​Қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға деген ұмтылыс

​Қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға деген ұмтылыс

Кирил әліпбиі бойынша жазылған емле ережесінде тіліміздің заңдылықтары толық сақталмағандықтан, орфографиялық ережемен сөйлеу санаға әбден сіңіп кеткенін бәріміз де білеміз. Кейінгі ұрпақ үшін бұл қалыпты жағдай болғанмен, қазақ сөзінің табиғатын білетіндер үшін, әрине, орфографиялық ережемен сөйлеудің құлаққа түрпідей тиетіні сөзсіз. Сондықтан да, тілдің барлық жанашырлары, білікті ғалымдары латын әліпбиін тілімізге енгізудің пайдалы жақтарына, оның ішінде тіліміздің төл табиғатын қайта қалыптастыруға ықпалы зор болатынына үміт артып отыр. Осыған орай, әліпбиге сәйкес емле ережесі жобасын жазып, ұсынған жұмыс тобы аса жауапты, ауқымды да маңызды ісшараны орындады. Ұсынылған емле ережесі жобасында қазақ тіліндегі үндестік заңының сақталуы ескерілді. Ғалым Нұргелді Уәли «Жазу теориясында әріп саны мағына ажырататын дыбыс санынан көп болмауы, керісінше кем болуы керек. Бұл – озық әліпби үлгісі»,-дейді. Орынды пікір екеніне дау жоқ. Дегенмен де, мына пікірге назар аударайық. «Қазіргі мектептегі қазақ тілі мамандарына «и» мен «у» дыбыстары жоқ дегенді айтып, түсіндіре алмаймыз» (Ә. Жүнісбек). Міне, осы тәрізді түрлі пікір, сұрақтар қадам басқан сайын қаптап шыға береді. Шынымен де, егер «и» дыбысы жоқ десек, онда оның орнына «й»-ды қолданып, оның таңбалануын «ій», «ый» арқылы берер едік, ал бұл жағдайда әріп саны фонемадан артып кетеді. Дәл сол сияқты «у» дыбысын жоққа шығарсақ, уіл, уық, уақыт,қуат, бау т.б. сөздерін қалай дыбыстап, таңбалаған болар едік?! Тағы да «ыұ», «іү» арқылы ма?! Бұл жерде «былай сүйресең, арба сынады, былай сүйресең, өгіз өледінің» нағыз өзі болайын деп тұр.

Қазақ тілінің төл табиғатын сақтау үшін ғалымдардың бір тобы фонетикалық принципті ұстауды алға тартады. Мысалы, сұлу-сұлұу, гуіл-гүуіл, яғни, сөзде қанша дыбыс естілсе, сонша әріп жазылуы тиіс. Біз тіліміздің табиғи қалпын сақтайық десек, бұл принцип бір қарағанда, дұрыс-ақ. Ал екінші жағынан, латын әліпбиіне көшкенде, жағдайды қиындатып алмаймыз ба?! Мектеп мұғалімдерінің айтар уәжі қандай екен?! Бұл жөнінде Екібастұз қаласындағымамандандырылған «Зерде» дарынды балалар мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміИсабаева Гүлсара былай дейді: «Қазіргі жаңартылған білім бағдарламасында оқушыны сөйлету, өз ойын жеткізуге дағдыландыру, тұлғалық қабілетін дамыту басты назарда. Жаттығу орындату, ережені меңгерту, диктант жазғызу арқылы пәнді оқыту қазір өзектілігін жоғалтқан. Бұл дегеніміз – оқушы сауаттылығын арттыру бұрынғыдан да оңайға түспейді деген сөз. Естіген дыбыс бойынша жазу түгілі қазіргі оқушылар арасында н мен ң дыбыстарын жазуда да, айтуда да ажырата алмайтындар толып жатыр. Пән мұғалімдері соны қалай оқушыға дұрыс жазып, дұрысайтуды меңгертеміз деп бас қатырып жүр. Оған енді қаздай тізілген ұу,үу-лерді қоссақ, не болды?! Ата-аналардың көзқарасы қандай болмақ?! Қазақ мектебінен балаларын алып кетіп, жаппай орыс мектебіне ауыстырмасына кім кепіл?! Оғанлатын әліпбиінде жазуды қоссақ, жағдайды күрделендіріп, елді шошындырып алмаймыз ба?! Осыған қарап, фонетикалық принциппен жазудың қаншалықты қиындығын көз алдыңызға елестете беріңіз.Біздіңше, тілімізді сақтау – өткен тарихқа қайта оралу дегенді білдірмейді. Сондықтан да жаңа емле ережесінде жазу мәдениеті жақсара түсу үшін қазақ тілінің табиғатын сақтауға мүмкіндік беретін басты принцип ретінде фонематикалық принцип басшылыққа алынып отырғаны дұрыс деп ойлаймын».

Фран­цуз, ағылшын немесе орыс тіліне сырттан сөздер қабылданғанда, осы тілдердің фонетикалық, грам­матикалық заңдылықтарына бағынды­ры­лып енгізіледі. Біз бұл сөз­дерді түпнұсқадан емес, орыс тілі арқылы қа­былдаймыз да, енді оларды қазақ тілінің табиғатына орай таң­баласақ немесе айтсақ, әлгі сөздер осы тілде са­намызға әбден қабылданып қалғаны сондай, құлағымызға оғаш естіледі. Соған қарамастан, жаңа емле ережесінің жобасында шеттілдік сөздердің емлесін беруде барынша тіліміздің заңдылықтарын сақтауға қадам жасалды, яғни, бұрынғы орыс тіліндегі сөздерге тән дыбыстардың орнына қазақ тіліне тән дыбыстар мен әріптерді қолдану ұсынылды. Мысалы, актөр, медисина, лүкс, ансәмбл, жентілмен, паркиң және т.б.

Қазақ лингвистикасының атасы А. Байтұрсынұлының пікірлері қашан да құндылығын жоймағаны баршамызға аян. Өткен ғасырдың басында-ақ тіл тазалығын сақтап қалуға үлкен алаңдаушылық білдірген ғалым: «... сөз әуезділігі сөз ішіндегі дыбыстардың құлаққа жағымдылығы, ол дауысты, дауыссыз дыбыстардың оңтайлылығына байланысты; сөйлеу әуезділігі – сөйлемдердің құлаққа жағымдылығы, ол сөйлемдердің тізілуінен көрінеді».

Ғалым пікіріне құлақ аса отырып, орфографиялық та, орфоэпиялық та заңдылықтарды сақтау ұстанымында болуымыз керек. Жаңа емле ережесінде қыркүйек [қыргүйөк], қарақұс[қарағұс] сияқты біріккен сөздердің әр жеке сыңарларының түбірі сақталып жазылады да, айтылуда орфоэпиялық заңдылық қолданылады. Өкінішке орай, кирил әліпбиіндегі қазақ тілінде орфоэпия мәселесіне дұрыс назар аударылмады. Сөздіктер жарық көргенмен, оны тәжірибе жүзінде қолдану машығы болмады. Сол себепті де орфографиялық ережемен сөйлеу – қалыпты жағдайға айналды. Тіліміздің төл табиғатын сақтау үшін мектептен бастап орфоэпияны оқытуды қолға алу керек деген пікірлер әр жерде айтылып жүр. Бірақ бұл пікірдің жүзеге асуына сенім жоқ. Мектептегі жаңартылған оқу бағдарламасында негізгі грамматикалық ережелерді тереңдетіп оқыту көзделмеген. Мұндай жағдайда орфоэпияны оқытуға арнайы сағат бөлінуі екіталай. Бұл мәселе бойынша айтылар ұсыныс келесідей болмақ. Өзіміздің төл сөздеріміздің айтылуы мен жазылуындағы алшақтықтан басқа кейбір кирил әріптері (е, ц, щ, э, ю, я, ь, ъ) жаңа әліпбиден алынып қалынғандықтан, жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелерінде ол әріптерді басқаша таңбалау ұсынылып отыр: манөвр[мәнөвр], поетика [пойетика],обект[обиект] т.б. Сол себепті де болашақта латын әліпбиімен шығатын орфографиялық сөздік пен орфоэпиялық сөздікті біріктіру арқылы бір сөздіктің ішінде сөздің жазылуын да, айтылуын да беріп, қажет болған жағдайда сөздің ағылшын тіліндегідей транскрипциясын да беру қажет деп ойлаймын. Оның үстіне тіліміздің үндесімін сақтаудың бірден-бір жолы осы болмақ.

Қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға ұмтылыс тек жаңа әліпби негізінде емле ережесін жасаумен шектелмейтіні анық. Ана тіліміздің табиғи қалпын сақтау үшін тілдің қажеттілігін арттыру, тіліміздің сөздік қорын байыту, тілдің ішкі мүмкіндіктерін барынша пайдалану, тіл еркіндігін соған сәйкес ой еркіндігі қалыптастыру сияқты мәселелер жетерлік.

Қазір филология ғылымында лингвистикалық экология мәселесі де көтеріліп жүр. Сан миллиондаған халқы бар, ғылым тілі, ақпарат тілі болып қалыптасқан тілдердің өзі тіл функциясында стилистикалық қатынастардың бұзылуына, сөйлеу этикасының төмендеуіне үлкен алаңдаушылық білдіруде. Қазір кейбіреулер үшін айтылып жатқан мәселелер ұсақ-түйек болып көрінуі де мүмкін. Бірақ тіліміздің төл табиғатын сақтау ұлтымыздың болашағы үшін маңызды мәселе екендігіне мән беріп, ол үшін әрқайсымыз күреспесек, он жылдың ішінде кешігіп қалуымыз ғажап емес.

Лингвистикалық реформа бір күннің, яки бір жылдың жұмысы емес. «Көш жүре түзеледі» дегендей, әлі де талқыланып, атқарылар жұмыстар жетерлік. Ең бастысы, Алаш зиялылары айтқандай, әліпбиіміз бен емле ережемізбұқарашыл болып, анатіліміздің табиғилығын сақтап қалуға қызмететсе екен дейміз.