Текті ел тілін түлетер

Текті ел тілін түлетер

Кез келген мемлекеттің ұлттық ұстыны да, ең асқақ шыңы да, ары да, бары да, өмірінің сәні мен мәні де – тілі. Одан айырылған, «халықаралық тіл» деп аталатындардың біріне көшіп алған мемлекеттің басқа құндылықтарына қуанып, баймын деп тасуының, бықсық дүниеге мастанып, шалқуының өзі әбестік. Мемлекеттіліктің тұғыры ретінде мемлекеттік тілдің қуатты болуы, оның өрісінің кеңеюі, тұншықпай, тынысының ашылуы, сөйтіп, ана тіліміз арқылы жас ұрпақ бойына ұлттық мінез жаппай сіңуі үшін ел Үкіметі бірқатар жаңа шараларды қолға алмақ. Осы орайда 2020-2024 жылдарға арналған «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» атты жаңа мемлекеттік бағдарлама жоба­сы әзірленді. Бұл бағдарламаның мақсаттары – ғаламат. Ол қазақ тілін ұлттық және мемлекеттік тіл ғана емес, сондай-ақ енді Қазақстандағы этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдырмақ және оның осы биік мәртебедегі толыққанды қызметін қамтамасыз ететін стратегиялық тұғыр­нама құрмақ, осы жолда жүйе­лі іс-шаралар жүзеге асырылмақ. Бұл ретте бесжылдық бағдарла­ма­ның міндеттері де елдің көптен күт­кен ойын дөп басып, құлаққа жа­ғым­ды естіледі. Олардың ішіндегі не­гізгі төртеуіне тоқталсақ, бұлар – бірін­шіден, латын графикалы әліп­би негізінде қазақ тілін жаңғырту; екін­шіден, мемлекеттік тілдің қол­даныс аясын кеңейту, тіл мәдениетін арттыру; үшіншіден, мемлекеттік тілді насихаттау және оның әлеу­меттік беделін көтеру; төртіншіден, Қазақстан азаматтарының тілдік капиталын дамыту. Бұдан бөлек, құжатта жаңа әліпби негізінде қазақ тілінің салалық тер­миндік жүйесін жетілдіру, бірізден­діру және жазу нормаларын қалып­тандыру; «Қазақ тілінің ұлттық кор­пусы» мегажобасын іске асыру; қазақ тілінің білім беру сала­сындағы қызметін кеңейту; мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда қазақ тілін меңгеру деңгейін арт­тыру; мәдениет, халыққа қызмет көрсету, БАҚ және бизнес саласында қазақ тілінің қолданысын реттеу ба­ғыт­тарында жобалар іске қосыл­мақ. Мемлекеттік бағдарлама жоба­сын­да тіпті «қазақ-ағылшын қостіл­ді­лігін дамыту» жайында сөз болып отыр (орысша нұсқасында бұл «развитие казахско-английского билингвизма» деп аталған). Жасыратыны жоқ, ұлтжанды аза­маттар қияда емес, іргеде отырған Ресейдің мемлекеттік тіліне жабыса, жармаса бермеу керегін, оның тілі Қазақстанның қолдауынсыз-ақ да­ми­тынын, тәуелсіздігі қалыптасқан елге өз тілін толыққанды өркендет­пей тұрып, серіктесінің тілін ілгері­ле­туге бюджетін шығындағаны оғаш­тау тірлік екенін билікке айтудай-ақ айтып келеді. Ал ағылшын тілін қазақстан­дық­тарға үйрету – маңызды шара. Өйткені біз ағылшыншаға сүйенген жоғары технологиялар заманында өмір сүрудеміз. Демек, қазақ баласы ғылыми ең озық жаңалықтарды игеруі, соның бастау көздерінен сусындауы, ойы өрісті, білімі жан-жақты болуы үшін де дәл осы әм­бебап жаһандық тілді меңгеруі шарт. Бұл керек десеңіз, тәуелсіздігімізді нығайту үшін қажет. Мәселен, тіл жанашыры болып саналатын ағала­рымыздың бірі шетелге шыққанда, айналадағы жұртшылық ағылшын тілінде «былдырлағанда» қатты қы­сылып, өзін ыңғайсыз сезінетінін, сонда әлдеқайдан орысша сөздерді құлағы шала қалса, көңілі жадырап, ол адаммен тілдесіп қалуға тартып тұратынын мойындағаны бар. Бұл, әрине, ғасырларға созылған отар­шыл­­дықтың салдары. Ағылшын ті­лін білсе, азаматтарымыз жат жер­де көршінің тілін сарыла күтпесі сөзсіз. Қазақ тілімен қатар ағылшын ті­лін дамыту дүниежүзіндегі алдыңғы қатарлы дамыған 30 ел қатарына қосылуға да ықпал етпек. Егер жаңа бағдарлама осы күйінде қабылданып, өмірге жолдама алар болса, қазақ елінің ұзақ жылғы аң­сарлы бір арманы жүзеге асуы ық­тимал. Атап айтқанда, жаңа мембағ­дарламаның мақсатты көрсет­кіш­тері, нысаналы индикаторлары қатарында «мемлекеттік тілді белгілі бір деңгейде меңгерген тұрғын­дар­дың үлесін» келесі 2020 жылы – 91 пайызға, 2021 жылы – 92 пайызға, 2022 жылы – 93 пайызға, 2023 жылы – 94 пайызға, ал 2024 жылы 95 пайызға жеткізу көз­делуде. Бұған қоса, мемлекеттік бұқара­лық ақпарат құралдарындағы қазақ­ша контенттің үлесін арттыру қа­рас­тырылған. Нәтижесінде, бюд­жеттен қаржыландырылатын БАҚ-тардың 2020 жылы – 74 пайызы, 2021 жылы – 75 пайызы, 2022 жылы – 76 пайызы, 2023 жылы – 77 пайызы, 2024 жылы 78 пайызы қа­зақ тілінде мақала жазып, теле-радиохабарларын осы тілімізде таратуы керек. Мұның сыртында жазу кезінде латын әліпбиін пайдаланатын азаматтардың үлесі 2022 жылы – 10%, 2023 жылы – 20%, 2024 жылы 30%-ды құрайды деп күтілуде. Республикада және шетелде қазақ тілі мен әдебиетін танымал етуге және мәртебесін көтеруге бағытталған іс-шаралар саны 2020 жылы – 100, 2021 жылы – 105, 2022 жылы – 110, 2023 жылы – 115, ал 2024 жылы 120-ға жетпек. Бағдарламаны іске асыруға тек республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты ғана емес, сонымен бірге ел заңнамасында тыйым салынбаған басқа да қара­жаттар жұмсалатын болады. Қаржы­лан­дыру көлемі әр жылдағы респуб­ликалық және жергілікті бюджет­терді қалыптастыру кезінде нақты­ланатыны мәлімделді. Мәдениет және спорт министр­лігінің түсіндіруінше, бұл құжат Қа­зақстанда қалыптасқан тілдік жағдайды талдауға негізделуде. Ол тіл құрылысы және тіл саясаты мә­селелерімен айналысатын сарап­шылар қауымдастығының пікірлері мен ұсыныстарын ескеретін кө­рінеді.

– Жобаны әзірлеу кезінде ал­дыңғы бағдарламаны – «Қазақстан­да тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2019 жылдарға арналған мем­лекеттік бағдарламасын» жүзеге асыру нәтижесінде түзілген елдегі тіл­дік ахуал егжей-тегжейлі талдан­ды. 20-дан астам шетелдің мемле­кеттік тіл саясатын жүзеге асыруға қатысты мәселелерді құқықтық реттеу тәжірибесі зерделенді, – дейді ведомство. Оның сендіруінше, жаңа бағдар­ламада көзделген барлық іс-шара­лар мемлекеттік тілді «жалпы мем­лекеттік және ұлттық бірегейліктің маңызды факторы» ретінде дамыту­дың басымдығына қызмет етпек. Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін қолданыстағы заңнама, нормативтік-құқықтық база жетіл­діріледі. Негізгі бағдарламалық іс-шаралар меморгандардың страте­гиялық жоспарларына кіріктіріледі. Министрлік 2011-2019 жылдарға арналған қолданыстағы мембағ­дар­ламаның орындалу сапасын бағам­дау аясында қоғамдық пікірге жүгі­ніп, сауалнама жүргізген екен. Сон­да сұрақтарға жауап берген азамат­тардың 45,3 пайызы «сараб­дал, ойластырылған, ұлттық кел­і­сім­ді қалыптастыратын дұрыс саясат жүргізілуде» деп бағаласа, үштен бір бөлігіндейі – 28,6 пайызы «барлығы дұрыс айтады, бірақ сөз­дері мен іс-әрекеттерінің арасында сәйкессіздік бар» деп есептейтінін айтқан. Респонденттердің 13 пайызы «қа­зақ тілін саналы түрде қолдау, басқа тілдерді елемеу және оларға қысым көрсету жүруде» деп санайды, ал 8,2 пайызы керісінше, билік «тұрақ­ты­­лықты сақтау мақсатында қазақ тілінің мүддесін аяққа таптауда» деп сынаған. Бұларға сауалнамаға қа­тысушылардың тағы 2,9% пайызы қосылады. Олардың да жүргізіліп жатқан тіл саясатына көңілдері толмайды. Жаңа бағдарлама жобасында айтылғандай, қазіргі кезде қа­зақ­стан­дықтар келесідей болып жік­теледі: қазақтілділер; қазақ-орыс қостілділер; орыстілділер; қазақ-орыс-ағылшын үштілділер. Сонымен, министрліктің байла­мын­ша, қазіргі тілдік жағдай ке­лесідей сипатта: біріншіден, қазақ тілінде сөйлейтіндердің саны артып келеді. Ресми мәліметтерде анық­талғандай, Қазақстандағы түркі­тілдес халықтардың ішінде өзбек­тердің 95,5 пайызы, ұйғырлардың 93,7 пайызы, қырғыздардың 92,7 пайызы қазақ тілінде сөйлей алады. Ал 12 пайызы тілімізді тіпті сауатты оқып, жаза алатындай жоғары деңгейде меңгерген. Славян диаспоралары ішінде орыстардың небәрі 25 пайызы, украин­дардың 21,05 пайызы, белорус­тардың 19 пайызы ауызекі қазақ тілін түсінеді. Бұдан бөлек, поляктардың 20,9 пайызы, неміс этностарының 24 пайызы да тілді осы деңгейде ғана меңгерген. Осы аталған этностар ішінде қазақша сауаттылары, яғни мемлекеттік тілде оқып, жаза білетіндерінің үлесі бар-жоғы – 2,9%! Қалғаны тілімізді біл­мейді, білуге де ұмтылмайды. «Бұл мемлекеттік тілді қолдану сапасын арттыруды талап етеді» деген нық байлам жасалады бағдарламада. Дегенмен, екіншіден, Қазақстан­да қазақтар санының өсуі тілдің лайықты тұғырына қонуына ықпал етуде. «Халқымыздың 95 пайызы мемлекеттік тілді меңгереді» деген нысаналы меже де негізінен, осыған иек артады. «Мемлекеттік тілдің демография­лық базасының күшеюі қоғамдық санадағы сапалы өзгерістерге әкелді. Этносаралық қарым-қатынас сала­сында да, ресми коммуникацияда да мемлекеттік тілдің қолданыс аясы кеңеюде», – дейді министрлік. 2009 жылғы халық санағы мәлі­меттері бойынша жалпы алғанда, қазақстандықтардың 74 пайызы – қазақ тілін ауызша түсінетіні, соның ішінде 64,8 пайызы – еркін оқи­тыны, 62 пайызы еркін жазатыны белгілі болды. Бір қызығы сол, 2018 жылғы соң­ғы әлеуметтік зерттеулер кезінде орыс диаспорасы өкілдерінің 2,7 пайызы және өзге этнос өкіл­дерінің 9,4 пайызы қазақ тілін «ана тілі» ретінде көрсеткені анықтап отыр. 2020 жылы өтетін келесі жал­пыұлттық санақ та елең еткізерлік жаңалықтар әкеледі деген үміт бар. «Қоғамдық пікір» зерттеу инсти­тутының мәліметінше, 2017 жылы мемлекеттік тілді меңгерген аза­маттар үлесі 83,1%-ды, 2018 жылы – 85,9%-ды құраған. Ал орыс тілін меңгерген халықтың үлесі – 92,3%. Сарапшылар ең бастысы, мемле­кеттік тілге деген қажеттілікті ту­дыру керегіне екпін түсіреді. Мәселен, осы мәліметке сәйкес, екі жыл ішінде мемлекеттік тілді мең­гер­гендердің үлесі небәрі 2,8%-ға ғана ұлғайған. Салыстыру үшін айт­сақ, шет тілдерін білетін маман­дардың мемлекеттік қызметте де, ұлт­тық компанияларда да, жеке сек­торда да жоғары бағаланып, қо­мақтырақ жалақы алатынын түсін­ген қоғамымыз ағылшын тілін бел­сенді игере бастады. Бұған «тіл­дің үштұғырлылығы» аталған білім саясаты да түрткі болды. Осылайша, егер 1991 жылы ағылшын тілін игер­ген қазақстандықтар үлесі 2% ғана болса, бүгінде олардың үлесі 25,1%-ға дейін жеткен. Қазіргі кезде қоғамдық талқылауға шығарылып, жан-жақты пысықта­лып жатқан «Мемлекеттік тіл және Қазақстан халқының тілдері» мем­лекеттік бағдарламасы алда қазақ тілін қорғау, ілгерілету, насихаттау, этносаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру, сыртқы әсерге қарсы тұру иммунитетін күшейту секілді сан-салалы жұмысқа серпін берсе жөн. Мемлекеттік тілді түлетпесек, ел бірлігі бүлінеді. Тиісінше, мемле­кет­тік тілдің тұғырын көтерсек, тәуел­сіздігіміз бен тұрақтылығымыз да нығая бермек.


Толығырақ: https://aikyn.kz/society/libra/3317-tekt%D1%96/