Оқыту орталықтарының оқытушылары мен ересек тұрғындарды оқыту курстары өтуде

Оқыту орталықтарының оқытушылары мен ересек тұрғындарды оқыту курстары өтуде

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін тіл оқыту орталықтарының тренерлерін (оқытушыларын) оқытатын курс, семинар, дәрістің IІ легі басталды. Оқыту орталықтарының оқытушылары мен ересек тұрғындарды оқыту үшін филологтар мен лингвист ғалымдар семинарлар мен дәрістер, курстар өткізуде.

Латынграфикалы жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережелерін меңгертетін тренерлер курсы мен семинар, дәріс сабақтарының мақсаты мен мазмұны жаңа қазақ жазуының графикасы мен емле ережелерінің нормаларын жалпы көпшілікке, Орталық атқару органдары және ұлттық компаниялардың тілші-әдіскерлеріне, республикалық тіл орталықтары, облыстық тіл басқармалары әдіскерлеріне, қызметкерлеріне, тіл мамандарына меңгерту. Латыннегізді жаңа қазақ жазуының әліпбиі мен емле ережелерінің құрылымын, жаңалықтарын, емле нормаларының ғылыми негіздерін меңгерген, ересек аудиторияға оқытып, түсіндіре алатын білікті тренерлер дайындау.

Осы ретте жаңа қазақ әліпбиі мен емле ережелерін меңгертетін тренерлер курсы мен семинар, дәріс сабақтарының бағдарламасы, жұмыс жоспары жасалып, мақсаты мен мазмұны айқындалды.

Бағдарлама 72 сағатты құрайды (оның12 сағаты – тренерлердің өздік жұмысы (ары қарай-ТӨЖ) түрінде жүргізіледі):

  • 8, 16, 24-тақырыптан кейін диктант жазылады;
  • 8, 11, 13, 17, 20, 25-тақырыптан кейін тренерлердің өздік жұмыстары қабылданады;
  • 12-тақырыптан кейін тыңдаушылардың оқу машығы мен оқу жылдамдығы тексеріледі;
  • 19-тақырыптан кейін жаңа қазақ емлесі бойынша компьютер пернетақтасында қолдағды мен жылдамдық тексеріледі;
  • 29-тақырыптан кейін қорытынды бақылау тест өткізіледі. Бақылау, тест, диктант, ТӨЖ-ден жоғары ұпай алғандарға сертификат беріледі, ал төмен ұпай алған тыңдаушылар курстан қайта өтеді не тыңдағаны туралы анықтама беріледі.

Бұл шара жаңа емлені үйрету бағытындағы оқу-әдістемелік жұмыстарын ұйымдастыруды бағамдайды. Мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының ересектерге латын әліпбиін үйрету кезінде олардың жеке мүмкіндіктерін дамыту, білімін толықтыру, алған білімін кәсіби қызметінде қолдануына көмектесу тұрғысындағы оқу үдерісін ұйымдастыру қызметі жүйеленеді. Сонымен қатар жаңа емле ережелерін үйрету барысында инновациялық педагогикалық технологияларды қолдану әдіс-тәсілдерінің ғылыми-iзденушiлiк және оқу-әдiстемелiк қағидалары біріздендіріледі.

Жаңа графикамен жазылған жазба тіліміздің жүйесін, емле нормаларының ғылыми негізін түсінген, таныған және оны өзгеге түсіндіре алатын республика көлемінде білікті мамандар даярлаудың маңызы өте зор.