Елордалықтар жаңа емле ережесін талқылады

Елордалықтар жаңа емле ережесін талқылады

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен ұйымдастырылып жатқан «Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбындағы әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасында ақпараттық-насихаттау шарасы шеңберінде ұйымдастырылған ақпараттық және ғылыми-әдістемелік топ мүшелері кезекті кездесуін 15 қазан күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетінде жалғастырды.

Университеттің Қазақ және орыс тілдері кафедрасының меңгерушісі педагогика ғылымдарының кандидаты Болат Қабиденұлы Аяпбергенов Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы таяу жылдардағы міндеттерді талқылауға арналған ісшаралардың алдыңғы легінен орын алған «Төрлет, жаңа әліпби» рубрикасы аясындағы семинар-тренингтің қатысушыларын таныстырып өтті. Ал осы кафедраның доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Жаңабергенқызы Тоқсанбаева өткізіліп отырған шараның мазмұны жағынан да, әлеуметтік мәні жағынан да аса маңыздылығын баса көрсетті. Әліпби алмастырудың елімізде жүргізіліп отырған реформалардың ішіндегі бірегейі екендігі айтылып, күрделі жазу реформасына әсіресе жас буын – студенттер қауымының бей-жай қарап қалмауы тиіс екендігіне тоқталды.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы осы бағытта атқарылатын жұмыстар үшін бағдаршам болып отыр. Өйткені бұл бағдарламалық мақалада латын графикасына көшудің тиімді тұстары нақтыланып, ол қоғамдық сананы жаңғыртудағы қозғаушы күштердің бірегейі ретінде атап көрсетілген еді – дейді Тілектес Жаңабергенқызы.

Университет студенттері мен профессорлық-оқытушылық құрамы жиналған бұл семинар-тренингте Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Терминологиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Шерубай Құрманбайұлы сөз сөйлеп, жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттарына жан-жақты тоқталды.

Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымдарының докторы Қ.Күдеринованың жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымы туралы баяндамасын жиналған қауым қызыға талқылады.

«Жаңа қазақ әліпбиін енгізудің алғышарттары және емле ережелерін көпшілік талқылау» тақырыбындағы әртүрлі әлеуметтік топ өкілдерінің арасындағы насихаттау шарасына қатысты өзге де ақпаратты мына сілтемеден толығырақ оқисыздар. http://tilalemi.kz/article/1707-.html , http://tilalemi.kz/article/1712