Өзге елдің өрендері қазақ тілін үйренуге құштар

Өзге елдің өрендері қазақ тілін үйренуге құштар

Білім, тәлім мен тәрбие мәселесі – қоғамымыздың болашағы. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы қоғамның барлық саласына жаңа серпін берді. Рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Қоғамдық сана жаңғыруының қозғаушы күшіне айналуда жоғары оқу орындарының ғылым, білім беру және жас ұрпақты тәрбиелеуде орны ерекше.

Келесі жылы ғылым мен білімнің тұнығына айналған көшбасшы оқу ордасы – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 85 жыл толады.

Заманымыздың заңғар жазушысы М. Әуезов: «Адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін нәрсе – білім» деген екен. Әлемнің әр түкпірінен келген жүздері басқа болғанымен жүректері білім мен өнерге құштар, тілдері басқа болғанымен тілектері тоғысқан Қытай, Корея, Ауғанстан, Германия, Испания, Италия, АҚШ, Швейцария, Дания, Испания, Жапония, Вьетнам және басқа да шетелдерден қазақ және орыс тілдерін оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік жастар қара шаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында бір үйдің баласындай тату-тәтті білім алып жатыр.

Шетел азаматтарына арналған шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасында Ресейдің, Қазақстанның жетекші университеттерінен білім алған, шетелдік студенттермен жұмыс істеуде үлкен тәжірибелері бар, Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея, Лаос, АҚШ, Жапония секілді шетелдерде жұмыс істеген және тәжірибеден өткен 4 филология ғылымдарының докторы, 14 филология ғылымдарының кандидаттары, жоғары маманданған оқытушылар, қазақ және орыс тілдері мамандарының құрамы жұмыс істейді.

Бұл кафедраның оқытушылары әлемнің әр елінен келген өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін және орыс тілін меңгертіп, қазақ халқының салт-дәстүрін, ата тарихын үйретуде. Оқыту жүйесіндегі түрлі инновациялық дамудың әдіс-тәсілдерін қолданып тіл меңгертіп жатқан ұстаздардың еңбегі айрықша. Шетелден келген студенттер білімнің бастауын осы ұстаздардан алып, биік белестерге көтеріліп, ұлттық тілімізбен, өнерімізбен және төл мәдениетімізбен танысып, білімдерін ұштауда.

Кафедрада, оның құрылғанынан бастап, әрдайым шығармашылық ізденіс, кәсіби қызығушылық және нық сенім жағдайы орын алып отырады. Шетелдік студенттермен жұмыстың өзі ұдайы ізденісті, шығармашылық көңіл-күйді қажет етеді. Орыс тілі шет тілі ретінде және қазақ тілі шет тілі ретінде меңгеру теориясы бойынша теориялық және практикалық лингвистика дамыды, оны 1985 жылдан бастап (кафедра осы жылы құрылған) қазіргі уақытқа дейін қазақстандық лингвистикадағы қолданбалы бағыттың даму кезеңі деп атауға болады. Оны 20 ғасырдың соңы – 21 ғасырдың басындағы Республика өміріндегі саяси, экономикалық, мәдени өзгерістерімен байланысты экстралингвистикалық факторлармен қатысты қос және көптілділік жағдайында дамыту қажет болды.

Тілдерді шет тілдері ретінде оқытуға негізделетін функционалды- коммуникативтік бағыт, тілдерді оқытудағы теория мен практика атты екі бастаудың тығыз бірлігін көрсетеді. Қазір кафедрада өзге тілді меңгеру мәселелерін зерттеу бойынша теориялық қағидалары шетелдік студенттермен дәрісханалық жұмыс жасау барысында толығымен қолданыс тапқан өзіндік ғылыми-әдістемелік мектеп пайда болғанын сенімділікпен айтуға болады.

Кафедра оқытушыларының шетелдіктерге тілді оқыту әдістемесі бойынша бай материал және үлкен жұмыс тәжірибесі жиналды. Мұның бәрі оқытушыларға өздерінің оқулықтарын және оқу құралдарын құрастыруда, өздерінің бірегей әдістемелерін жетілдіруде көмектеседі. Ғылыми зерттеулердің нәтижесінде жасалған, сонымен қатар әртүрлі елдердің ғалымдарының зерттелген және қайта өңделген жаңалықтары, яғни оқытудың жаңа технологияларының әдістемесі соңғы 15 жыл көлемінде оқу үдерісіне енгізілді.

Кафедрада шетелдіктерге арналған қазақ және орыс тілдерінен, Қазақстан тарихынан, қазақ және орыс әдебиетінен сабақ беруге бағытталған 80-ге жуық оқулықтар және оқу құралдары, 18 сөздік, басылып шықты. Кафедра оқытушылары дайындаған оқулықтар және оқу құралдары, сөздіктер, әдістемелік нұсқаулар әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ң сабақтарында ғана емес, сонымен қатар шетелдіктер оқитын басқа да жоғары оқу орындарында қолданады.

Кафедраның ғалымдары өздерінің зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен Белгияда, Испанияда, Ұлыбританияда, АҚШ-та, Польшада, Грецияда, Словакияда, Үндістанда, Қытайда және Таяу Шығыс елдерінде өткен халықаралық конференцияларға және симпозиумдарға, семинарларға және дөңгелек үстелдерге қатысып отырады.

Қазіргі кезде кафедрада шетелдік азаматтарға тіл үйрете отырып, оқу белсенділігін арттыру арқылы талабын қанағаттандыру, қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын меңгерту арқылы рухани байлығы мен қабілетін дамыту және қазақтың тарихи мұра жәдігерлерімен таныстыру арқылы жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыру кафедра оқытушыларының алдында кезек күттірмейтін іске айналып отыр.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Елбасы идеяларын насихаттай отырып Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көрсетілген көптеген бағыттарды жүйелі түрде жүзеге асыруда. Университетте «Айналаңды нұрландыр», «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап», «Салауатты өмір», «Green campus» жобалары табысты жүзеге асуда.

Осы аталған жобалар аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасының ұйымдастыруымен бірнеше ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар өткізіліп отырады.

Болашақтағы байланыстың алғашқы қарлығашы қазақ еліндегі көшбасшы оқу орын – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – кеше де, бүгін де жаңашылдық пен тың бастамалардың ордасы. Бәсекеге қабілетті, мықты мамандар мен элита даярлайтын ғылым орталығы екендігі де анық. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қазақстандағы жоғары білім берудің флагманы болып табылған және табылады да.