Араб, парсы сөздерінің емлесі

Араб, парсы сөздерінің емлесі

Араб жазуын қолданған дәуірлерде араб, парсы сөздерінің барлығы тек түпнұсқа вариантта таңбаланып келгені мәлім. Бұл үрдіс ХХ ғ. басына дейін жалғасқан болатын. Оның себебін Х.Досмұхамедұлы былай түсіндіреді: «Қазақтың балалары ноғай, сарт мектеп-медреселерінде оқитын болды. Медреселерде араб, парсы сөздерін өзгертіп айту зор күнәға есептелінетін еді. Молдалар қазақ арасында араб, парсы сөздерін бұлжытпай айтуды жазу арқылы үйрете бастады. …Сөйтіп араб, парсы сөздерінің көбі бір жағынан Қазан, бір жағынан Бұхара арқылы өзгермей тілімізге кіре бастады» [1, 92-93 б.]. Осылайша жазу арқылы үйретіліп, бірнеше ғасыр бойы жазба тілде түпнұсқасын сақтап келген араб, парсы сөздерін ХХ ғасырдың басындағы ұлт зиялылары қазақ тіліне икемделген формасымен жазуды ұсынды. Мәселен А.Байтұрсынұлы: «Тобы бөтен болса да қазақ тіліне келіп сіңген, қазақтың өз сөзі болып кеткен араб және парсы сөздері бар. Мысалы арабтан адал-халал, арам-харам, әл-хал. Парсыдан алған ән-әһн, қожа – хоажа сықылды сөздер. Бұлар бұрынғы қалыбында емес өзгертілген. Міне бұ сықылды сөздерді қазақ тілінен қуып шығару ма, я болмаса сақтау ма? Мен өзім сақтау жағындамын», - десе, Д.Сұлтанғазин: «Менің айтатыным араб, парсы сөздерінің әуелгі түрлісін көп заманнан бері қазақ тілінде жүріп бұзылған себебінен араб, парсы наһуыменен жазбай-ақ қазақтың сөйлеуі бойынша жазу жарайды, мәнісіне қарай» дей отырып, кірме сөздерді «бөтен наһу қағидаларымен жазса сол сөздер анық ұғымды болмай, қазақ тілінің түрін бұзады, ерсі көрініп тұрады» деген пікір білдірді, Ғ.Мусин: «…өз аузымыздан қалай естілсе, солай жазу керек», - десе, Ж.Әбубәкір мырза да кірме сөздердің «қазақ күпісін» киген түрін қабылдауды қолдаған [2, 44-48б.; 115-122 б.].

Араб жазуы қолданыста болған кезеңдегі бұл ұсыныс бірден орындала қойған жоқ. Ауызекі сөйлеу тіліміздегі игерілген нұсқасымен жазуға қарсылық танытқандар да, керісінше, солай жазуды қолдағандар да болды. Тіпті кейінгі латын, кирилл әліпбиін қабылдаған кезеңдерде де араб, парсы сөздерінің тілімізге икемделген нұсқасымен қатар көне формасы да жарыса жүрді: әліп, алиф; әскер, ғаскер; арасат, ғарасат; есім, исм; әділет, ғадалат т.б.

Қазіргі таңда араб, парсы сөздерін, әсіресе, діни сөздерді қайтадан түпнұсқасына жақындатып жазу және айту үрдісі белең алып келе жатыр. Оның негізгі себептері мынада:

1) Діни сананың қайтадан жаңғыруы;

2) Арабша сауат ашу курстарының жүйелі орынға қойылуы, соның негізінде халықтың араб сөздерін түпнұсқамен жазып, оқуы;

3) Арабша сауат ашу курстарының «махрадж» ережесі бойынша жұмыс істеуі (Құран аяттарының әрбір дыбысын араб тіліндегі дыбысталуы бойынша үйрету).

4) Жарыққа шығып жатқан діни кітаптардағы араб, парсы сөздерінің түпнұсқаға жақындатылып берілуі.

Осымен байланысты ауызекі тілімізге икемделген бұрынғы формаларымен қатар, араб, парсы тіліндегі нұсқаларын да қолдану орын алды. Мәселен, Алла сөзін Аллаһ, адал сөзін халал, т.б. түрінде жазу және айту дәстүрі қалыптасты. Енді жаңа емледе араб, парсы сөздерін қалай таңбалау керек?

1. Сөз соңында б дыбысымен келетін араб, парсы сөздерін қалай жазамыз? Игерілген араб, парсы сөздерінде сөз соңындағы б дыбысы сақталып та (араб), қатаң п-ға ауысып та (кітап, айып, азап, аспап) орныққаны мәлім. Жаңа емле жобасы бойынша сөз соңындағы б-дыбысын толығымен п-ға ауыстыру ұсынылып отыр. Алайда, осы кезеңге дейін араб сөзін арапқа ауыстырғаннан, сондай-ақ, актив қолданысқа еніп, жазылымы қалыптасып қалған асхаб, мазхаб, хиджаб сынды т.б. бірліктерді де п-мен жазғаннан не ұтамыз? Тілші ғалымдардың уәжі бойынша: «ұяңға аяқталған сөзге қатаңнан басталатын қосымша жалғау тілдік заңдылығымызға сәйкес келмейді, сондықтан арабтың емес араптың, арабқа емес арапқа болуы керек». Алайда, кірме сөздер мен шеттілі сөздерінің барлығы қазақ тіліндегі үндесім (дыбыс үндесімі, буын үндесімі) заңдылығына бірізділікпен бағына бермейтінін де ескеруіміз керек. Мәселен, тіліміздің заңдылығы бойынша түбір мен қосымша бірыңғай жуан, не бірыңғай жіңішке болуы керек. Бірақ -хана, -гөй, -паз, -қор т.б. араб, парсы қосымшалары түбірдің жуан-жіңішкелігіне қарамай осы күйінде жалғанады: дәріхана, ақылгөй, өнерпаз, бәлеқор. Осыларды тілдік заңдылығымызға бағындыруымыз үшін дәріхәнә, ақылғой, өнерпәз, бәлекөр деп, кітап сөзін кітәп деп ауыстырмайтынымыз хақ. Сондықтан халық санасында базалық норма арқылы тұрақтанған араб сөзіндегі және кейіннен жазылымы осылай орныққан асхаб, мазхаб, хиджаб сөздеріндегі б дыбысы жазылымда сақталғаны дұрыс деген ойдамыз.

2. Сөз соңы д дыбысымен келетін араб, парсы сөздері қалай жазылады? Игерілген араб, парсы сөздерінде сөз соңындағы д дыбысы сақталып та (Мұхаммед), қатаң т-ға ауысып та (мақсат, абат, т.б.) орныққаны мәлім. Жаңа емле жобасында: «Төл сөздерде де, кірме сөздерде де д тек сөз басы мен сөз ортасында жазылады, сөздің соңында келмейді» делінген. Алайда, осы кезге дейін д-мен таңбаланып келген Мұхаммед, абжад, жад сөздеріндегі д-ны т-ға өзгерту қаншалықты дұрыс? Екіншіден, егемендік алғаннан кейін «Мәдени мұра», «Ұлттық идея», «Ғылыми қазына» сынды көптеген ғылыми жобалар аясында ескі мұраларымызды халыққа қайтадан ұсыну жұмыстары қарқынды түрде қолға алынды. Осының нәтижесінде ұмыт болған ескі кітаби бірліктер тілдік айналымға түсіп, д-мен таңбалана бастады: фариад (заң еңіреу), хасад (іштарлық), мүртад (діннен шыққан; опасыз), фасад (азғындық; адамгершіліктен шығу). Бұларды актив қолданыстағы сөздер емес десек те, жазылымда дәстүр болып қалыптасқан Мұхаммед, абжад және кейінгі кезде компьютерлік технология саласында термин ретінде орнығып кеткен жад (жедел жад, арнайы жад, ішкі жад, сыртқы жад, флеш-жад, базалық жад, бейнежад, бүркеме-жад, голографиялық жад т.б.) сөздеріндегі д дыбысы жазылымда сақталғаны дұрыс деген ойдамыз.

3. Құрамында ф дыбысы бар араб, парсы сөздері қалай жазылады? Игерілген араб, парсы сөздерінде ф дыбысы сақталып та (саф, халифат, халфе, фатиха, фәни т.б.), қатаң п-ға ауысып та (пәлсапа, тарап, парыз, перзент, періште т.б.) орнықты. Қазіргі таңда діни сөздер қайтадан актив қолданысқа ене бастағаны мәлім. Мәселен, арафа, афсун, ихфа, махфуз, мунафиқ, фідия т.б. Біздің ойымызша, ауызекі сөйлеу тілінде әлі толықтай игерілмеген сөздердің құрамындағы ф дыбысының жазылымда сақталғаны дұрыс.

4. Құрамында х, һ дыбысы бар араб, парсы сөздерін қалай жазу керек? Игерілген араб, парсы сөздерінде х, һ дыбыстары түсіріліп те (ақиқат, айла, Алла, т.б.), сақталып та (тарих, рух, ахуал, жиһаз, жиһангез, қаһарман т.б.), қатаң қ-ға ауысып та (қажы, қожа, құрмет, т.б.) орнықты. Кейінгі кезде Алла сөзін Аллаһ деп айту және таңбалау үрдісі қалыптасқаны мәлім. Араб тіліндегі жазылымы Аллаһ. Алайда, атам заманнан тілімізде игерілген, орныққан формасын бұзып, түпнұсқасымен жазудың қанша қажеттілігі бар? Игерілген сөздердің барлығын түпнұсқаға жақындатып жаза берер болсақ, кісі есімдері Абдуллаһ, Рахматуллаһ, құдай сөзі худа, неке сөзі никах, күнә сөзі гунаһ т.б. болары сөзсіз. Сондықтан да бұндай сөздердің ауызекі сөйлеу тілімізге икемделіп орныққан формалары сақталуы керек деген ойдамыз.

Пайдаланған әдебиет

1. Досмұхамедұлы Х. Аламан. –Алматы: Ана тілі, 1991. –176 б.

2. Қазақ тілі жөніндегі революциядан бұрынғы зерттеулер. –Алматы:Ғылым, 1993. –232 б.

Гүлфар Мамырбек

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына»

ұлттық ғылыми-практикалық орталығының

жетекші ғылыми қызметкері,

Ұлттық комиссия жанынан құрылған

орфографиялық топтың мүшесі