​«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» акциясы

​«Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» акциясы

2018 жылғы 5 қазанда Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен Ә.Тәжібаев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында мемлекеттік тіліміздің мәртебесін көтеру, қолданыс аясын кеңейту, жастардың мемлекеттік тілге деген құрметін арттыру, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос жастарына қолдау көрсету мақсатында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты акциясы өткізілді.

Биыл алғаш рет қазақтың белгілі ақыны, ағартушы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орай Қазақстан халқы тілдерінің күні мерекесі - 5 қыркүйек болып бекітілді. Мереке аясында облыстық іс-шаралар жоспары бекітіліп, айлық жарияланды. Соның бірі - бүгінгі өткізіліп отырған «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» акциясы болып отыр.

Аталған шараға мемлекеттік тілді қоғамдық өмір мен шығармашылықта кеңінен қолданып жүрген облыстағы белсенді жастар мен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос жастары, жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.

Акцияға қатысушыларды облыстағы «Татар» этномәдени бірлестігінің жетекшісі Г. Гизатуллина құттықтады.

Шара барысында акцияға қатысушылардың облыс жастарына Үндеуі жарияланды.Үндеуді №2 Мұрагер мектебінің 11-сынып оқушысы, қазақ тілі пәнінен қалалық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы, кәріс ұлтының өкілі Демиденко Евгений оқыды.

Акция барысында жиналған қауымға концерттік бағдарлама ұсынылып, өзге этнос жастары тілге қатысты өлең шумақтарын оқыды.

Акция соңы «Жаса, жаса, қазақ тілім!» патриоттық әнімен аяқталды.