Отауы бар, атауы қалай?

Отауы бар, атауы қалай?

Жұртқа ұғынықты болу үшін айтпағымызға бірден көшпей, арыдан қайырып, ежіктей баяндауға мәжбүрміз. Бұған алдын ала оқырмандарымыздан кешірім сұраймыз. Отарлаушы елдің отарланған елдің халқын байырғы халықтық қасиетінен ажыратып, оларды қалың тобырға айнал­дыру мақсатында: тарихи жадын біртіндеп өшіріп, өткенін ұмыттыруға, дәстүрі мен дінінен алыс­татып, ұрпағын рухсыздан­дырып, жаппай мәңгүрттендіруге, елін бөлшектеп, мемлекетсіздендіруге, ұлттық тұтастығынан айырып, ұлтсыздандыруға, сол арқылы жерін біржола иеленіп, бай­лығын барынша қамтып қалуға бағытталған жұлмыр саясатын жүзеге асыруға барынша күш салатыны – ақбас тарих талай рет әр қырынан дәлелдеген шындық. Осындай саясаттың зардабын бірнеше ғасыр бойы басынан өткерген халық­тардың тартқан тауқыметі жан түршігерліктей, тіпті айтудың өзі жүрекке салмақ. Сондай сұрапыл азап өткелінен өткен халықтардың бірі – қазіргі қазақ халқы. Бұл ретте осы халықтың 260 жылға созылған бодандықта тартқан азабының бәрін тізбелеп, талдап таратпай-ақ, тек өткен ХХ ғасырдың отызыншы жылдарындағы кешегі Қызыл империяның әдейі қолдан ұйым­дастырған аштықтың салдарынан ел аман, жұрт тыныш, бейбіт заманда бүкіл халықтың үштен екісінің қырғын тапқанын айтсақ та, айтылғанның әсіре сөз еместігін жете сезіну қиын емес. Сондай-ақ олардың мұны­мен де тынбай, осындай қасіретті қиын шақ­та есеңгіреген елге ес кіргізіп, бағыт-бағдар көрсетіп, жолбасшы болар есті азаматтарын жаппай қудалап, атқанын атып, аман қалғанын топтап түрмелер мен лагерьлерге тоғытуы да сол бір жебір саясаттың қанша­лықты зұлымдықпен жүзеге асырылғанын айқындай түссе керек. Өн бойы осындай сұмдықтарға толы ұзақ уақытқа созылған бірыңғай басыбайлы бодандық тәуелді елдің халқының бойына немқұрайлылық дертін дарытып, ақырында олардың ұлттық рухын өшіріп, өз болмысына деген сүйіспеншілігін азайтып жібереді екен. Басқаны қойып, санаға салмақ түсіріп, ұлттық намысқа тиетін шетін мәселелердің өзіне нем­құрайлы қарап, селт ете бермейді. Мұны тәуелсіздік алып, өз тағдырымызды өзіміз шешетін мүмкіндікке ие болғаннан бергі өткен ширек ғасырдан астам уақыт ішіндегі кейбір тірлігімізден күнде көріп те жүрміз. «Еті өліп кеткен» көнбістік қалып танытып, кейде өзге жұрттың өзіміз жайлы не айтып, не жазса, соны мақұл көріп, ойсыз қайталай беретініміз – соның зардапты салдары. «Бұл қалай?» деп ойласу жоқ. Бұл ретте айтылғанға айғақ үшін, көп келеңсіздікті көзінен тізіп, шұбыртып жатпай-ақ, қазіргі таңда республика жұртшылығының ынта-ықыласын өзіне аударып отырған, бүгінгі күннің өзекті бір мәселесі – жаңадан ашылып жатқан облысымыздың атауына байланысты ойды ғана өздеріңізбен бөліскенді жөн көрдік.

ХІ ғасырда Рим папасының ша­қыруымен «киелі жерді азат ету» үндеуіне үн қосқан Батыс Еуропа мемлекеттерінің біріккен қалың қолы мұсылмандарға қарсы әйгілі «Крест жорығын» бастап, алғашқы кезде біршама жеңістерге жетіп, Иерусалимді алғанымен, одан көп ұзамай айырылып қалғаны да, содан кейінгі бірнеше рет қайталанған жорықтарының бәрінде күйрей жеңіліп, түк бітіре алмағаны да тарих­тан баршаға белгілі. Міне, осы исламға қарсы аттанған «Крест жорығының» бетін қайтарып, оларды жеңілістен жеңіліске ұшыратқан мұсыл­мандарыңыз араб жұрты емес, сол кезде қуатты мемлекет құрып үл­герген селжүктер мен кейінгі Осман им­периясының негізін қаласқан оғыздың ру-тайпалары және Мысырды билеп тұрған қыпшақ-мәмлүктер еді. Бұлардың бәрі де тү­рік­тер болатын. Кезең-кезеңімен қай­та­лан­ған «Крест жорық­тарының» (ұзынсаны – 8) бәрінде де күйрей жеңіліп, масқара бол­ған батысеуро­палықтар бері келе ғы­лыми-техникалық деңгейі жағынан ілгерілеп алға шығып, тарих жазу мүмкіндігіне ие болғаннан кейін түріктерде кеткен ежелгі өшін алу мақ­сатында олардың атын тарихтан өшіруге кірісті. Сол үшін тарихқа «көшкінші» (номад, «кочевник») деген термин кіргізіп, оны «түрік» атауының баламасына айнал­дырып жіберді. Ғылымда өз үстемдігін жүргізген еуроцентрист ғалымдар көшкін­шілерді мейлінше жабайы, тағы етіп көрсетуге күш салды. Сөйтіп, түрік аты ХХ ғасырдың басына дейін дәстүрлі ресми тарихта аталмай, «моңғолтектес» деген атаудың аясында күн кешті. Тек дат ғалымы, Копенгаген университетінің профессоры, салыстырмалы тіл ғылымының маманы Вильгельм Томсен (1842-1927 жылдар) Орхон дариясының жағасынан табылған, бұған дейін қай халықтың мұрасы екені беймәлім болып келген, тасқа қашалған көне жазудың кілтін тауып, сол жаңалығын ғылыми ортаға мәлім еткеннен кейін ғана (1893 жылдың 25 қарашасында) әлем жұртшылығы Шығыста далалық империя деңгейіндегі іргелі ірі мемлекет құрған «Түрік» деп аталатын халықтың болғанын және олардың сол заманда-ақ өзіндік биік өркениетке қол жеткізген елге айналғанын білді. Осыдан кейін ғана тарих ғылымында: «Түрік халықтары VI ғасырда Алтайда пайда болған» деген тұжырым жасалынып, әлем тарихына: «түрік халқы», «түрік мемлекеті», «түрік жазуы», «түрік өркениеті» деген жаңа ұғымдар енгізілді. Бірақ «бұған дейін ешқандай деректе аты аталмаған, заманында теңдессіз далалық алып империя құрған, ерекше өркениетті «Түрік» атты бұл халық VI ғасырда қайдан пайда болды, көктен түсті ме, жерден өніп шықты ма? Жергілікті жұрт­тан ба, жоқ, басқа жақтан ауып келгендер ме?» деген тәріздес мәселелерге жауап берілмеді. Түрік халықтарының тарихы осыдан басталып, олардың бұған дейінгі ежелгі бастау тарихы зерттеусіз, назардан тыс қалды. Еуропа ғылымымен ауызданған кешегі Кеңес тарихшылары да түріктерді еуропалық ұғымдағы «көшкін­шілер» деп танып, оларды «жабайы», «тағы», «қирату­шылар» етіп көрсетуге барынша ұмтылып бақты. Сол «жабайы­лардың» мекенінен келіп, Константино­польді жаулап алып, өздерінің империясын құрған түріктерді «киелі жерден» қалайда қуып шығуды мақсат еткен христиан мемлекеттерінің бірнеше ғасыр бойы түрлі құйтұрқы айла-тәсілдер жасап, күпінің битіндей жабылғанымен, түріктердің жауынгерлік өр рухын сындыра алмағанын білетін Кеңес идеологтары КСРО құра­мындағы түріктектес халықтардың өзара бірігіп, күш алып кетуінен өлердей қорық­ты. Соған орай Кеңес өкіметі орнаған ал­ғашқы жылдарынан бастап, «пантүркизмге» қарсы күрес жүргізіп, жазалау науқанын ұйым­дастырды. Түріктектес халықтардың бауыр­лас туыстығын білдіретін ортақ құндылық­тарды түрлі жолмен жойып бақты. Оларды бір-бірінен алшақтатып, өзара түсіністіктерін шектеу үшін, орыстың тіл мамандарына арнайы тапсырма беріп, түрік халықтарының әрқайсысына арнап жеке-жеке әліпбиін жасатты. Соның сал­дарынан олар бір-бірінің ауызша айтқанын түсінгенімен, жазғанын ұға алмайтын күйге жетті. Ортақ бір түріктану ғылымын іштей ыдыратып, «Алтаистика» деген оқшау отау тікті. Түріктектес халық­тардың әрқай­сысына еншіленген «Әзір­байжан түрко­логиясы», «Қазақ түрколо­гиясы» тәріздес «тү­ріктану ошақтары» пайда болды. Жұлмыр саясат мұнымен де шек­телмеді. Енді олар бүкіл түріктектестерді халықтық бір ұғымға біріктіретін тұтас­тықтың түп қазығы – «Түрік» деген аттың өзін бөл­шектеуге кірісті. 1926 жылы Әзір­байжан астанасы Бакуде түріктанушылардың арнайы конферциясын ұйымдастырып, онда түрік емес, басқа халықтардың өкілдеріне арнайы тапсырмамен баяндама жасатып, өзгелерін зорлықпен көндіріп, бір Түрік атауын бүкіл түріктектестердің басын бірік­тіретін киелі қарашаңырақтық қасиетінен айырып, үшке бөліп тынды. Сөйтіп, осыдан кейін кеңестік тіл ғылы­мында османлылық­тарды: орысша «турок», КСРО құрамындағы түріктек­тестерді: «тюрк», Түрік қағанатын құрғандарды: «тюркют» деп атау басталды. Қазақтың тіл мамандары осының турогын – «түрік», тюркін – «түркі», тюркютін – «көк түрік» деп аударып, ғылымға енгізді. Осыдан бастап түрік түрін өзгертіп «түркіге» айналды. Қазір мектеп оқушысынан бастап, акаде­миктерге дейін түрік демей, «түркі» деп жазады (айтады). Ең ғажабы, мұның бәрі «қайдан білейік» деп бас шайқарлықтай, есте жоқ ескі заманда, болмас орта ғасырда болған дүние емес, күні кеше бәріміздің аталарымыз көзімен көріп, куәгері болған жайлар ғой. Ендеше, осылардың бәрін, яғ­ни кешегі қызылдардың түптегіміздің бір­лігін ұмыттыру үшін әдейі тіл ғылымы­ның заңдылығын бұзып, жалпыға ортақ киелі ұғымның мәнін жойып, бір атауды бірнеше сөзге бөлшектеген қастандығын көріп, біле отырып, немқұрайлылыққа салынып, бір қазақ халқының ғана емес, бүкіл түріктектес халықтардың киелі бесігі – Түрікстанды тәуелсіз ел болып, өз тізгінімізді өз қолы­мызға алғанымызға ширек ғасырдан асса да, сол баяғы құлдық санамен халықты «түркі», мекенін «Түркістан» деп жазуымыз (ай­туымыз) қандай білімділіке, қандай білік­тілікке жатпақ, ойлаңыздаршы!

Бұл жарық дүниенің дидарында «Түркі» деген халық жоқ, болған да емес. Бұл ха­лықтың аты – ТҮРІК! Сондықтан да ол бас­қа түріктектестердің әрқайсысының елдік атаулары: «Тәжікстан», «Қырғызстан», «Өзбекстан», «Қазақстан» деп аталып, жазылатыны секілді «Түрікстан» болып жазылуға тиіс, осылай жазылуы керек! Кез келген атау сөз – белгілі бір ұғымның нақты аты, төлқұжаты. «Кім?», «Не?» деген сұрақ­қа жауап береді. «Түркі» – атау сөз ретінде алғанда бұл талапқа жауап бермей, тіл заңдылығын бұзып тұр. Сондықтан «түркі» (түрік+і) бұл күйінде атаулық мағынасынан, тұлғалылығынан айырылып, басқа атау сөздің анықтауышына айналады. (Мысалы, Түркі шежіресі – «түріктің шежіресі», қазақы бала – «қазақтың баласы», қалмақы ер – «қалмақтың ері» деген сияқты). «Кімнің» деген сұраққа жауап береді.

Жалпы, жаңа облыстың ашылуы өсіп-өнгендіктің, көбейіп ірге кеңейткендіктің белгісі, халықтық ортақ қуаныш. Оның үстіне Түрікстанның жеке облыс болуының ерекше мәні бар. Түрікстан – ежелден бүкіл түріктектес халықтардың ортақ Отаны, киелі мекені, қасиетті төрі, құт қонған қара шаңырағы. Бүгінгі түріктектестердің бәрінің түпкі ата-бабалары осында өркен жайып, әлемнің әр тарабына осы арадан өріс ұзартқан. Сондықтан да ол – Түрікстан, бас­қа стан емес! Сондықтан да ендігі жерде, қа­лыптасқан дағдымен, «көз үйреніп, құлақ­қа сіңісті болып кетті ғой, «түркі» дей берейік, онда тұрған не бар» деген немқұрай­лылықты қою керек. Ұлттық сезімге түрпідей тиетін түркіні қызылдардың өзіне қалдырып, түптегіміз Түрікті қайыра қалпына келтіру – бәріміздің ортақ парызымыз деп білеміз. Алаштың ардақтысы Мағжан ақын: «Түрікстан – Ер Түріктің бесігі ғой» дегенді бекер айтпаған. Сол бесікке сіңген Ер Түріктің өр рухы барын ұмытпайық, ағайын!