​«C» дәруменін қалай жазамыз?

​«C» дәруменін қалай жазамыз?

Бұдан бұрын осы тақырып төңірегінде «Жаңа әліпбиге «с» әрпі не үшін керек? (немесе Роман-герман тілдерінен енген сөздерді қалай қабылдаймыз?)» деп аталатын мақаламыз БАҚ бетінде жарық көрген болатын. Сөздің шыны керек, латын қарпіне көшіп бара жатқан жолда тұрқы жазу-сызуға таптырмас, жазба тіл тарихында тамырын тереңге тартқан «с» әрпін жоғалтып алғанымызға сене алар емеспіз.

Дені бүтін латын әліпбилерінің барлығы дерлік ABC-ден басталса, тіпті «ABC» дегеннің өзі «әліпби» деген мағынаны білдірсе, білімпаздар қауымымыз тест сұрақтарының жауабын осы a, b, c-ден таңдауға дағдыланып кеткен болса, сол үш әріптің бірін өз әліпбиімізге енгізбей қалдырып, латын қаріпті ғаламның «мызғымас үштігін» бұзып үлгерген тәріздіміз.

Енді міне, «CD-ді не деп жазамыз?», «BBC, CNN-ді не деп жаза­мыз?», «C дәруменін не деп жазамыз?» деген тәрізді сұрақтар маза берер емес. Ары ойланып, бері ойланып толғанғанда қандай қиын сұрақтың болмасын, уақыт өте келе бір шешімі белең бере бастаған болар еді. Бірақ мына сұрақтардың жауабына келгенде кәдімгідей тығырыққа тіреліп, қозғала алмай отырған жайымыз бар.

Қабылданған латыннегізді әліпбимен емле-ережелерімізді жасау барысында әліпби құрамында «с» әрпінің жоқтығына қарамастан, Coca-Cola, Canon, Colgate, Microsoft деген тәрізді халықаралық бренд атауларды сол қалпында қабылдау жөнінде шешім қабылдадық. Бірақ бұл қаншалықты дұрыс шешім болды? Мәселе бренд, логоға ғана қатысты болса, шешім дұрыс болуы мүмкін. Себебі бренд, лого дегендер сол компанияның жеке мөрі іспетті. Бірақ іс онымен бітпейді.

Жалпы өзге тілдерден өзгеріссіз сол қалпында көшіріп алу басқа тілдердің тәжірибесінде кездеседі, бірақ ол басқа амал қалмаған, аса мұқтаждық жағдайында ғана орын алып жатады. Адамзат баласының тарихында қандай болмасын реформа жасалса, ол бұрынғыны жақсарту үшін жасалатыны белгілі. Біз ә дегеннен тығырыққа тірелетін болсақ, бұл жағдайымыз бұрынғыны жақсартуға емес, керісінше мүйіз сұрап барып, құлақтан айрылғанға көбірек ұқсайтын тәрізді.

Ең қызығы, жаңа латын әліпбиімен емле-ережелерді жасау барысында Орфографиялық жұмыс тобында отырған кей ғалымдарымыз CD деген қысқарған сөзді SD деп жазайық деп ұсынды, сол шарасыздықтан, әрине. Бұл шарасыздық амалымыз бәрібір түкке жарамайтыны түсінікті де. Себебі CD ағылшын тілінде Compact Disc, Сertificate of Deposit, Cross Dresser, т.б. ұғымдарды береді, ал оны SD деп жазсаңыз, ол South Dakota, Stylistic Device, Secure Digital Memory Card деген тәрізді мүлдем басқа ұғымдарды білдіретін қысқарған сөздерге айналып кетеді. Сол сияқты басқа да қысқарған сөздерді мысалға алып көрсеңіз, осындай «картина» көресіз. BBC (British Broadcasting Corporation), CNN (Cable News Network), CCTV (Closed Circuit Television) деген спутникті телеарналар атауындағы «с» әріптерін «s»-пен ауыстырып шықсаңыз, ғаламтор BBS – Bulletin Board System, SSTV – Slow-scan television, SNN – Simulated Neural Network, Static Neural Network, Spiking Neural Network, Suncoast News Network, Showbiz News Ngayon, Shobiz Newsy News, Sun News Network, Sarimanok News Network деген тәрізді толып жатқан басқа ақпарат көздерін көр­сетеді. Басқаша айтқанда, латын қаріпті әлемде олардың әрқай­сы­сы­ның дербес мағыналары бар екені айтпаса да түсінікті. Демек, «с» әрпін «s» әрпімен ауыстыра қоямыз дегеніміз – бос әурешілік болып шықты.

Ендігі қалған амал – жоғарыда айтылып кеткен, сол қалпында алу –қажеттілік жағдайында (негізінен) онимдерді тілден тілге көшіру барысында қолданылатын плантация (қондыру – Н.Р.) деп аталатын тәсіл. Бірақ осы тұста тағы баса ескерте кететін жайт, бұл – ең бір тілбұзар сорақы амалдардың бірі. Ағылшын тілі өзінің бүгінгі күнгі көріп отырғанын оқи алмайтын, естіп тұрғанын жаза алмайтын «кәріп» кейпін өз әліпбиінде әріп санының жеткіліксіздігі салдарынан басқалардан сол қалпында көшіріп алмасқа амалы қалмаған «ақкөңілдігінен» тауып отыр.

Демек, бұған да жол беріп отыра беруге болмайды. Себебі сол қалпында алуға болатын лексика CD, BBC, UNESCO-мен шектелмейді. «Шекара ашылған» соң олар толассыз топ-тобы, лег-легімен ағылады. Енді не істемек керек? Әзірге біз мәселенің бір шешімін көріп тұрған тәріздіміз. Тым құрығында әліпбиде жоқ таңбалармен жазудың шырқын бұзбау үшін, латын қарпіндегі ең жиі қолданыстағы әріптерді әліпбиге енгізіп алу керек. Әліпбиде әріп саны аз болған сайын жазу жақсы болады деген ой – өте жаңсақ пікір. Керісінше, әріп аз болған сайын, жазу қиындай түседі (Бұл тұжырымға шексіз мысалдармен дәлелдер келтіре аламыз). Осы тұрғыдан, біздің жағдаймызда «с» әрпін «ц» орнына әліпбиге қайтарып алуға болады деп ойлаймыз. Бәрібір «ц»-ны ешкім қолданыстан мүлдем алып тастай алмайды. Қай ғылым саласын алып қарасаңыз да, бір ғана медицинаны алсаңыз да сыртта қалып кеткен «ц»-ның жиілігі, ішке кіріп алған «ч»-ны бірнеше рет орап ала алады. Оны да («ц»-ны) шығаруын шығарып тастап, енді «былай жазайық, былай жазайық» деп жолдар қарастырып әлек болып жатқан жайымыз және бар.

Ал «С дәруменін қалай жазамыз?» деген жоғарыда мақала тақырыбында көтерген сұрағымыздың жауабына келсек, оны да S dárýmenі деп жаза сала алмайды екенбіз, себебі S (эс) дәрумені деген бұдан бөлек тағы дәрумен бар екен. Бәрібір оны «С дәрумені» деп жазудан басқа жол жоқ екен, ендеше жоқ әріппен емес, біреудің әрпімен емес, бар әріппен, өз әрпімізбен жазылсын. Өз әрпіміз «ц»-ны білдіріп тұрса да, жоқтан жақсы.