Тіл - мәдениеттің алтын өзегі

Тіл - мәдениеттің алтын өзегі

Қазақтың қай ертегі, аңызында да көп қайталанатын бір мотив бар. Жер ортасында бір кейуана отырады. Неге отырғанын білмекке жанына жақындасаңыз, дүниеге қауіп төніп, қақ айрылған жер ортасын жамап қоймақ екен… Осы бір желіні кім қалай түсіндіріп бере алады? Қазақтың дүниетанымында әйел-ана-әже рөлі сол ғой: айырылғанды табыстырып, жыртықты жамап, берекені бүтіндеу… Ертегі-аңызда жиі кездесетін осы бір желіде күллі қазақ әйелінің тағдыр-таланы тұрғандай. Әрине, өзімізге, қазаққа ғана түсінікті, қазаққа ғана аяулы осы бір дүниетанымды өзге жұрт қалай қабылдап, түсінеді, ол жағын ойландық па? Тіл үйретуде ұлттың тілін ғана емес, дүниетанымын, аңызын, әңгімесін, тұрақты сөз тіркесін жүйелеп, талдап, түсіндіріп берер әдістеме қаншалықты маңызды? Мұны ойлап, ойлап қана емес, зерттеп, зерделеп қойған да жаңа ғылым саласы, жаңа бір пән бар. Ол ғылым саласының атын білгенімізбен, затын жақсылап тани алдық па деген ой келеді.

Біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегіне ай­налмақ кітап – «Лингвомәдениеттану негіз­дері» деп аталады. Авто­ры – педагогика ғы­лымдарының докторы, профес­сор Әси­пат Әлметова. Жиырма баспа та­бақ­қа жуық кітапта жаңа ғылым саласының пән ретін­дегі мәртебесін ай­қын­дау мәселелері, лингвомә­де­ниет­та­нудың негізгі категориялары, мәдени концеп­тілер жайы терең тал­дан­ған. Әсіресе, қазақ тілін үйретуде шә­кірт­­­тердің құзы­рет­тілік қалып­тастыру мәселелеріне ке­ңінен тоқ­талған. Теориялық сипатта­ма­лар көркем шы­ғар­малар мысал­дарымен жан-жақты талдан­ғандық­тан, кітаптың мазмұны ашы­ла түс­кен. Әр тарау соңында тақырыпқа қатысты сауалдар оқырманды білімін қайталауына, сол арқылы ғылымның осы бір саласындағы күрделі тақырыптарға бойлай түсуіне мүмкіндік береді. «Оқыту объектісі мәдениет болса, оқыту материалы тілден емес, мәдениеттен баста­луы тиіс» дейді автор. Ендеше, бүгінгі таңда қазақ тілін оқыту әдістемесінде ұлттың ті­ліне, діліне, мәдениетіне қаншалықты көңіл аударып жүрміз? Тіл – байланыс пен таным құралы ғана емес, ұлттың мәдени коды деген түсінікті қолдасақ, тілді үйретуде осы мәселелерді қаншалықты қаперге алып жүргенімізге бір үңіліп қойғанның да артық­тығы жоқ-ау! Иә, тілді мәдениеттің бір бөлігі ретінде қарау керек. Себебі, бұл тіл үйретудің негізгі бір жаңа сатысы. Біздің сөз – оқырман сөзі. Оқырман пікірі маңызды дегені­міз­бен де, оқулық жайын сол сала ғылымының маман­да­рынан сұрап-білген де жөн ғой деген мақсатпен, осы саланың майын ішіп, ықпыл-жықпылын бір кісідей-ақ білетін ұстаз-ғалымдардан сөз сұраған едік…

Райгүл Рахметова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

– Әсипат Әлметованың «Лингвомә­де­ниеттану негіздері» кітабы – ЖОО студент­теріне арналған оқулық. Біріншіден, автор лингвомәдениеттану деген ғылым саласы қалай пайда болды, оны зерт­т­еген кімдер, қандай ғалымдардың ой-тұжырымдары бар, лингвомәдениеттану мәселесі қай қы­рынан зерттелді деген мәселені жан-жақты талдау жасайды. Оған қоса, ғалым өзінің ой-пі­кір­лерін де тұжырымдап беріп отырады. Екіншіден, лингво­мәдениеттанудың негізгі өзегі – тіл мен мәдениет; діл мен мәдениет деген ұғымдарды басты назарда ұстаған. Әсіресе, тіл мен мәдениеттің өзара тығыз байланыстылығын қазақ тілінің материалдары негізінде жан-жақты дәйектеп көрсеткен. Автор «Адамның ғасырлар бойы жинаған рухани құндылығы, мәдениеті тілі арқылы көрініс табады. Тіл арқылы бұл дүниетаным ұрпақтан-ұрпаққа жетеді» деген тұжырымды қазақ тілінің мысалдары негізінде жан-жақты талдап береді. Үшіншіден, діл мен мәдениеттің байланысына да терең үңіледі. «Әрбір ұлттың менталитеті оның мәдениетіне қалай әсер етеді?» деген сұрақты Әсипат Сауытбекқызы осы еңбегінде басқа халықтың мәдениетімен сабақтастыра зерделеген. Мысалы, ағылшын, орыс халықтарының ділімен қазақ халқының менталитетін салыстыру арқылы тұжырымдар жасайды. Бұл мәселелерді нақты мысалдар арқылы дәйектеп береді. Төртіншіден, кітапта оқушының құзыреттілігін қалыптастыруға кең тоқталған. Қазіргі кезде әдістемеде құзыреттілік тұрғысынан бағамдау мәселесі бірінші орында тұр. Осы уақытқа дейін білім алушылардың нәтижесін, білім дағдысын білім беру түрі ретінде бағаласақ, қазір білім алудың түпкі нәтижесі – құзыретті тұлға. Білім алушылардың құзыреттілігін қалай қалыптастырамыз деген мәселе осы кітапта айқын көрініс тапқан. Әсипат Сауытбекқызы «Мем­лекеттік тілді үйренушінің лингвомәдениеттанымдық құзырет­тілігі қандай деңгейде қалыптасуы керек?» деген мәселені оңды көтеріп отыр. Мемлекеттік тілді үйрету үшін оқушыға өз еліміздің, тарихын, мәде­ниетін, менталитетін үйрету арқылы олардың бойына лингвомәдени құзы­реттілікті қалыптастыра білуіміз қажет. Өзі тұрып жатқан елдің мәде­ниетін терең білу арқылы оқушының тілді үйренуге деген ынтасының артатыны сөзсіз. Осы мәселе кітапта жан-жақты баяндалады. Бесіншіден, кітаптағы лингво­мәдени-танымдық талдаулар өте сәтті берілген. Әсипат Сауытбекқызы кітаптың аяқ жағында Оралхан Бөкейдің «Апамның астауы» кітабынан үзінді келтіреді де, сол үзіндіге лингвомәдениеттанымдық тұрғыда қалай талдау жасалуы керек екенін түсіндіреді. Хабарлама жасала ма, түсіндіру жұмысы жүргізіле ме, салыстыра отырып талдана ма – барлық сауалға егжей-тегжейлі жауап береді. Бұл білім алушылар үшін өте пайдалы. Алтыншыдан, кітапта әрбір дәріс материалына міндетті түрде практикалық тапсырмалар берген. Білім алушылар дәрістің практикалық сабақтарын, материалды қаншалықты меңгергенін анықтау үшін тест тапсырмалары бар. Қазіргі кездегі ЖОО арналған оқу құралдарына қойылып отырған басты талаптарға толық сәйкес оқулық. Сондықтан да, Әсипат Сауытбекқызының «Лингвомәдениеттану негіздері» атты оқу құралы дәл қазіргі сәтте білім алушыларға қазақ елінің мәдениетін, оны рухани құндылығын меңгертуде таптырмас құрал деп толық сеніммен айта аламыз.

Жанат Дәулетбекова, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:

– Әсипат Әлметова – қазақ тілін оқыту әдістемесі саласында көп жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан құрметті ғалымдардың бірі. Оқытушылық қызметі мен зерттеушілік еңбегін өзара ұштастырып, тығыз бірлікте қатар алып жүрген жаңашыл маман, ізденімпаз тұлға. Тілді оқыту үдерісінде шәкірттерінің бойына кісілік мәдениетті, сөз әдебін қалыптастыруға басымдық беру мақсаты кейін келе өзі енгізген жаңа да тың ойларды жүйелеп, ғылыми тұрғыдан негіздеп, докторлық диссертация жазуына түрткі болды. Нәтижесінде, «Сұхбаттасу мәдениеті» деп аталатын жана тұрпатты зерттеу еңбегі – монографиясы жарық көрді. Бұл мемлекеттік тілді оқыту саласында мазмұндық және әдістемелік тұрғыдағы жанашылдығымен жұртшылық назарын аударған елеулі зерттеу еңбек. Одан бергі кезеңде тынымсыз ізденістің нәтижесінде туған «Лингвомәдениеттану негіздері» деп аталатын жоғары оқу орны студенттеріне арналған оқу құралы да мазмұндық тұғырларының сонылығымен де, әдістемелік жүйесімен де ерек­ше­лен­ген қомақты дүние болды. Бұл еңбекте ұстаз-ғалым қазіргі гуманитарлық ғылымдағы бет­бұ­рыстарға тірек болған антро­по­өзектік пара­дигмалар негізінде пайда болған тіл білімінің жаға саласы – лингвомәд­е­ниет­танудың басты ұғымдарын тіл, діл, мәде­ниет то­ғысында меңгертудің тиімді жол­дарын айқындап көрсеткен. Бұл болашағын тілді оқытумен бай­ланыстырған студенттердің кәсіби-интеллектуалдық әлеуетін шыңдауда өзіндік рөл атқарары сөзсіз…

ТҮЙІН: «Линвомәдениеттану негіздері» кітабы­ның негізгі ерекшелігі – пән бірнеше іргелі ғылымдарды – лингвистика, мәдениеттану, этнография, психолингвистиканы біріктір­ген. Символикалық ұғымдар, аңыздар, әпсаналар, салттар, фольклорлық-діни мы­салдар, көркем шығармалар үзінділері, тұ­рақты сөз тіркестерінде кездесетін мәде­ниет­тегі бейнелі-метафоралық мағына беретін сөздерді кеңінен пайдаланған. Тіл үйретуде неге тұрақты сөз тіркестері, мета­фора, символдар маңызды? Себебі, онда ұлттың мәдениеті, ділі, аңызы, әпсанасы, дүниетанымы байланған. Оқулыққа бойлап отырып, біз осыны түсіндік. Жоғары оқу орнында ширек ғасырдан аса уақыт бойы дәріс оқып, ұстаздық мінезді бойына әбден сіңірген Әсипат Сауытбекқызының бұл кітабының басты ерекшелігі тілді үйретудің ең жаңашыл әдістерін біріктіргені бірден байқалады. Кітапта маңызды мәселе ретін­де тіл құпиясы мен ұлттық дүниетаным­ның тілді қалыптастыруына назар аударған. Иә, тіл – адамзаттың басты құпияларының бірі. Тілді үйретуде басты мақсат – сөйлеу, жазба тілінде жасырынған сол мәдени астарды тіл үйренушіге көрсете білу. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді үйрету мәселелерін жан-жақты талдауға көңіл аударған кезде, осы бір лингвомәдениеттанымдық астарға да ден қою керек екенін автор оқулығын тал­дай отырып, түсінесіз.