Сөз атасы өлмесін

Сөз атасы өлмесін

Біз де өзімізше қаруы – қалам, ауызы батыр адамның біріміз. Бірақ қаламым қару екен деп кез келген жерде кезене берген де әбестік, ауызым батыр екенмін деп бейпілауыз болған да өрескел. Сөз қадірін түсінетін, мәйегін мәпелей білетін тәрбиелі, тәлімді адам кездестірсек жанымыз тұщынып, өз ана тілінде ойын жеткізе алмайтын өресіз жанды жолықтырсақ – қарнымыз ашатын кездеріміз соңғы уақытта жиірек боп жүргенін несіне жасырайық. Сондықтан сөздің атасын өлтірмейік деген ниетпен атадан қалған ақық аманат, ұлттық құндылықтары­мыздан туындайтын асыл сөздердің мәдениеті, сөз әдебі мен астарын ары-бері ақтарғымыз келіп отыр.

Баяғыда Мәтжан деген биден: «Сіздің сөзден жеңілген кезіңіз болды ма?» деп сұрағанда, ол кісі: «Неге жеңілмейін?! Сөздің жанын, сөздің мәнін, сөздің дәмін ұқпайтын надан дүрден күнде жеңілем», – депті. Сол айтқандай, біздің де сөз қадірін ұқпайтын ағайындарымыздан күнде жеңіліп жүрген жайымыз бар. Әсіресе, қыз-келіншектермен жиі сырласамыз. Қатыгез тағдырдан теперіш көрген олардың әрқайсысын «Еңсеңді көтеріп, жарқылдап жүр!» деп жиі жұбатуы­мыз­ға тура келеді. Жылы сөзімізден жылаға­нын қойып, аяқтарынан тік ұрып кеткендер, шүкір, баршылық. Дегенмен «жарқылдап жүр» деген ақылымыздың «жырқылдап жүр» деген сөз емес екенін дұрыс түсінбегеніне налып-ақ қаламыз. Бірақ бұл жалпақше­шей­лік, жағымпаздық емес. Басқаның «қабағын бағып», «көңіліне қарау» деп аталады. Ар жағында бірдеңесі бар адам айтқаныңыздың не шын, не шығарыпсалма сөз екенін өзі-ақ айырып алады. Басқаның қабағын бағып, көңіліне қарап, абайлап сөйлеу – жалтақтық па? Мен мұны әдептілік дер ем. Имам-ағзам­нан: «Сіз неге осыншалықты әдепті болды­ңыз?» деп сұрағанда, «Әдепсіздерді көп көр­ген­нен осындай әдепті болдым» деген екен. Әдептілікті жалтақтыққа теңеп, әлсіз­дік­пен шендестіріп, қорқақтықпен байланыс­ты­ратындар бар. «Мен бетке айтам» деп өзеу­реу­шілердің денінің бетке айтқандары батыл­дық емес, бетке басу, бассыздықтың бір ныша­­ны екенін өздері ойламайды. Шын сөз бен шығарыпсалма сөзден едәуір айырмасы бар алыпқашпа сөздің де жеңіл жүрісті адамдарша өмірімізде өз орны бары рас. Алыпқашпа сөз – көбіне сатпақ-сатпақ ауыздан шығатын лас сөз. Лас сөз былғаныш ауыздан шыққан соң былапытқа айналады. Шикі еттей құрттап, айналасының бәріне, ауаға тарайды. Жұғады. Жұққан дерт адамдарды ауыртады. Осындай лас пікірмен уланған жан сол сөзді ойсыз айта салып, өзгенің жанды жерін мысықша тырналағанын ұқпайды. Кейбіреулері әдейі, өзі рахаттанып, ләззаттануы үшін айтады. Бірақ бұдан ешкім­нің ештеңесі кетпейді, қайта, сол адамның өз бет-бейнесі, ішкі пасық, парық­сыз келбеті әшкере болады. Алыпқашпа деп әдіптеп ат таңып, атау беріп жүрген сөзіміздің тоқетер түп негізі – «өсек». Өсек деген – үздіксіз, күн­діз-түні, қысы-жазы бірдей жұмыс істейтін өсімтал неме.

Сөз ұқпау, сөз тереңіне үңіле алмау деген кемістік салт пен дәстүрді де білмеу, әдет пен ғұрыптарды да байыптамау деген кемшілік­тер­мен барабар. Дала мен малдың тілін жатқа білген атам қазақтың қазіргі ұрпағы ретінде осы құндылықтарымыздың құнын қаншалық­ты бағалауымыз өзімізге тікелей байланысты. Ауыл-елдің бәрін шулатып, бұзықтығымен мазасын алып біткен бір інісін сол төңірекке абыройымен танылған беделді бір ағасы шақы­рып алып жөнге салмақшы бопты. «Қар­ға­йын десе – жалғызы, қарғамайын десе – жалмауызындай» жақынына әбден ашулан­ғаны соншалық, алдына кеп сүмірейіп тұрған інісін көргенде ұрысарға сөз таппай:

– Ей, сен! Не, сен?! Өй сен!.. – деп ала­өкпе болып, шығып кетіпті де, сыртта ойла­нып, «Қатты айтып қойдым-ау?» деп уайым­дап жүр дейді ағасы. Болған оқиға. Керемет мысал емес пе! Ақылы болса әлгі інісі бұл «қатты айтылған сөзден», анығында түк те айтпаған ағасының жанашырлығынан бір қорытынды шығаруы керек қой. Ал санасында сәулесі жоқ адамға сүйектен өтетін ащы сөз тұрмақ, таяғыңыз да батпас.

Психологтар дерттің дені үндемеуден, көнбістіктен, тағы да басқа көптеген төзгіштік мінез-құлықтан пайда болады дейді. Дұрыс делік. Алайда оларды тыңдасақ, жер жүзін бетпақтар мен шайпаулар басып кетпей ме? Билердің шешіміне тоқтап, ақсақалдардың алқа­сын тыңдап өскен ата-дәстүріміздің даң­ғыл жолынан ауытқымай, сабырлы, ұстам­ды, істің аяғын, сөздің артын бағатын адам бол­ғанға не жетсін. Одан да, жаман ой кедер­гі­л­ерді туғызады, жақсы ой оларды жояды дейік. Ойы әсерлі адамның өмірі әсем болады. Сұрық­сыз ойға бойлағыштар сұлу өмір сүре алмас. Дегенмен сабырлылық, ұстамдылық, іс­тің аяғын, сөздің соңын бағу дегенді жалқау­лық­­пен, енжарлықпен салыстырсақ ұтыла­мыз.

Біз кезінде Қ.Мырза Әлі, Т.Молдағалиев, О.Бөкеев, Ф.Оңғарсынова, А.Бақтыгереева, К.Ахметовалардай көптеген қарымды қаламгерлердің шығармашылық кештерін телеарнадан күнұзаққа тапжылмай отырып, соңына дейін қызыға тамашалап, көріп, қараған буынбыз. Сол кездерде сол ақындар мен жазушылардың зәулім ғимараттың кең де жарық залдарына иін-тіресе жиналатын оқырмандарымен кездесулерін біздің шалғай ауылдарда бұлдырап, нашар көрсетсе де, республикадағы жалғыз қазақтілді телеарна бірнеше уақыт бойы үзбей беретін. Қазір көрерменнің сан алуан талғамына сай ана тілді арналарымыз бен ұлттық тіліміздегі түрлі бағдарламалар жетіп артылатын заманда теледидар уақытының басымын шоу мен көңілашар жобалар басып кетті. Ақпарат­тар­дың алапат ағыны аламан-тасыр миымызды айран-асыр ғып талқандап, ойран етіп жатқанда сіз құрметтеген әдебиет кімге керек деп келеке қылатындар да табылар. Әр жас талап өзiне дейiнгi ақындардың он мың жол өлеңiн жатқа бiлуге мiндеттi болғандығымен, әлемді мойындатқан ежелгi Шығыстың өрке­ние­тін өрлеткен өнер, мемлекетін дамыт­қан мәдениет емес пе еді. Бұл тұрғыда еліміздегі үлкен­ді-кішілі тәрбие ошақтары мен білім ордалары өз қал-қадерлерінше жұмыс жүргі­зіп жатқандығын айтпай кетуге болмас. Абай, Шәкәрім оқулары, Мұқағали, Мағжан оқула­ры және Оралхан Бөкей атындағы көр­кем­­сөз бай­қаулары» секілді ауыл, аудандарды қам­тып, облыстан асып, республикамыздың түкпір-түкпіріне дейін тарап, ұйымдасты­ры­лып, қалыптасқан жарыстар, конкурстар тәп-тәуір-ақ. Оқушылар мен студенттердің таным-тәлімін кеңітер ғылыми жобалармен шұғылдандыру ісінің де мұраты асыл. Ішінара қисса-дастандар мен эпостық жырларды жаттау­дан ұйымдастырылып жатқан байқау­лар да «Рухани жаңғыру» аясында деген мақсатқа ие. Бірақ бұлар – оқушылар­дың, жас­тар мен жасөспірімдердің белгілі бір бөлі­гін ғана қамтитын науқандық шара бо­лып қалмауы тиіс. Бірізділік пен жүйе­лі­лік­тің әбден керек жері осы тұс.

Адамның кемшілігінің екі түрі болады: түзелетін кемшілік, түзелмейтін кемшілік. Түзе­летін кемшілігін түсіндіре айтып, жөн­деу­ге болар. Түзеуге келмейтін кемшілігін көр­меуге, байқамауға тырысыңыз. Сонда оны­мен арадағы жылы қарым-қатынасы­ңыз­ды сақтайсыз. Мен көбіне осы ұстанымыма сүйенем. Алайда тойда жас жұбайларға «Үй ішінен үй тігіп, отау құрып жатқандарың құтты болсын!» деп құттықтауларын жолдаған ақкөңіл қонақтардың «үй ішінен үй тігудің» жаңа отау құрудың мағынасын бермейтінін, керісінше, алауыздықтың, ала қойды бөле қырыққандықтың белгісін білдіретінін түсі­ніп, тілектерін түзесе деп арман қыламын. Туған жер тақырыбына жазылған оқушы эссесіндегі «Туған жерім – тал бесігім» деген теңеуді жоғары бағалап, «бестік» қойған ұстаздың бұдан былай «талбесік» деген сөздің біріншіден, өте тар ұғым екенін, екіншіден, туған жерді нәресте бөленетін талбесіктен көрі, айтылып жүрген қарапайым сөз «алтын бесікке» теңесе ғажап жарасатынын біліп, жербесік, талбесік деген ұғымдардың ара-жігін ажырата алса деп тілеймін. Сондықтан балабақшаға барып жүрген сәбиінің өз жасындағы қатарларынан өте озық, аса қабілетті болып өсіп келе жатқандығын, тіпті мектеп бағдарламасындағы тапсырмаларды да меңгеріп үлгергенін «Менің бұл балам өзі осылай, ылғи өмірден озып келеді!» деп қуана сөз еткен жас анаға дарынды балапанының уақыт көшінен қалмай, қатарларының алды болып келе жатқандығын бұл тіркеспен жеткізгені оғаш екенін, «өмірден озу» деген тіркестің қазақта «дүние салу», «қайтыс болу» деген сөздермен синонимдес екенін ерінбей айтып, түсіндіруіме тура келді. Өкпелетіп алмай­тындай жеткізген сияқтымын. Лайым солай болсын.

Осының бәрі – кітапқұмарлардың азаюы­нан болған кемшіліктер. Кітап оқу мәдениетін мықтап қалыптастырмайынша, бұл олқы­лық­тард­ың орнын толтыру кешеуілдей берер де­ген үрейдің қылаң беріп қалуының өзі біз­дер­ді қорқытады. Мектепте жұмыс істеген кезімде жиырма күнде немесе бір айда бір кітап оқып бітіруді оқушыларыма міндет­теп, үнемі қадағалап отырғаным жиі есіме түсіп, қазіргі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалім­де­рін жиі ойлаймын. Мен білетін ол мұғалім­дер­дің бірі қағазбастылықтан бас көтере алмай жүрсе, бірі жыл сайын эксперимент алаңына айналған білім ұяларының мүшкіл халін алға тартады. Мен жұмыс істеген ширек ғасырға жуық жылдарда да алдындағы жиыр­ма-отыз оқушысына әзер ие болған сол әріптестерімнің қайсыбіріне Білім мен ғылым министр­лігінің шығаратын әрбір нұсқама­лары мен жасайтын әрбір реформалары өте жақсы сылтау болып, өздерін ақтап алуларына оң жамбасынан келіп тұр. Англияның Ұлыбритания екенін, Тұманды Альбионның да түбі сол мемлекеттен тарайтынын, тіпті сол елдің дүниежүзі картасының қай жарты шарында орналасқанын да білмейтін ағыл­шын тілі пәнінің мамандары бар екенін ескер­сек, бізге әлі тіл үйренушілермен емес, ең ал­дымен, қай тілді болса да үйретушілермен көбірек жұмыс жүргізуіміздің қажеттілігі туындамақ.

Алда атқарылар іс көп. Міндеттелген ме­же­лер көкжиегі менмұндалайды. Айтулы биік­тен табылуымыз үшін бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарар ауызбірлік пен асқан іскер­лік керек-ақ. Сонда ғана ата-бабалар аманатына адал болмақпыз. Жақсылармен бірге, жақсылықтармен бірге жақсы күндерге жетсек – бақыт деген сол.