Тілге қызмет – мінезден…

Тілге қызмет – мінезден…

​Қостанайда Төлен Рамазанұлы дейтін азамат бар. Тілдің нағыз жанашыры. Мәселе туындай қалса, ойларын ортаға салады. Кемшіліктерге қатысты ымырасыз күреске шығады.

Қарап тұрсақ, өмірде тілдің қолданылмайтын саласы жоқ. Ол ауызекі сөйлеуден бастап, көшедегі жазуыңыз бар ма, жарнамалар мен іс-қағаздар, жер-су, елді мекен атауларында да көрініс табады. Ал осындай орын алып жатқан олқылықтарды түзеп, тиісті орындарға хат жазып жүрген кім бар? Төлен Рамазанұлы сияқты ілуде біреу болмаса, тілге перзенттік парызбен, адал жүрекпен, шын көңілмен қызмет ету жолында белсенділік байқала қоймайды. Ал тіл – ұлттың жаны еді ғой. Намысы мен рухы еді ғой. Неліктен бағалай алмай келеміз? Бүгінде тілімізге қызмет етуді ұмытып кеткендейміз.

Күнделікті күйбең тірлікпен алданамыз. Тіл бейне бір өздігінен дамитын сияқты, өзінен-өзі өркендеп, көркейетін сияқты. Мемлекеттік деген мәртебесіне сеніп алғандаймыз. Сенген жақсы… бірақ нақты істер де өз тарапымыздан атқарылуы тиіс еді… Кешегі Алаш арыстарының өмір жолына назар аударсақ, Ахаңдардың, Жахаңдардың қат-қабат жұмыстарының бір арнасы – тілге қызмет ету болды. Себебі ұлтты сақтайтын басты темірқазық – ТІЛ екенін сол қайраткерлердің барлығы түсінді. Сол Алаш арыстарының қазыналы еңбектерінің нәтижесін, игілігін бүгінгі ұрпақ көруде. Осының барлығы тілге қызмет етуден басталғаны анық.

Тілге қызмет – ұранды, жалындаған сөздерден емес, көзбен көрген, құлақпен естіген, түйсікпен сезінген олқылықтарды түзеуге атсалысудан көрініс табады. Мысалы, телеэкран бетінен қате жазу байқасақ, көшедегі көрнекі жазулардың тіл заңдылығын бұзып тұрғанын көрсек, ол жерден көзді жұмып өтіп кетпей, енжарлық танытпай, сол бадырайып тұрған кемшіліктің түзетілуіне үлесімізді қоссақ, қанеки? Немесе балаңызды, немереңізді қазақ балабақшасы мен қазақ мектебіне оқуға берсеңіз, қазақ әдебиетінен сусындап өсуге тәрбиелесеңіз, ұлтының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын үйретуге ден қойсаңыз, өзіңіз де ана тіліңізде сөйлеп, аясын кеңейтуге үлес қоссаңыз, бұл да тілге қызмет етудің үлгісі. Елімізде тиісті заңдар бар, бағдарламалар қабылданған. Бірақ жетпей жатқаны – әр қазақтың тілге деген қызметінің аздығы. Алмағайып замандарда тіл бізді ұлт ретінде сақтап қалса, енді біз оған қызмет ету арқылы оны сақтап қалуымыз керек. Себебі біз тілге қарыздармыз. Ел болғанымыз үшін, тәуелсіз мемлекет болғанымыз үшін, ұлт болып ұйысқанымыз үшін… Бүкіл тіршілігіміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, руханиятымыздың, өнеріміздің, дәстүр-салтымыздың, болмысыздың өзегі тіл ­болып отырғанда, оған қызмет етпеу қиянат болар еді. Тіпті бүгінгідей жаһандану заманында тілге қызмет ету – өте қажет іске айналып отыр. Жан-жағымыздан анталап жеткен әлемдік тілдер «мені үйрен, мені біл, сонда бақытқа жетесің» деп тұр. Мұндай жағдайда жас ұрпақты өз тілінде ұстап қалу да қиынның қиыны. Әлемдік үрдістер, түрлі мәдени шабуылдар осыны меңзейді. Бірақ солай екен деп қолды қусырып, дәрменсіз отыруға тағы болмайды. Тілге қызмет ету керек деуіміздің түпкі мағынасы осында.

Негізі, Төлен Рамазанұлының мемлекеттік тілге сіңіріп жүрген еңбегі ересен! Әлеуметтік желіде де белсенді. Көрген-білгенін, көңілге түйгенін жазып, дабыл қағып жүреді. Төкең «Алдымен өзіміз талап етейік» деген ойын жиі айтады. «Қазақтардың өздері қазақша сөйлемейді. Банкке барсаң да, ауруханаға барсаң да, толтыратын қағаздардың бәрі орысша» деп күйінеді. Бірақ әрекетсіз отырған күні жоқ. Әкімдер мен шенеуніктерден бастап, Парламент депутаттарына, министрлерге дейін хат жазады, хабарласады. Қозғаған мәселесінің орындалуын талап етеді. Осындай азаматтар әр ауыл мен ауданда, қалалар мен облыстарда көп болса, ана тіліміздің мәртебесі биіктейтіні сөзсіз.

Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден!» деген әйгілі сөзі бар. Сол ұлы бабамыздың тәмсіліне салсақ, ТІЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТУ ДЕ – МІНЕЗДЕН!