«Үздік қызметкер» байқауы өтті

«Үздік қызметкер» байқауы өтті

Бүгін Қазақ Ұлттық Өнер университеті ғимаратының «Жамбыл» залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен құқық қорғау органдары арасында «Үздік қызметкер» республикалық байқауы өтті.

Шараның негізгі мақсаты құқық қорғау органдары арасындағы мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік тілде сөйлеу мәнері мен шеберліктерін шыңдау, оны оқып үйренуге және қызметте қолдануға деген қызығушылықты арттыру, сондай-ақ патриоттық тәрбиені жандандыру.

Байқауға – ҚР Бас прокуратура, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ҚР Мемлекеттік күзет қызметі және ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсіп министрлігі өкілдерінен құрылған 4 команда қатысты.

Байқау ережесіне сай қатысушылар екі кезеңнен тұратын тапсырма орындады: бірінші кезең – таныстыру және бейнебаян, екінші кезең - «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» тақырыбындағы жағдаяттық сахналандырылған көрініс.

Байқау жұмысын Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы, Қоғамдық даму министрлігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілдері мен ғалымдардан тұратын арнайы қазылар алқасы бағалады.

Шара қорытындысы бойынша бас жүлдені ҚР Мемлекеттік күзеті еншілесе, І орынды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті жеңіп алды. ІІ орын ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бұйырды. ІІІ орынды ҚР Бас прокурастурасы иеленді. Жеңімпаздар диплом, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.