Түркістанда бес кітаптың тұсауы кесілді
Түркістанда өткен «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясында «Түркістан жазирасының қыш ыдыстары» мен «Зергерлік бұйымдар топтамасы», «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің 40 жылдық даму тарихындағы мұрағаттар қамтылған «40 жылдық альбом», сондай-ақ әр кезеңде хатқа түскен, ел аузында айтылып жүрген аңыз әпсаналардан жинақталған «100 аңыз» кітабы және «Жетпіс хикмет» кітабы жарық көрді.
Түркістанда Астана қаласының 20 жылдығына және «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің 40 жылдығына орай «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Алқалы жиынға Түркия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Украина елдерімен және отандық ғалымдар мен музей ісінің мамандары қатысты. Шараның басты мақсаты — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген тарихи-мәдени мұралар мен қасиетті орындарды насихаттау, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалардың әлемдік мәдениетке қосқан үлесін және Қазақ хандығының ғасырлар бойы рухани астанасы болып келген Түркістанның орны мен рөлі және отандық музей саласындағы актуалды проблемаларды сараптау, талдауға арналған.
Шара басталмас бұрын алдымен қорық-музейдің 40 жылдығына арналған «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы аясында өткен тарихи кітаптардың тұсаукесер рәсімі өтті. Атап атқанда, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов, Мәдениет және спорт министрлігінің Заң департаментінің басқарма басшысы Сералы Тажиханов, Қ.Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры, профессор Болатбек Әбдірасылов, Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Ғалия Шарафиева лентасын қиды.
Халықаралық конференцияның ашылуымен құттықтаған «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов: «Түркістан қаласы ежелден Ұлы Жібек жолы бойында мәдениеті мен сауда-саттығы дамыған маңызды қала болғаны белгілі. Кейіннен бұл қала Қазақ хандығының астанасы болып, мұнда қазақ хандары сайланды, шет елдерден елшілер қабылданды. Осындай қалаға кие берген Қожа Ахмет Яссауи кесенесі екені анық. Бүгінде Қ.Яссауи кесенесін көру үшін Түркістан қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен келетін туристердің саны жыл сайын артып келеді», – деп Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде бекітіліп, киелі шаһарды еліміздің ең бір шырайлы қалаларының біріне айналдыруға одан ары дамытуға бағытталған маңызды қадамдар жасалып жатқанын жеткізді.
Одан кейін еліміздің ғалымдарымен бірге алыс-жақын елдерден келген тарих саласының майталмандарына сөз берілді. «Ортағасырлардағы сыр бойы қалалары және олардың қазақ хандығы үшін маңызы» атты тақырыбы бойынша баяндама жасаған профессор, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев Түркістан ХІV-ХVІ ғасырларда Дешті Қыпшақ пен Мауераннахрдағы ең бір гүлденген аймақтардың бірі болғанын айтты. «Түркістан аймағы – Қазақ хандығы үшін XV-XVI ғасырларда экономикалық, шаруашылық, саяси, діни-мәдени, әскери-стратегиялық, рольдері ерекше, өмірлік маңызы бар аймақ болады. XV ғасырдың 70-жылдарынан XVI ғасырдың бірінші ширегі аралығында Қазақ хандығының Мауераннахрмен саяси қарым-қатынастарының ең басында – Дешті Қыпшақ үшін өмірлік маңыз атқарған
Түркістан аймағын Қазақ хандығы құрамына енгізу мәселесі тұрады. Бұл міндетті орындау үшін Қазақ хандығы жарты ғасыр бойы Мауераннахрдағы темірлік әулетпен, одан кейін шайбанилық әулетпен үздіксіз күрестер жүргізеді. Бұл күрестердің нәтижесі XVI ғасырдың алғашқы ширегінде Қазақ хандығын күшейтіп, оны Орталық Азиядағы қуатты мемлекеттердің қатарына қосты» деді ғалым.
Жиында Яссауи бабамыздың 27 ұрпағы, Халықаралық Яссауи атындағы ұйымның төрағасы, Халықаралық Яссауи журналының редакторы Исметулла Есеви «Түркісанның келешегі» атты баяндама жасады.