​Павлодарда көркемсөз шебері анықталды

​Павлодарда көркемсөз шебері анықталды

Бүгін Павлодар облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен Абай атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің облыстық конкурсы өтті.

Көркем әдебиеттi насихаттауды жандандыру, қазақтың ұлы жазушыларының және ақындарының шығармаларын насихаттау арқылы қазақ мәдениетіне, тілі мен әдебиетіне деген жастардың құштарлығын арттыру мақсатында өткізілген шараға 17-29 жас аралығындағы қалалық және аудандық конкурстардың жеңімпаздары қатысты.

Байқау қатысушылары екі кезең бойынша бақ сынады. Бірінші айналымда қазақтың белгілі ақын-жазушыларының кез келген прозалық шығармаларынан үзінді оқу болса, екінші кезеңде поэзиялық шығармаларын мәнерлеп оқыды.

Үмiткерлердiң өнерiн сарапқа салып, бағасын беретiн қазылар алқасының құрамына: Абайтанушы, тіл жанашыры, облыстың зиялы қауым өкілі Даниял Сабырұлы Әсенов, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, тілжанашыры, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының мүшесі Жұматов Ғалымбек Сағымбайұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының басқарма және алқа мүшесі, Ақсу қаласының құрметті азаматы Светлана Қабидоллақызы Қондыкерова шақырылды.

Байқау қорытындысы бойынша І орынға Павлодар қаласының үміткері Еркежан Төлеубек лайықты деп танылса, Ақсу қаласының үміткері Бәкіжан Кәкім ІІорынды және Шарбақты ауданының үміткері Ақзира Жанайдарова ІІІорынды иеленді. Барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға басқарма тарапынан дипломдар, алғысхаттар және бағалы сыйлықтар табысталды.

Облыстық конкурстың жеңiмпазы Еркежан Төлеубек Петропавл қаласында өтетін республикалық байқауға қатысуға жолдама алды.