Мағжан дегенде жаны бөлек
Әзірбайжанның Халық ақыны, танымал аудармашы, шығармалары әлем елдеріне кең тараған Мамед Исмаилдың дүниеге келуінің өзі бір қызық әңгіме.
Әкесі Муршуд жігіт шағында әділдікті жақтаймын деп, білместіктен бес жылға сотталып, темір торға түседі. Кейін бостандыққа шығып, ауылдағы күйеуден қайтып келген ең сүйкімді қызға үйленгісі келетінін айтып хат жазады. Әдемі әйелдің алғашқы жұбайымен араларында бала болмай, ажырасып кеткен шағы екен. Өз сыры өзіне мәлім болғандықтан, ол жігіттің хатына жауап бермейді. Бір күні көшеде келе жатқанда болашақ жары алдынан кездесе кетіп, жолын бөгеп тұра қалады. Үн қатпау себебін сұрап, тап сол арада бір шешімге келмесе, ешқайда жібермейтінін айтады. Сонда көзі жасаураған ару «Ағатай-ау, сіз менің жеміс бермейтін ағаш екенімді білмеуші ме едіңіз, сіздей азаматқа өмірлік серік болуға жарамаймын» деп төмен қарайды. Муршуд мырза оған ерекше мейіріммен қарап «Егер Құдай шын қалайтын болса, жеміссіз ағаш та түйін салады, қалқам. Бәрі бір Алланың қолында» деп ақыры келісімін алады. Сөйтіп, арада тоғыз ай өткенде, яғни 1939 жылы 1 қарашада дүниеге шекесі торсықтай ұл келіп, бақытты шаңырақтың қуанышы еселене түседі. Алайда бала Мамед аяғынан қаз тұрып, алғашқы қадамдарын енді жасай бастаған уақытта Екінші дүниежүзілік соғыс басталып, әкесі қан майданға аттанып кете барады.
– Теміржол вокзалында әкемді шығарып салып тұрғанда анамның қолында ұйықтап кетіппін. Әкем мені оятып, соңғы рет тілдескісі келеді. «Балам, көзіңді аш, бұл мүмкін біздің соңғы көрісуіміз» деп әрі-бері жұлмалап көреді, бірақ мен сол тәтті ұйықтаған қалпымда жата беріппін. Өкінішке қарай, мұның бірі де менің есімде жоқ. Бойымда әкемнің қаны тулап, есімін алып жүргенім болмаса, басқа ештеңе жадымда қалмапты. Тіпті сағынғанда қарап, шерімді тарқататын суреті де сақталмаған. Жесір қалған анам жалғыз өзі мені аялап жүріп, ержеткізді. Мені қанқұйлы соғыстан, алапат аштықтан, көз аштырмаған жоқшылықтан үш ана аман алып қалды десем, сенесіздер ме? Шын мәнінде, солай. Әкем майданға кеткеннен кейін біз бұрын ара өсірілген лашықта өмір сүрдік. Кішкентай ғана терезеден күндіз – күн, түнде – ай сәулесі түсетін. Аспандағы қос шыраққа қарап, ұзақ армандарға берілетінмін. Аспан әлеміне саяхат жасап, жұлдыздармен сырласумен ұзақ таңды атырамын. Кейін анама колхоз жалғыз ғана жабайы алма ағаш өсіп тұрған азын-аулақ жер бөліп берді. Анам бірде талдың астын тазалап жатып, қар астынан сап-сары алма тауып алды. Орамалының шетімен сүртіп-сүртіп жіберіп, маған «дәмін көрші» деп ұсынды. Бір тістеп көріп едім, балдан да керемет тәтті болып сезілді. Анам да ауыз тиіп, келер күзден бастап алмасын жинап, қысқа сақтауға жарайтынын айтып, балаша мәз болды. Бір түп алма бізді аштан өлтірмеді. Содан арада біраз уақыт өткенде анам отарынан адасып қалған қозыны үйге алып келіпті. Иесін әрі-бері іздестіргенімен, айдаладан ешкімді кезіктірмеген. Маған қарап ««Сен үнемі менің не інім жоқ, не қарындасым жоқ» деп айтып жүрсің. Ендеше саған бауыр осы қозы болсын, ал да бақ» деді. Сонымен кішкентай қозы уақыт өте келе, құт дарыған қойға айналды. Жыл сайын егіз қозыдан төлдеп, сүт пен айранға қарық болдық. Бірте-бірте біздің кішкентай ауламызда кішігірім қой қора салынды. Осылайша анамның колхоздан алатын еңбекақысы, азын-аулақ қойларымыз және жабайы алма ағашы қиын күндерде бізді еш тарықтырмады. Менің үш анам бар дейтін сөзімнің астары – осында жатыр, – дейді ақын өткен күндерге көз жіберіп.
Соңғы хат
Бір күні мектептен қайтып келе жатқан бала Мамед сыныптастарымен төбелесіп қалады. Біреуін ұрып жығып, екіншісіне тап бергенде «сен аурусың, сенімен төбелесе алмаймын» деп кері шегінеді. «Мені саған ауру деп кім айтты?» деп жұдырығын ала жүгіріп, одан сайын өршелене түседі. Сонда әлгі қарсыласы «Ауру болмасаң, не үшін тұмар тағып жүресің» деп лақ еткізгенде, не айтарын білмей тосылып қалады.
– Анам көйлегімнің кеуде тұсына үнемі тұмар қадап отыратын. Оған ешқашан мән бермейтінмін. Сыныптасым соны меңзегенде не айтарымды білмей, абдырап тұрып қалдым. Кешкісін анам колхоз жұмысынан келгенде көз жасымды көлдетіп алдынан шықтым. «Тап қазір мына тұмарды алып таста» деп қиғылыққа салып жатырмын. Шешем байғұс алғашқыда ыңғай танытпады, бірақ менің ебіл-дебіл түрімді көріп, амалсыз қолына қайшы алды. Тұмарды кескілеп, ішіндегі арабша жазуды шығарып, «оқы» деді. Молданың не жазғанын қайдан білем? «Бізге мектепте араб тілін үйретпейді» деймін тұмардан құтылғаныма қуанып. Сөйтсем, ол әкемнің ұрыс даласынан жазған соңғы амандық хаты екен. Анам мені әруағы қолдап, қорғап жүрсін деп жүрек тұсымда сақтап жүріпті, – дейді ақын. Оның есінде қалған естеліктер бұл ғана емес. «Күндердің күнінде бетіне қарап отырған қойымыз ауырып қалды» дейді ары қарай әңгімесін жалғастырып.
– Көрші ағай «арам өлмесін» деп сойып беріп кетті. Анам жұмыста еді, естігенде тірі адамнан айрылғаннан бетер «бізді кімге тастап кеттің?» деп жоқтау айтып, ұзақ жылады. Екеуміз адал еттің бір түйірін аузымызға сала алмадық, дәтіміз бармады. Осы оқиғадан кейін арада біраз уақыт өткен. Бір күні түнде анам екеуміз оқыс дауыстан шошып ояндық. Аулаға жүгіріп шықсақ, қатты дауылдан, әлде жемісінің ауырлығынан ба, алма ағашымыз екіге бөлініп жерге құлап түсіпті. Сол жылы қыс қатты болады деп болжанған еді. Үйде жағарға отын болмай, әбден қиналдық. Шешеме «Қарап отырып үсіп өлеміз бе? Ең болмаса бұтақтарын кесіп, пешке салайық» деп қанша айтсам да, еш көндіре алмадым. Көктем келгенде жерді терең қазып, ағашты көміп тастады. Бұл жер бетіндегі мен көрген ең ұзын «зират» еді. Анам үйге кірген соң «Қойымыз өлді, алма ағашымыз құлады, ендігі кезек менікі» деп күрсінді. Қиын-қыстау күндері бізді асыраған ағаш пен қойды адамнан артық қадірлеген менің дүниедегі ең сұлу анамның айтқаны айдай келді. Мені жер бетінде жалғыз шоқитып тастап, ол да мәңгілікке бет түзеді. Мен қазір олардың көзін сақтап жүрген ескі көз сияқтымын. Қайда жүрсем де үш анам естен кетпейді, қайда барсам да айналшықтап қасымда жүреді, – дейді Мамед Исмаил.
Бұл оқиғалар қарымды қаламгер шығармашылығында да жиі көрініс табады. Ол үнемі балалық шағы мен өскен ауылындағы ұмытылмас шақтарды әр қырынан суреттеп, жүрек түкпіріндегі сырларын мөлдіретіп жайып салады. Атақты орыс ақыны Евгений Евтушенко да біздің бұл сөзімізді растай түседі. «Мамед Исмаилдың поэмасында ана образы, алма ағашы және қой түлігі үнемі кездеседі. Оның өлеңдерінде қиялдан алынған кейіпкерлер жоқ, барлығы өмірдің боямасыз өз көріністері. Көп туындылары жетім жүректің көз жасымен суарылған, әкеге деген бала махаббат пен анасына деген шексіз құрметтен құралады» деп жазады. Әзербайжан халық жазушысы Анар Рзаев «Мамед соғыс жылдары дүниеге келген, жоқшылықтың зардабын тартқан, жетімдіктің таяғы сүйегінен өтіп, жанына батқан ұрпақтың бірі. Сондықтан әлеуметтік қиындықтарға жиі тоқталып, адам жанына үңілуге тырысады. Шығармалары шынайылығымен құнды» деп толықтырады.
Қалыпқа сыймайтын ақын
Мамед Исмаил 1964 жылы Бакудегі Әзірбайжан мемлекеттік университетін, 1975 жылы КСРО Жазушылар одағы жанындағы екі жылдық жоғары әдеби курсты тәмамдайды. Ақиық ақын Мұқағалимен бірге оқығанын мақтан етеді. Әлі күнге қазақ ақынының орыс, түрік тіліне аударылған өлеңдерін қолдан түсірмейтінін айтады. «Бірде ұстазымыз Александр Межиров лекция оқып тұрып, Мұқағалидың өлеңдерін талқылады. Көреген тұлғаның «Оның өлеңдері ізгілікке толы, Мұқағали – қалыпқа сыймайтын ақын» деп айтқанын әлі күнге ұмытқан емеспін. Шын мәнінде, ол ешкімді қайталамайтын бірегей ақын» дейді.
Мамед Исмаил жалпы қазақ поэзиясы мен прозасын үнемі қадағалап отыруды әдетке айналдырыпты. Хакім Абайдың өлеңдерімен жақсы таныс. Мағжан десе ішкен асын жерге қояды. Классик ақын Олжас Сүлейменовтің айнымас досы. Замандасының бірнеше кітабын әзербайжан тіліне тәржімалаған. «Олжекеңді түркі дүниесін әлемдік деңгейге көтергені үшін аса құрметтеймін. Отанына адал азамат, Кеңес Одағы тұсында «Азия» кітабы арқылы батыл пікірін айта білген қайраткер ретінде жоғары бағалаймын» дейді ерекше ілтипатпен.
Түркі әдебиетін танытты
Мамед Исмаил өлең жазып қана қоймай, ұзақ жыл БАҚ саласында басшылық міндет атқарып, қандай қызметте болмасын, қоғамдық сананы сілкінтуге күш салды. Әсіресе жастар арасында ұлттық құндылықтарды қорғап, азаттық рухын оятуға түрткі болды. Тоталитарлық жүйенің қысымына қарамай, тіл, діл, латын қарпі туралы тақырыптарды тайсалмай көтерді. Тоқсаныншы жылдардың ортасына қарай Түркияға қоныс аударып, 18 наурыз атындағы Чанаккале мемлекеттік университетінде дәріс беруге кірісті.
14 жасында өлең өлкесіне қадам басқан ақынның алғашқы өлеңдер жинағы 25 жасында «Анамның қолы» деген атпен жарық көрді. Қырықтан астам кітабы Әзірбайжан, АҚШ, Франция, Германия, Жапония, Испания, Италия, Румыния, Венгрия, Молдова, Косово, Польша, Чехия, Сирия, Вьетнам, Қазақстан және басқа елдерде басылып, 50-ден аса тілге аударылды. Ресей оқырмандары арасында да жоғары беделге ие. Юрий Кузнецов, Александр Кушнер және Михаил Синельников жинақтарын аударып, кең таратты. Михаил Синельников «Оның поэзиясы кейіпкерінің әдемілігі мен кәсіби шеберлігінің жоғарылығымен ғана емес, ерік-жігерінің мықтылығымен және қоғамды ұйытып әкететін рухымен мықты. Шығармалары Еуразияның барлық аймағына тарады. Жетімдіктің зардабын әбден тартса да, өмір жолында мойымай, әлемдік мәдениетке көтерілді» дейді.
– Егер өлеңдерім орыс тіліне нашар аударылса, ешкімнің де қызығушылығын тудырмас еді. Аударма ісі оңай шаруа емес, ал Мәскеуде кітап шығару одан қиын. 1980 жылдары бір кітабымды әне-міне шығады деп күтіп отырғанымда, аудармасының нашарлығы үшін жоспардан алып тастаған. Дегенмен, мен аудармашыдан жолы болған адаммын. Өлеңдерімнің оқырманға жетуіне сол кісілердің еңбегі зор» дейді ол. Сондай-ақ «Өлеңде басты мәселе форма қуалау емес. Бастысы, өлең жақсы болуы керек және өн бойынан ашық жүрегің мен өрнекті ойларың көрініп тұруы тиіс. Қазіргі сәтте халықтың мұндай өлеңге деген қызығушылығы аз болып тұрса, оған бас ауыртудың қажеті шамалы. Уақыты келгенде оқырманның махаббаты қайта оянып, жаңа күшке ие болатыны анық. Өйткені өлеңге деген махаббат – Аллаға деген махаббат! – деп ағынан жарылады кейіпкеріміз.
Мамед ақын – бүгінгі таңда Мәскеудегі «Әдеби танысу», Түркиядағы «Кардеш калемлер» журналының тұрақты авторы. Түркиядағы Жазушылар мен публицистердің халықаралық қауымдастығының төрағасы, Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. Түркия Жазушылар одағы жылына бір ақынға «Мамед Исмаил атындағы әдеби сыйлық» тапсырып отырады. «Алтын қалам» және Н.Островский атындағы бүкілодақтық және «Түркі әлеміне сіңірген еңбегі үшін» сыйлықтарының иегері. Румынияда «Михай Эминеску» атындағы және Мәскеуде С.Есенин атындағы алтын медальмен марапатталған.
Әзірбайжан халық ақыны Бахтияр Вахабзаде «Оның өлеңдерінің жүрекке жақын болып келетіні, оқыған адамға жігер сыйлайтындығында жатса керек. Сөз тіркестерін балталасаң бұза алмайсың» деген пікір білдіріпті. Әзірбайжанның бұрынғы президенті Әбілфаз Елшібей болса «Ақындығымен, ғалымдығымен, еңбекқорлығымен алдына жан салмайтын ақын» деп қауырсын қалам иесіне ерекше құрмет көрсеткен.
ТҮЙІН: Александр Блок «ақында мансап жоқ, тек тағдыр бар» деп айтқандай, өмірімдегі әрбір кезең Құдайдың қалауымен болған іс. Ешқашан ізденуді тоқтатқан емеспін. Кейде менен «қазіргі оқыған өлеңіңді бұрын жазған боларсың, шыныңды айтшы» деп қолқалап сұрап жатады. Бұрын мұндай өлең қайдан жазылсын деймін. Бұл кемелденіп, өмір туралы екшеген ойларымның жемісі ғой. Қаншама қиындық, әділетсіздік көрсем де жүрегімнің қатайып кетпегені үшін әлі де жырлай білетініме қуанамын. Қайда жүрсем де бір Құдай жебеді, қолдады. Еркін жүріп-тұратын адаммын, ал поэзия еркіндікті сүйеді. Адамдар адамгершілігінен айырылмаса, соғыс өрті тұтанбаса, табиғат ластанбаса, халық бөлінбесе, әркім өмірді кіршіксіз сүйсе, өмір олардың да маңдайынан сипаса деп жиі армандаймын, – дейді келесі жылы сексеннің сеңгіріне шығатын ақын.