Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері жобасы

Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері жобасы

«Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына сәйкес бекітілген әліпби негізінде «Қазақ тілі емлесінің негізгі ережелерінің» жобасы әзірленді.

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары» жасалып, белгіленген міндеттерді дер кезінде және кезеңдер бойынша жүзеге асыру мақсатында Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық, Әдістемелік, Терминологиялық, Техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жұмыс топтары құрылды.

Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес 2018 жылы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасын әзірледі. «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы Институттың Ғылыми кеңесінде талқыланып, мақұлданды.

Ереже жобасы Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық және Әдістемелік жұмыс топтарының бірлескен ғылыми-практикалық семинар-кеңестерінде қаралып, талқылаудан өтті.

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасына сараптама жасау мақсатында Емле ережелерінің негізгі қағидалары бойынша республикадағы жоғары оқу орындарының студенттері, орта мектептің оқушылары, сондай-ақ оқытушы-филологтар мен еліміздің кейбір өңіріндегі ересектер арасында сынама-сауалнама жүргізді. Емле ережелерінің жобасы тәуелсіз сарапшылар мен ЖОО-ның тілтанушы мамандарының сараптамасынан өтті.

Осындай талқылау нәтижесінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Емле ережелерінің жобасы 2018 жылғы 27 қыркүйекте Ұлттық комиссияның отырысында таныстырылды.

Жұртшылыққа кеңінен таныстыру, сондай-ақ пікір алмасу, жекелеген қағидаларды одан әрі тиянақтай түсу мақсатында «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» жобасы көпшілік назарына ұсынылып отыр.

ЖАҢА ӘЛІПБИ НЕГІЗІНДЕГІ ҚАЗАҚ ТІЛІ ЕМЛЕСІНІҢ ЕРЕЖЕЛЕРІ (.PDF)