Жазудың тарихи тағылымдары

Жазудың тарихи тағылымдары

Жазу туралы пікірталас әліпби қа­был­дау мен емле ережелерін дайын­дау кезінде өршиді. Қазақ тілінің тарихын­да осындай жағдайлар 1926 жылы әліп­биге байланысты айтыстар туғанда, 1929 жылы «Қазақ жаңа емлесі туралы декрет» қабылданған кезде байқалды. Осы тұста Қазақстан Орталық атқару ком­итетінің қаулысы шықты. Сол қау­лы­да: «қазақтың төл сөзі үшін де, шет­­тен кірген сөздер үшін де бір ың­ғай ем­ле жасау керектігі» ай­тыл­ған (Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Ал­­маты: Қазы­ғұрт, 2013, 132-б.). Сол кез­­дегі әліпби мен емле мәселе­лерін көтер­ген тартыс­тарда көңілге қоным­ды, сөй­леу­шілер тарапынан ба­йып­ты ай­тыл­ған пікірлер бар, кейде сөй­леу­ші­лер­дің ұсыныс, дәлелдерінің кел­тір­етін мысалдарымен қабыспайтын кездері, мәселелерді жалпы көтеруден гөр­і жекелеген сөздерді қаузап кету бай­қалады. Бірақ қазірге дейін шып-шыр­ғасы бұзылмай келе жатқан ережелер де кездеседі.

Сол кезден қалған мынадай жолдар бар: «шеттен кірген сөздерді қазақ тілінің дыбыс жүйесі мен сөз жүйесі негіздеріне бағындырып жазам деп, орынсыз шет сөздердің түбірін бұзуға болмайды». Солай дей отыра, кісі аттарын бастап, жер-су, ел, халық аттарын, сондай-ақ жекелеген сөздерді де бұзып жазады, түбір сақталмайды: Мысалы, «Бітеу буында орысша «в», сіңіп кеткен ескі сөзден басқа жерде, ылғи «п» арқылы жазылады деген ереже береді де, мысалға: құулақоп, сергейіп», сон­дай-ақ ушакып, т.б. сөздерді келтіреді. Шеттен енген сөздер туралы тағы да: «Олар шапшаң қаттанып, жазу үй­ренуге, қалықтың жалпы сауаты ашылуына қиындық келтіретін болмасын. Бұл үшін шеттен кірген сөздердің арпағырапасы қазақ тілінің заңына қайшы келмеуі шарт», – дейді (аталған еңбек, 140-б.). Бұл пікірден орфогра­фия мәселесінде шеттілдік сөздің жазылуында грамматикалық жақтан тұлғалануы мен түрленуіне де басымдық берілгені байқалады. Бір нәрсе анық, шеттен ен­ген сөздердің емлесіне дәл бүгінгідей барынша көңіл бөлінген: ия-мен аяқталатын сөз­дердің соңын «е»-мен жазу, акция – әксе, индустрия – үндістіре, логия-ға аяқ­тал­ғандарын жағырапы, потығырапы, істенғырапы, түрікілоғы, кондуктор - қандоқтыр, сепаратыр, т.б. смета – ісмет, пәбірік, әптек түрінде жазу. Айта кету керек, бүгінгі ұсынылып отырған емле ережесінде шеттілдік сөздерді сындыру кирил негізді әліпби үшін жасалған ережеден әлдеқайда ілгеріледі. Осы ережедегі ійтіншек, етістіктің ырайы (143-б.), тыйын – тыйынға (тиінге емес) сөздерінің жазылуы ый-мен келетін сөздердің айтылымға сәйкес жазылғанын байқатады (сонда, 144-б.). Қый, сый, тый сияқты буындардың құрамындағы ый-дың жазылуы нормаланғаны көрініп тұр, бірақ сол кездегі зиялыларды басқа мәселе алаңдатқан, ол ұ-ның, яғни еріндік дыбыстардың 2,3-буынға өтпеуі, болмаса, соңғы буындарға шығуын болдыртпау мәселесі: оқыйтын (оқый­тұн емес), көретін (көретүн емес). Ескер­ту­лер былай деп берілген: 1. «тын» жұр­нағы естілуінше «тын» болып жазылады: 2. «ұу», «үу» жұрнағы естілуінше жуан сөзде «ұу», жіңішке сөзде «үу» болып жазылады. Мысал: оқу (оқыу емес), жазу (жазыу емес) т.б. Және бір ерекшелеп айтылуға тиіс мәселе ерін үндестігіне қатысты орын алған: үшін (үшүн емес), құ­рып (құрұп емес), күрек (күрөк емес), құуыс (қуұс емес).

Ал 1940 жылы қазақтың алфавиті мен орфографиясын жасауда мынадай ерекшеліктер ескерілген: дәлелсіз пікір айтылмайды, яғни әрбір сөз, пікір мысалмен дәйектеледі; мысалдар нақты ізденістер негізінде, зерттеу­лерге сілтемелер келтіріле отырып бері­­леді. Әсіресе диалектілік сөздіктер жақ­­сы пайдаланылған, яғни тарихи сөз­­дер­­дің байырғы түбірі анықталып, он­­д­ағы дыбыстық өзгерістердің эволю­циясы көрсетіліп, соған орай жазу­дағы ерекшеліктердің пайда болуын дәлел­деуде көп көмегі тиген; қазіргі кезде даулы болып отырған ми, си сияқты сөздердің ый буынымен жазылуын нормаға айналдырған; айтылу барысында дыбыстар алмасуының тарихи, фонетикалық себептері ғылыми түрде дәлелденген; қатаң, босаң нормалар туралы алғаш рет дәлелді пікірлер айтыл­ған; дыбыстардың фонема болуы­на, мағына айырушылық қызметке же­гі­луіне байланысты дәйекті пікірлер кел­тірілген; қазақтың дыбыстарына арнайы таңба алынған т.б. Осы норманы түзу­дегі С.Аманжолов еңбегін ерекше атап өту керек.

Бұл айтылғандар – жазу тарихының бір үзіктері ғана. Бір кездерде жазуға байланысты туындаған қиындықтардың қалай шешілгенін жазу тарихына қарай отырып аз да болса бағамдауға мүмкіндік беретін үзіктер. Ал қазіргі кезде осы тарихи кезеңдердің тәжірибесін ескере отырып, әлеуметтік жағдайларды, қоғам­ның сапа­лық өзгерісі мен әлеуметтік топ­тары­ның коммуникативтік жағдайын назарда ұстап, бүгінгі емле ережелерін түзу міндет. Бір нәрсе анық, ол – емле ережелері оқу мен оқытуда қиындық тудырмауы тиіс, мобильді заманның ағымын дұрыс түйсіну керек, яғни сөз тұрқын қосарлы дыбыстар арқылы ұзартып жіберуден абайлау. Егер ұзартар болсақ, кірме сөз бен төл сөздер құрамын да ұзарту керек бола ма, әлде кірме сөздер өзгеріссіз қала ма, қосар ды­быстарға қатысты екі түрлі (төлтілдік және кірме сөздерге байланысты) ереже түзу керек пе т.б. Екіншіден, қазіргі қол­даныстағы емлемен тәрбиеленген жастарды (болашағымыз), орта (әлеуеті әлі жоғары) және үлкен буынның мүдде­лері қайткенде ескеріледі т.б. Емле ере­же­лерінде тілдің грамматикалық (мор­фо­логиялық, синтаксистік) үдеріс­тер ту­дырып жатқан өзгерістері назар­сыз қалмауы тиіс. Яғни түбірден бас­тап, сөздердің бірігуі, бөлек жазылуы, дефис­тердің функциясы, гибрид сөз­дер­дің, тіркестердің атаулануы т.б. – бәрі де қамтылуы керек. Төл сөздер тілдің тіні, оларды жазуда төңкеріс жасалмайтынын да ұғыну керек, өйткені ол тілдің консервативті саласы – грамматикасымен тығыз байланысты. Айтылымға бағындыруды біржақты түсінуге жол бермеу. Яғни түбірдің (негізінен бір және екі буынды, үш буындылар мен төрт буындылар оларға қарағанда аз) ай­тылуы мен жазылуы (ұу, үу, ый, ій-ге бай­ланысты пікірталастар орын алған) және түбір мен қосымша тоғы­сын­дағы, сөз бен сөздің тіркесімі кезін­дегі ықп­алдардан туындайтын айтылу ерекше­ліктері (бұл ерекшеліктерді түбір арқылы реттеуге болады).

Қазақ әдеби тілін тек көркемсөз шебер­лері ғана емес, түрлі әлеуметтік топ­­тың өкілдері жасайтындықтан, әдеби тілдің әралуан әлеуметтік тегі барын, өркениетпен тамырласып жат­қа­нын жоққа шығаруға болмайды. Сон­дық­­тан бүгінгі өркениетті замандағы әдеби тілдің тағдыры мәдени жақтан салмақтылығымен, сөздік қорының бай­лы­ғ­ы­мен, әдеуметтік базасының күшті­лі­гімен, саяси күштердің тіл тағдырына араласуымен шешіледі.

Қазіргі әдеби тілімізде жазу мен қалыптасқан жазба дәстүр, базалық үлгілер бар. Ендеше оның бәрін сындыру, бұзу қаншалықты орынды? Дәл қазіргі уақытта жазу мен айтылым, орфо­­графия мен орфоэпия екі бөлек сала екенін көзі қарақты адам түсі­неді. Айтылым мен жазылымды бір­дей ету, оларды тең құқықта ұстау­дың өзі ғылыми тұрғыдан дұрыс па? Біз­дің­­ше, жазудың күн сайын артып бара жат­қан қызметін ескеріп, жазудың қолай­лы­­лы­ғын алдыңғы орынға шығару дұрыс болар еді. Екіншіден, өткен тарихи кезең­дерге қарағанда жазу туралы түсі­нік кеңіген. Жазу түрлері туралы көп ақ­па­ра­т­тардан хабардар бүгінгі қауым­ға жазылуы қиын сөздердің сөз­дігін шы­ғару арқылы да біраз емле мәс­е­лесін рет­теуге болатынын еске салу артық бол­мас. Ал орфографиялық сөздіктердің жиі шы­ғарылуы мен ондағы жазу нор­ма­ларының өзгеруін (тіл заңды­лық­тары негізінде болса да!) ауыр қабыл­дай­тын жазармандар қалыпқа келген жазуды, жекелеген сөздерді таң­балау­ды жиі өзгертуді құптамайды, тұрақ­ты­лық­ты талап етеді. Жазудың мәрте­бесі тіл тағ­дырының жазуға телулі­гі­нен, нор­ма­лау­шылығынан (өйткені ауызша сөз үнемі өзгерісте болады, бұл жағдайда норма тұрақтылығы туралы сөз етудің өзі артық) көрінеді. Қазақ жазуы шешуші кезеңді басынан кешіріп отырғанын, қай бағытқа болсын асыра сілтеу болмауын ойлаған да артық болмас.