​Көркемсөз шебері анықталды

​Көркемсөз шебері анықталды

Петропавл қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Абай атындағы дәстүрлі көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауы өтті.

Қазақстан халқы тілдерінің Солтүстік Қазақстан облыстық XX фестивалінің салтанатты ашылуы да осы Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің республикалық байқауымен тұспа-тұс келді.

Байқау кітап көрмесі мен Мағжан Жұмабаевтың театрландырылған монологымен ашылды.

Еліміздің әр аймағынан келген 17 үміткер бірінші кезеңде прозалық шығармалардан үзінділер оқыса, екінші айналымда Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

- Байқаудың Қызылжар өңірінде ұйымдастырылуы кездейсоқ емес. Қызылжар топырағында сөз өнерінің шеберлері: Қожаберген жырау, Сегіз сері, Шал ақын, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, биыл туғанына 125 жыл толған қазақтың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев туған. Сондықтан да байқаудың екінші шартына міндетті түрде Мағжан поэзиясын оқуды талап етіп қойдық. Жалпы байқаудың басты мақсаты – тіл мәдениетін көтеру, көркем әдебиетті насихаттауды жандандыру және талантты жастардың өнерге деген сүйіспеншілігін оятуып, ана тілге деген құрметтерін арттыру, - деді жазушы, «Нұр Отан» партиясы «Мирас» клубының мүшесі Алдан Смайыл.

Талапкерлердің байқауға жоғары дайындықпен келгендіктері олардың шығармаларды сезініп, сезіндіріп оқи алуынан байқалды.

- Бүгінгі байқау жастарымыздың сөз өнерін терең түсінетіндігін көрсетті. Олардың орындауындағы шығармалар көпшіліктің жүрегіне сыршыл сезім ұялатты. Кітапты жәй оқудан қарағанда көркем оқудың әсері ерекше. Жастардың әдеби шығармаға деген сүйіспеншілігі тыңдарманды тәнтті етті. Сондықтан да Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы жыл-сайын осындай биік деңгейде ұйымдастырылуы қуантады,- дейді «Абай» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Мұратбек Оспанов.

Байқау қорытындысы бойынша Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының актеры Еркежан Төлекбек, Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы Теңдік орта мектебінің 11 сынып оқушысы Жанарбек Секел ІІІ орынды иемденді. Ал ІІ орынды Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетнің студенті Құлпынай Өмірбекова еншілесе, І орын Ақтөбе ауыл-шаруашылық колледжінің оқытушысы Алтын Кожановаға бұйырды. Бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысы Ю.Гагарин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Сая Бекбосынова жеңіп алды. Жеңімпаздар арнайы дипломдармен, алғысхаттармен және қаржылай сыйлықтармен марапатталады.

«Абай – ақылдың ақылы, Мағжан – ақынның ақыны» – деп Сәбит Мұқанов айтқандай, поэзия алыптарына арналған мерекелік кештен көрермендер рухани азық алып қайтты.