Зылиха апай (әңгіме)

Зылиха апай (әңгіме)

1977 жыл. Қаңтар айының алғашқы аптасы. Жұмыс бөлмеме (Қазақстан Жазушылар одағы Әдеби қорының директоры кезім) бір келіншек қол­тығынан демеген бәйбіше келді. Рең­ді кісі. Жоғары шығарып, диванға жай­ғастырдым. Жөн сұрастық. Мағжан аға Жұмабаевтың зайыбы Зылиха апай екен. Ма­ған шаршаңқы кейіппен қарап:

– Мені «халық жауының қа­ты­ны» деп бұл литфондыға жолатпай қойған, жолаттырмай қой­­ған, Мағжан ағаңның әлгібір «дос­тары», – деп мырс етті де:

– Қал­қам, Мағжанды білесің бе? – деді.

– Білем, апай, білмегенде ше?! Менде бес-алты өлеңінің, «Батыр Баян» дастанының кө­шір­­мелері бар, – дедім. «Қыз-келін­­шек кезіңізде тым сұлу бол­ғанға ұқсайсыз, Мағаң «Бәрінен де сен сұлу» өлеңін сізге арнаған-ау!» деп ойлап та үлгірдім.

– Мұраттың айтуымен келдім, сені маған сырттай таныстырған – сол Мұрат інің. Мұхтар Әуезов­­тің баласы. Ал енді сөзді кө­бейтпейін, уақытыңды алмайын, бұйымтайымды айтайын, – деді де, өз өмірін қысқа ғана әңгімеледі. Жасы сексенге жуықтаған. Зейнетақысы мардымсыз, пәтерақыдан онша артылмайтын көрінеді.

– Апай, қағаз деген пәлесіз еш­теңе реттелмейді ғой, өтініш жаза қойыңыз, – деп бір парақ қағаз бен қа­лам ұсындым. Апай:

– Ә, оны алдын ала жазып қойған­быз, мына қарындасыңда, – деді де, келін­шекке иек қақты. Қордың «Қайтыс болған жазу­шы­лардың отбасы мүшеле­ріне жәрдем» дейтін бабы бар еді, со­ның негізінде ақшалай кө­мек көрсеттім. Апай риза бол­ды. Содан кейін де жыл сайын­ кей­­де бір мәрте, кейде екі мәрте жәр­демдесіп жүрдім. Бір күні үйіне қонаққа шақырды. Бара алмадым, бір шаруа бөгет болып қалды. Ертеңінде бір бөтелке шам­пан, бір қорап торт алып барып, кешірім өтіндім. Тимирязев көшесінде, сонау жылдары Минис­трлер Кеңесінің төр­ағасы Жұма­бек Тәшенов бергізген бір­ жарым бөлмелі пә­тер­де тұрады екен.

– «Дом творчества» деді ме, бір үлкен үй салдырып жүр деп естідім, соның жұмы­сынан қолың тимей қалған шығар, түсінем, ренжіген жоқпын. Ол­жас пен Мұрат келді, сен келе алға­ныңда, тіпті жақсы болатын еді, – деді балаша қалбалақтап. ...Зылиха апаймен шүйірке­лесіп жүрген күндердің бірінде ол кісіге:

– Апай, Мағаңның қолыңызда бар шығармаларының бәрін маған беріңіз, неше дана қа­жет десеңіз, сонша етіп мәшің­келетейін, кітап етіп түп­тетейін.

– Қалқам, Мағжан әлі ақтал­ған жоқ қой?! Саған да... – деп мүдірген, сескеніңкіреген апайды:

– Апай, мен саспай, сіз сас­паңыз, – деп әзілдеп:

– Түптетіп, әзірлеп қояйын, айымыз оңынан туатын күн болар, сонда баспаға тапсыра қоюға дайын тұрсын, жарай ма? – дедім. Талай тауқымет тартқан, сан алдау-арбау көрген жанның өзі­­ме сенер-сенбесін болжай алмасам да, мар­құм ақын аға­мыздың әдеби мұрасын қалайда барынша жинақтау, ұқыптап сақтау керектігін ойлағанмын. Апай пәтерінің аула жақтағы терезесіне мойнын бұрып, сырт­қа көз тастап, бірер минөттей үнсіз отырды да, ойым­­ды оқып болғандай-ақ:

– Ғаббас қалқам, саған сене­мін, – деді. Дауысы дірілдеп шықты. Жүре­гім жұлқып қалған­дай бір күй кешіп, өне бойым ыси қалды. Сол әредікте ма­ған жайлап бұрылып қараған апайдың көзінен жас ыршып кетті...

Мағаңның өлең-дастандары, әдеби аудармалары жарияланған газет-журналдарды іздеп табу, көшірме жасатып алу, әрине апай­ға қиын болған. Ақы-пұ­лын төлеу былай тұрыпты, ке­дер­гі-кесір жетерлік кездерде ашық іздеу­дің өзі қандай тәуе­келді қажет етті десек ше?! Күйеуі­не жағылған күйе­ні ке­ті­ру үшін жан тыныштығын ұмыт­­­қан, Мағаң алғаш 1934 жы­лы тұт­қындалғанда соңынан «Ит­жеккенге» барып, одан Мағаң­ның хатын Мәскеуге, Максим Горькийге жеткізген, Мағаңның ол жолы ақталуына бірден-бір себепші бола білген, ал екін­ші рет тұтқындалған ерінен айрыл­ған соң бүгінгі бізге де, келер ұр­­паққа да қажет қыруар іс тын­дыр­ды. Қолынан келгенінше қорғанбай қимылдап, сырға, жүзік, сақина, алқа атаулысын сатып, газет-журнал редакцияларынан Мағжан ағаның әдеби мұрасын жинап, сақтап бақты. Апай қайтыс болғаннан кейінгі екі-үш жыл көлемінде кейбіреулер ол кісі туралы: «айт­­қанының бәрі – өтірік» деп ғай­бат сөз айтып та, жазып та жүрді, ал Зыхаңа қолбала болып кеткен дерлік жанашыр туысы журналшы Сүнят Бәкенов Мағаңның да, Зылиха апайдың да өмірін жақсы біледі екен (Алматыда тұрады, зейнеткер), ғайбат сөз­дердің орынсыз, ұят екенін айтты. Мен оған сендім, себебі: Сү­кең – Жазушылар одағымызда көп жыл қызмет істеді, не те­ріс сөзі, не теріс іс-әрекеті болма­ған сыйлы адам. Иә, кім не десе де мейлі, ал, меніңше, Ма­­ғаң­­ның шығармаларын жи­нап,­ сақтап, қызғыштай қорып, бізге жеткізгені үшін-ақ Зылиха апайдың аруағын құрметтеуге тиіспіз.

– Мен таба алмаған өлеңдері, басқа да дүниелер әлі де бары сөзсіз. Мені «халық жауының қатыны» деп архивтерге маңай­латпайтын, газет-журнал редак­циясындағылармен тіл табысу да оңай бола бермеді. Кеңші­лік болар күн туса, Мағжанды іздеушілер шығар, аз болмас та, қалғанын солар тауып алар... – деп ойлана сөйлеп сәл кідіргені, одан соң таңданысты үнмен: – 1923 жылы Тәшкенде араб әрпімен шыққан «Өлеңдер жина­ғы» кітабын Ғабит Мүсірепов ағала­рың алып еді, бір жарым жыл болды, неге екенін білмей­мін, неше рет телефон соқсам да, қай­тарып берер емес, – деп, маған сұраулы кескінмен қараға­ны әлі көз алдымда.

– Ғабеңмен сөйлесермін, берер, – дегенмін.

Иә, Ғабеңе телефон шалып, өтіні­шімді айттым.

– Солай ма-а? – деді дауысын ақы­рын соза сөйлейтін дағдысымен.

– Кітап керек болып тұр, бү­гін бе, ертең бе, тезірек беріп жібе­ріңізші! – дедім. Біраз үнсіз­діктен кейін:

– Жарайды, – деді.

Кітаптағыларын, газет қиын­ды­сын­дағыларын, мәшіңкемен, қолмен көшірілгендерін жинақ­тап, рет­теп, апаймен келісім бойын­ша төрт дана етіп мәшің­келеттім. Екі томға бөліп түп­теттім. Біріншісіне «Батыр Баян», «Қорқыт» дастандары мен 221 өлеңін, екіншісіне Мак­сим Горькийдің Ана туралы әңгімелерінің, Мамин-Сибиряк­тан, т.б. аударғандарын, мақалаларын топ­тадым. Ол жұмысқа төлер ақы өзіме ауырлау болған тұста сыралғы інім Мұрат Мұхтарұлы Әуезовпен ақылдасып едім, ол сөзге келместен көмектесті. Әдеби қор мүшелеріне Жарғымыз бойынша жылда, не жылара ақшалай көмек беретін ретіміз бар-ды. Мұратқа «Шығармашылық жұмыс кезіндегі материалдық жәрдем жасау» деген бап негі­зінде өтініш жаздырып, «130 сом берілсін» деп бұрыштама со­ғып, бухгалтериядан алдырып, баспалармен байланыс жөніндегі қызметкеріміз Тойболдыға Мұраттың көзінше тапсырдым. Бір «қызық» жайт: кейінде, 2014 жылы болар, Мұраттың бір сұхбатынан: «Олжас Сүлейменов бар бәріміз Мағжанның шығармаларын жинап құрастыруға Ғаббас Қа­бышевқа ақша жинап бер­дік» депті. «Жасырын кітаптың» жаса­латынынан Олжас мүлде хабарсыз болды. Оған сенбедім де, айтпадым. Неліктен еке­нін білмеймін: Мұрат інім бол­ма­ған жайтты «болды» дегені. Оны­сына, әрине жауап қайтар­дым...

Фотосуреттерді қарап отыр­ғаны­мызда он шақты адам топ болып түскен, көлемі жарты ала­қандай ғана біріне көз тоқтатып:

– Апай, мына фотода кімдер бар, қай жылғы? – дедім.

– Бұл егер ұмытпасам, Мағ­жан бірінші тұтқыннан боса­ған­нан кейін Мәскеуде тұрға­нымызда түскені... Мәскеуде дос­тары, жолдастары болды. Алек­сандр Блокпен, тағы бас­қа ақын­дармен араласқан. Блок­пен бір­ге театрға екі-үш рет бар­ған­быз.

– Мұнда Блок жоқ сияқ­ты, ал Мағаң қайсысы? – де­дім. Блоктың фото­ларын кітапта­рынан көрген­діктен, мұнда жоқ­тығына шүбәлан­бадым, ал бейнесі көзімізден ерте таса болған Мағаңды тани алмадым.

– Блокпен де фотоға түс­ке­­німіз есімде, бірақ ол фото­ны алған-алма­ғаным­ды білмей­мін, «байтал түгіл бас қайғы» бол­ғанда неміздің, қайда қал­ға­нын білер ес болды ма біз­де?!. Иә, андағыда Блок жоқ, ал Мағ­­жан бар... – деп апай аса ажарлы­ жігіт бейнесін сұқ сау­сағымен нұсқаң­қырады да, сон­соң басындағы сары шағи ора­малының бір ұшымен әуелі Ма­ғаңның бейнесін, одан кейін басқаларын ақырын ғана сипай сүртіп, бір күрсініп қойды... – Апай, бұл фотоны да алайын, үлкейттірейін, – дедім. – Ала ғой, – деді.

Мағаңның фотобейнесін қол­жаз­ба-кітап көлеміне сай 17x22 см­ жасап, төрт дана шығарттым­ да, бі­­­­рі­н­ші томдарының беташарына же­лімдедім. Газет-жур­нал­дарда Ма­ғаң­­ның шаршаң­қыраған кейіптегі фото­сы шы­ғып жүрген. Бұйрасындау шашы маңдайын жабыңқыраған, өзі бұйы­ғыңқыраған күйдегісі. Ал мына фотосында Мағаң – жігіт­тің сұлтаны! Бір көргенде-ақ талай көзді суырып ала жаздаған шы­ғар дерлік сұлу бейне! Оның бір данасын 2002 жылы «Қазақ әде­биеті» газетінің редакциясына алып барып, жауапты хатшы Еркін Жаппасұлына тапсырдым. «Мағжан ағамыз ғажап көркем болған екен ғой!» деп таң­ғалды. Ол суретті басқа да газет-журналға тараттым.

...Жасырын жасалған төрт қос­том­дықты Зылиха апайға алып бардым.

– Апай, міне, дайын болды! – дедім, қуанышымды жасырмай.

– Рахмет, қалқам!.. Рах­мет!..­ Көп... жүз жаса! – деп қалбалақтаған апай көз жасына ие бола алмай, кітап­тарды кезек-кезек сипалай берді... Қостомдықтың бір данасын­ апай­дың өзінде қалдырып, өзге­лерін: мем­лекеттік архивке, ор­та­­лық кітап­ханаға, Әнуар Әлім­жановқа бермек болғанбыз. Со­ны ескеріп:

– Мен үшеуін апарып тапсырайын, сіз әуре болмаңыз, жа­рай ма? – деп едім, апай басын шайқап, білезікті оң қолын сіл­теп: – Қалқам, мен басқаша ойлап отыр­мын. Архивке, кітапханаға тап­­сыр­майық, оларды Әбділда Тәжібаев алып, құртып жібереді, ол Мағжанға тірісінде жау болып еді, өлісінде де әлі жау... бы­лапыт сөйлей береді. Жоқ, кітапты оның қолына түсірмейік! Біре­уін Әнуар Әлімжановқа бер, біреуін өзің ал, біреуін... Ол­жас Сүлейменовке бер, – деді, әншейіндегі қоңыр үні шыңыл­­даң­қырап шығып... Тілегін орындадым. Томдар­дың алғы бетін өзгерткен жоқ­пын, онда «архив­ке тапсырылды» деп қазақ, орыс тілдерінде қыс­қаша сілтеме-түсінік жазған­­мын-ды.

Әнуар өзіне тапсырылғанды: «Сен архив­ші-тарихшысың ғой, менен гөрі сенде болғаны дұ­рыс шығар», деп жазушы Амантай Сатаевқа сыйлапты. Жақсы жолдасым, сырласым Амантайдың маған ойында жоқ олжаға кенелгенін айтып, «ұпай теңес­тіргені» бар. Ал екітомдықтың басқа данасын бір күні Жазушылар одағы кеңсесінің подвалынан тауып алдым. Кеңсені күрделі жөндеуден өткізу басталып, иелері босатқан кабинеттерде «керексіз» болып қала берген кітаптар подвалға түсірілген екен. Әлдебір мерейтой алдында бір кітаптар керек болды да, ақын жолдасым Сабырхан Асанов екеуіміз подвалдың кілтін алып түскенбіз. Кітап­тар ортаға үйіп қойылыпты. Са­быр­­хан аңырып тұрып қалып: «Аста­пыралла!» – деді. Шынында көз ұялар, көңіл қажалар көрініс бол­ғанмен, не істерсің, керегімізді іздеуге кірістік. Бір тұстан өзіме таныс қос қоңыр томды көріп қалдым да, дереу ұмтылып барып алдым. «О не? Не кітап?» деді Сабыр­­хан. Мен көрсеттім, айттым. (Жазушылар одағындағы төртін­ші хатшылық қызметінен Кине­матография комитетінің төрағалығына ауысып кеткен Олжас Сүлейменовтің кабине­тінде қалған кітаптармен бірге шығарып тас­талғанын түсіндім). Сабырхан: «Маған берші!» деді, құ­марта қалып. Көңілін жық­падым, 1-томын бердім. Ал 2-томын «құпия қос­томдық» шығар­ғанымнан хабардар сырлас ағам – жазушы-сыншы профессор Тұрсынбек Кәкі­шев: «Мағжан Жұма­баевтың аудармалары тура­лы зерттеу еңбек жазуыма керек еді», деп алды. Үйге ке­ліп, көріп, «оқып берейін» деген соң өзімдегі 1-том­ды да бер­дім. Тұрсекеңнің әдеби мұра­­сы­на қамқоршы болып отырған жұ­байы – ғалым Күләш ол томдарды маған жет­кіздіріп берді.

...Мағаң да 1987 жылы толық ақ­талды. Қуанышымызда шек бол­ған жоқ. Баспадан алғашқы жинағы шықты. Зыхаңа барып, құттықтап: – Апай, көңіліңіздегі пәлен батпан зілден арылдыңыз ғой, сүйінішіңіз ұзағынан болсын! – дедім. Апай құшақтап, бетімнен сүйді.