Астанада «Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өтеді

Астанада «Терминологияның өзекті мәселелері» атты  республикалық әдістемелік семинар өтеді

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығымен бірлесе отырып, Астана қаласында 2018 жылғы 23 қарашада «Терминологияның өзекті мәселелері» атты республикалық әдістемелік семинар өткізеді. Семинар көрнекті жазушы, аудармашы, терминтанушы ғалым Ісләм Жарылғаповтың 100 жылдық мерейтойына орайластыра ұйымдастырылып отыр.

Семинарда Қазақстан Республикасында Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Кеңсесі, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Аппараты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Аппараты, Қазақстан Республикасы министрліктерінің жетекші мамандары арасында қазақ терминологиясының қордаланған мәселелері талқыланады. Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы ұстанған терминжасам механизмін ілгері жылжытқан сөз зергері Ісләм Жарылғаповтың тәжірибесінің қыр-сыры ашылады.

Аталған әдістемелік семинарда терминжасамның бағыттары айқындалып, терминдерді талқылаудың халықаралық және отандық тәжірибелер зерделенеді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясының мүшелері, лингвист-ғалымдар, БАҚ өкілдері, орталық атқарушы органдардың жетекші мамандары, ұлттық компаниялар мен акционерлік қоғамдардың мемлекеттік тілде ісқағаздарын жүргізуге жауапты қызметкерлері қатысады.


Өтетін орны: Астана қаласы, Достық 11, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы, Конституция залы

Өтетін уақыты: 2018 жылғы 23 қараша, сағат 10.00