Футболдағы қазақ тілі

Футболдағы қазақ тілі

​Жыл өткен сайын қазақ тілінде жүргізілетін телебағдарламалар көбейіп келеді. Бұл – құптарлық жай. Мемлекеттік тілді баршаға меңгерту үшін тілдік ортаны кеңейту аса қажетті шарттардың бірі. Қазақ тілінің мәтіндері қоғам өмірінің барлық салаларын қамтуы тиіс.

Қазіргі қазақ тілінің алдында тұрған ең өзекті мәселе – орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді үйрету. Олай болса, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қазақ тіліндегі берілімдердің кез келгенін жай ақпарат қана емес, қазақ тілін үйрету құралы деп түсіну керек. Солардың ішінде спорт бағдарламаларын қазақ тілінде жатық және ресми тілмен жүргізудің маңызы ерекше. Өйткені спорт бағдарламалары – баршаға тән ермек. Оларды көруге бүкіл бұқара, миллиондаған адам, көбінесе, жастар құштар. Демек, әр спорт комментаторы өзін тек алаңда болып жатқан оқиғаларды сипаттаушы ғана емес, қазақша білмейтіндерге тіл үйретушінің ұлы міндетін атқарушы екенін ұмытпауы керек. Ана тілінде дұрыс сөйлей білуімен, тілдің қадірін кетірмей, тіл үйрететін оқытушылық миссиясын атқарып отырғанын терең сезіне білуі керек.

Өкінішке қарай, спорт комментарийлерінің арасынан бастауышы мен баяндауышы бар, тұрлаулы-тұрлаусыз мүшелері толық, соңынан нүкте қойылған, дұрыс сөйлем табу қиын. Ұғымдардың тонын айналдырып қолдану, қарадүрсін аударма жасап алу, мақалдарды бұрмалап қолдану, ешқандай мағыналық рөл атқармайтын паразит сөздерді тізу, ғылыми теріс мағлұмат беру құбылыстары қазақ тілінде ақпарат таратып жүргендердің бәріне тән. Мысалдар келтірейік.

«Футболдан әлем чемпионаты»

Бұл жерде мәселе «әлем» мен «дүниежүзі» терминдері туралы болып отыр. Узустық мағыналары бойынша «әлем» тұтас материяны – ғарышты (орысша – вселенная), «дүниежүзі» – жер шары (орысша – мир) ұғымын білдіреді. Спорт журналистері мундиаль галактикалардан келген командалар арасында өтіп жатқандай сипаттады. Олар орта мектепте «дүниежүзі тарихы» («әлем тарихы» емес) немесе «дүниежүзілік соғыс» (бүкіләлемдік соғыс» емес) деген қолданыстарды естіп көрмеген сияқты. Журналистік факультетте де ұғымдарды шатастырып сөйлеуге болмайтынын меңгеріп шықпаған. Керегінде ауыздарына бірінші түскен сөзді немесе тіркесті былш еткізіп соға салуға әдеттенген.

«Өнер көрсетті»

Спорт комментаторлары осы тіркеске жабысып алып, ауыздарынан тастамайды. Тіркес «выступал» деген қазақ тілінде тура баламасы жоқ ұғымның орнына қолданылады. Бұл тіркес өнер адамдарына, мысалы әншіге қатысты айтылғанда біршама жатықтау естілгенімен, спортшыларға қатысты айтылғанда адамның құлақ етін жейтін факторға айналады. О баста ауыздарына кездейсоқ түскен тіркесті жаттап алған спорт комментаторларының осы мағынаны беретін өзге нұсқаларды іздеуге жетесі жетпегені көрінеді. Мысалы, футболшы бұрын пәлен клубтың сапында ойнап еді деген формада берілсе, сөйлем әлдеқайда жатық естілер еді, оған ешкім кінә таға алмас еді.

«Көш бастап тұр»

«Англия құрамасы көш бастап тұр» дейді журналистер. Енді осы тіркесті орыстілді азаматтың қалай қабылдайтынына назар аударайық. Ол мектепте қазақ тілі пәнінен «лидер – жетекші» болып аударылатынын үйреніп шыққан. Ал келтірілген сөйлем оның санасына «английская команда стоит во главе каравана» деген формада түседі. Орыс тілінің талғамына, қатаң стиліне үйренген ол мұндай форманы қабылдай алмайды, қолданбайды да. Демек, ол қазақ тілін үйрене де алмайды деген сөз.
Мұның атын қала адамына ауыл лингвемасымен ақпарат жеткізу деп атауға болады. Спорт комментаторлары ұғымдарды шатас­тырып беріп немесе қала тұрғыны қабылдай алмайтын, ауыл лингвемасымен сөйлеп, оларды қазақ тілінен үркітумен келеді. Қала адамына, әсіресе балалар мен жастарға жүк артқан түйелердің тізбегін сипаттайтын, аграрлы қоғам лингвемасымен берілген ақпаратты тықпалауға болмайды. Индустриялы қоғам адамы оны қабылдай алмайды. «Көш бастау» тіркесінің қолданылуы осы құбылыстың бір мысалына жатады.
Қала баласы тіл қолдану практикасында «көш» деген сөзбен күнде ұшыраспайды. Сондықтан ақпараттың «возглавил караван» деген формада барып түсуі оның құлағына жат. «Команда заняла лидирующее положение» деген ұғымды қала баласының санасына «команда жетекші орынға шықты» деп беруге болады. Сонда екі тілдегі ақпараттардың берілуіндегі семантикалық сәйкестік орнығады. Семантикалық сәйкестік болған жерде (лидер – жетекші) тіл оңай меңгеріледі. Ал тіл үйренушінің алған ақпараты мен тіл үйретушінің берген ақпаратында семантикалық сәйкестік болмаса (лидер – караванбашы) тілді меңгеру қиынға соғады. Бұған қоса, тағы бір ескерілер жай, «көш бастау» қазіргі қазақ тілі практикасында тек астарлы мағынада қолданылады. Астарлы мағынадағы сөздер әдеби нормаға енбейді.

«Футбол тойы»

Тіл анархиясы жағдайында орын алған оқшау құбылыс. Келтірілген десемантизациялық әмәлият қажеттіктен туып отырған жоқ, журналистің ойына келген бір сөздің орнына екіншісін жауапсыз қолдана салуынан бастау алып, таралып кеткен, стихиялы қолданыс. Мундиаль – той емес. Той – бірге тұрмыс құруға ниеттенген ер мен әйелдің үйлену сәтін атап өтуге арналған көңілді шара. «Тойлау» сөзі тек отбасын құру үдерісіне қатысты ғана қолданылады.
Қазақ тіліндегі сөз қолданыста «Жамбыл атамыздың 150 жылдық мерейтойын тойладық», «досымның туған күнін тойладық», «8 наурыз – әйелдер күнін тойладық» тектес тіркестер жиі ұшырасады. «Той» сөзі туған күн, мерейлі дата, мерекелік шаралардың бәрінің орнына қолданылатын болды. Енді, міне, «футбол тойы» дегенді де естіп отырмыз. Өте зиянды полисемантизация. Оның абсурдтілігі, біріншіден, қазақ-орыс билингвизмі жағдайында семантикалық сәйкестікті бұзып, ұғымдарды ауыстырып қолданумен тіл үйренуді қиындатуға апарып соқтыруында. Екіншіден, тойлау сөзін туған күн, мерейлі дата, мерекелерге қатысты қолдану қазақ тілін қорлау, тілді сөздік қоры жетпейтіндей, лексикасында «мерекеледік», «атап өттік», «қарсы алдық», «өткіздік» деген сияқты сөз жоқтай, жалаңаштап көрсету болып шығады. Бәрін «тойладық» дей саламыз деп, тіл үйренуші өзге жұрт өкілдеріне осылай түсіндіріп жатудың өзі ұятты, тілдің беделін түсіретін фактор болып табылады. «Свадьба футбола», «свадьба наурыза» тектес қолданыстарды өзге жұрттықтар қабылдамайды. Той (свадьба) сөзін мерекеге, чемпионатқа теліп қолдану олардың санасындағы стильдік схемамен үйлеспейді. «Чемпионат» пен «свадьба» бірі бірінен өте алыс семантикалық өрістерде жатқан сөздер. Осындайдан олардың қазақ тілін меңгеруге құштарлығы кемиді. Жалпы қазақ тілі тез меңгерілсін десек, оны осындай оғаш қолданыстардан арылту керек. Бұл жерде «тойлау» сөзін екі адамның үйлену ­шарасынан басқа мағыналада қолдануға тыйым салу керек.

«Кіп-кішкентай, шағын арал»

Нигерия-Исландия командалары арасындағы ойынға комментарий жасаған журналист Ермұхамед Мәулен тавтологиядан аяқ алып жүре алмайтын қазақ журналистеріне тән дағдысымен Исландияға осылай теріс сипаттама берді. Шынайылығында, Исландия – көлемі жағынан Еуропада екінші орын алатын, үлкен арал. Оңтүстігі мен солтүстігі 306 шақырым, батысы мен шығысы 480 шақырым, аумағы 103 000 шаршы шақырым. Бұл Армения мен Грузия сияқты екі мемлекеттің аумағын қосып алғаннан асып түседі.

«Сары қағаздың авторы болып отыр»

Англия-Панама (23. 06. 2018) арасындағы кездесуде журналист осы формада сипаттама берді. Сары қағаз – ойын тәртібін бұзғаны үшін жасалатын ескертудің белгісі. «Карточканың» қазақша баламасын комментаторлар өздерінше «сары қағаз» атап алған. Сонысымен, бір кездерде паравозды «қара айғыр» дегендей, қазақша сөйлегеннің жөні осы екен деп, қарадүрсін тіркес жасап отыр. Орыстілділердің құлағына ол «стал автором желтой бумаги» болып құйылады. Мұндай вульгаризмді олар қабылдай алмайды. Егер осы ақпарат «ойын тәртібін бұзғаны үшін футболшыға ескерту жасалды» деп берілсе, орыстілділердің санасына «за нарушение правил игры футболист получил предупреждение» болып жетер еді. Бұл түсінікті форма болып шығар еді.

«Ауысым жасалды»

Ауысым – кәсіпорындарда, оқу орындарында ғимараттың тарлығынан жұмысшылардың, қызметкерлердің, оқушылардың, студенттердің өндіріс немесе оқу үдерісін тәулік сағаттары шеңберіне сыйдырып, кезекпен ұйымдастыруы (орысша – смена). Контингенттің мөлшері мен ғимараттың кеңдігіне байланысты мекеме тәулігіне екі кейде үш ауысыммен жұмыс істеуі мүмкін. Ал ойында бір футболшыны екіншісімен алмастыруды ауысым деуге болмайды. Әдеби норманың талабы бойынша қалыптасқан бір терминді екінші мағынада қолдануға болмайды. Бұл жерде ойыншы алмастыру (орысша — замена) тіркесі қолданылғаны жөн.

«Жақын аймақтан тепкен доп»

«Аймақтың» узустық мағынасы астанадан (орталықтан) шалғайда жатқан өлке дегенді білдіреді. Тегі латыннан ауысқан, делдал тілде (орыс тілінде) қолданылып жүрген «провинцияның» эквиваленті. Қазақ журналистері сөздік қорының кемшіндігінен, бұл сөзді «регион», «зона», «массив» сөздерінің, тіпті огородының кез келген бір бұрышының да аудармасы ретінде ала береді. Соның салдарынан, қазақ тілінде осы өрістегі ұғымдарды білдіретін «алап», «атырап», «алқап», «маңай» деген сөздер қолданыстан тыс қалып отырады. Осылай, біртіндеп ұмытылып қолданыстан шығып қалып отыратын сөздер аз емес. Бұл жерде аталған сөз футбол алаңындағы бір нүктені білдіруге қолданылып отыр. Осы сөйлемді комментатор «айып алаңына жақын маңайдан» деп сипаттауы керек еді.

Паразит сөздерді жиі қолдану

Уругвай-Франция арасында өткен матчқа комментарий жасаған журналист бір минутқа жетпейтін кіріспе сөзінде «ендеше» дегенді 9 рет қайталады. Паразит сөздерді жиі қолдану – барлық қазақ тележурналистерінің ортақ ­ауруы. Қай бағдарлама болса да, кімді тыңдасаң да, «ей», «әлгі», «жаңағы», «нені», «нетіп»… деп тұтығып тұрғаны. Бұл – жалпы ақпараттың бұқаралылығын, сөздің бүкіл ел тұрғындарына арналып отырғанын, соның ішінде жастар мен балалар, қазақ тілін үйренушілер тыңдап отырғанын ескермейтін, ана тілі алдындағы, ел алдындағы жауапкершілігін түсінбейтін, аузына келгенді айта беретіндердің үйреншікті әдетіне айналған.
Мәтінде «дәл», «өте», «керемет» сияқты асыра сілтеген сөздерді жиі қолдану қажеттіктен емес, журналистің эмоциясының көрінісі ретінде туындап жатты. «Мүмкіндігі мол» деген тіркес те тыңдаушының құлағын сарсытып болды. Бірде комментатор осы тіркесті ірі есеппен жеңіліп жатқан командаға қатысты ойынның аяқталуына 20 секунд қалғанда қолданды.

«Қос команда», «қос матч», «қос футболшы»

Соңғы жылдары мағынасын ауыстырып, орынсыз айналысқа еніп алған сөздердің бірі «қос» сөзі. Комментаторлар «қос команда», «қос матч», «қос футболшы» деп соға беретін болған. Қазақша «қос» деген сөз орысшаға «пара» деп аударылады. Узустық мағынасы жағынан қазақ сөзі де орыс сөзінікіндей, бірі бірінен ажырамайтын, бірінсіз екіншісі өмір сүрмейтін, үнемі бірге болатын екеуді білдіреді. Мысалы, қос қанат, қос аяқ, қос балақ, қос ат (арба бір дәртелі болғанда). Қостан қосақ деген сөз шығады – отбасын құрайтын ері мен зайыбы дегенді білдіреді. Қазір қазақтар «қостың» коннотациялық реңкін сұйылтып, «екінің» синонимына айналдырып алды. Өте сауатсыз, зиянды қолданыс, тілбұзарлықтың өрескел түрі.

«Өгіз танаға айналғанда…»

Оңтүстік Корея-Германия матчын (27.06.2018) сипаттаған журналист «Тананың басына түскен күй өгіздің басына да түсер» деп соқты. Бұл быламықты талдауды алдымен «тананың» мағынасын анықтап алудан бастайық. «Тана – телка по второму году» (Қазақша-орысша сөздік. А., Дайк-Пресс, 2008). Мінеки, бұл сөздің кең таралған мағынасы осы – екі жастағы сиырдың ұрғашысы. Ал комментаторлардың сипаттауынша өгіз танаға айналғанда алдыңғысы кейінгісінің күйін кешеді екен… Осы жерде әлімсақтан айқын трюизмді қайта түсіндіруге тура келеді. «Өгіздің басына түскен күн бұзаудың да басына түседі». Халық мақалы осылай. Мағынасы өздеріңізге мәлім, ал біздің комментаторлар өгізді танаға айналдырып, біріншіден эволюцияны кері жүргізіп, екіншіден, жыныстық операция жасап (малдың еркегін ұрғашысына айналдырып), айды аспанға бірақ шығарып отыр.

Қорыта келе айтарымыз, қазақ тілінде сөз саптау практикасындағы аномалиялық қолданыстардың орын алуы тек спорт журналистеріне ғана емес, бүкіл қазақ тілінде дат айтушылардың бәріне тән. Бұл құбылыс орыстілді азаматтардың мемлекеттік тілді меңгере алмай жүруінің басты себептерінің біріне айналып отыр. Ресми тілдік орта мейілінше таза, ұғымдары нақты, аяқталған ойды білдіретін сөйлемдерден тұруы керек. Бұл – мемлекеттік тілді үйрену және үйрету үдерісіндегі маңызды әдістемелік бағыттардың бірі.