтеруге ықпал ету, мемлекеттік қызметшілердің тілді меңгеруге деген қызығушылығын арттыру және бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу болып табылады. Жалпы талаптарға сәйкес байқауға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген 21-30 жас аралығындағы жиырмаға жуық мемлекеттік қызметшілер қатысты.

Конкурс шарты бойынша Алматы қаласының алты ауданынан жиналған үміткерлер үш кезең бойынша конкурс межесінен өтулері керек болды. Әр жауапқа үш минуттан уақыт берілді. «Тұсаукесер» деп аталатын бірінші кезеңде қатысушылар жеребе барысында алған нөмірлеріне сәйкес тапсырылған сұрақтарға қазақ тілінде жауап берді. Қатысушылар екінші айналым «Өнертанымда» өз таңдауы бойынша ағылшын тілінде көркемсөз оқып, ән айтып, өнерлерін көрсетті. Ал «Елтаным» атты соңғы кезеңде белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері тарапынан қойылған сұрақтарға орыс тілінде жауап беру талап етілді.

Әділқазылар алқасының құрамында болған Алматы қаласы әкімі аппаратының Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығының бас инспекторы Б.Қалымбет, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қазақ тіл білімінің теориясы және әдістемесі кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Т.Ермекова, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Шет тілдер кафедрасы меңгерушісінің м.а., педагогика ғылымдарының кандидаты Р.Озғамбаева, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессор м.а., филология ғылымдарының кандидаты Ғ.Орынханова талапкерлердің біліктілігін бағалап, әділ бағасын беруге атсалысты.


Озық шыққан жеңімпаздар қатарында Бостандық ауданы атынан шыққан Абзалбек Әділхан байқаудың бас жүлдесіне ие болса, І орынды Әуезов ауданынан Кенебай Толғанай, ІІ орынды Медеу ауданынан Ахметов Айдос, ІІІ орынды Наурызбай ауданынан Қарабалаев Қайрат еншіледі. Кестелі ой аталымында Еңсебай Гүлназ, өнерлі өрен аталымында Күмісбаева Гүлбазар жеңімпаз деп танылды. Ерекше жауаптары мен өнерлері үшін Сәкенов Әлішер мен Жылқайдаров Айдар ынталандыру сыйлығына ие болды.

Байқау барысында қатысушыларға алдын ала әзірленген аудио және бейне материалдарды қолдануына мүмкіндік берілді.