Ұлт ертеңі үшін жасалған ұлы қадам

Ұлт ертеңі үшін жасалған ұлы қадам

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру - ұлт ертеңі үшін жасалған ұлы қадам. Ұлтымыздың рухани жаңғыруына апарар бірден-бір жол.

Егемен еліміздің еңсесі биіктеп келе жатқан мемлекетіміз үшін Тәуелсіздігіміздің әр жылында тарихи жетістіктерге жетіп, асқар асуларды бағындырудамыз. Солардың бәрі Елбасының жүргізген сарабдал саясатының арқасы екені белгілі. Әр жыл сайынғы Жолдаулары Қазақстанның болашағы үшін жасалатын маңызды қадамдар мен батыл шешімдерге толы. Әр бастаманың, әр бағыттың, әр шешімнің елдің игілігіне арналатыны айдан анық.

Сондай бір ұлт ертеңі үшін жасалған ұлы қадам - қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Аталған шараны орындау мемлекет басшысы "таяу жылдары орындалуы тиіс міндеттердің" бір деп танығаннан-ақ бірден қолға алынды. Үкімет жанынан арнайы құрылған Ұлттық комиссия алға қойылған жұмыстардың бағытын, тәртібі мен ретін айқындаса, 2025 жылға дейін латын қарпіне көшіру жұмыстарының жоспары да бекітілді. Ендігі іс - "жаңа әліпбиімізге" негіздеп емле ережелерін әзірлеу. Бұл ретте, жер-жерлерде қоғамның пікірі зерттеліп, зерделенгені жөн. Әр саланың мамандары өз ойларын айтып, ұсыныстарын білдірсе, ұйымдастырушылар (ережені әзірлеушілер) емле даярлау барысында туындаған кемшіліктер мен кедергілерді назарға алатын болады. Осындай оймен өзім жұмыс атқаратын орталық қызметкерлеріне жаңа әліпбидің соңғы нұсқасын алдарына қойып, сынама ретінде латын қарпінде мәтін жазып, оқып көрген едік.

Әліпбидегі 32 әріптің 24-і: a-а, á-ә, b-б, v-в, g-г, ǵ-ғ, d-д, e-е, j-ж, z-з, k-к, q-қ, l-л, m-м, n-н, ń-ң, o-о, ó-ө, p-п, r-р, s-с, t-т, f-ф, y-ы - жазу, оқу барысында еш қиындық тудырмады. Ал қалған (2 диграфтан басқа ш, ч) төмендегі әріптер жазуда да, оқуда да ыңғайсыздық туғызғаны байқалды. Бұған дейін басқа да мекемелерде өткен кездесулерде айтылған пікір, көзқарастарды ескере келіп, төмендегі ұсыныстарды жариялауды жөн санадым:

һ - h,х емес - һ (jıһaz, qaһarman-жиһаз, қаһарман)

х - х (хalyq, хatshy-халық, хатшы)

ı - и,й емес - і (bılım, kıshı-білім, кіші)

і - і емес - и, й (у тәрізді бірде дауысты, бірде дауыссыз) (jaіlaý, aіqaі, Aіda, bіyl-жайлау, айқай, Аида, биыл)

u - ұ емес - у (bau, ashu, qauyn-бау, ашу, қауын)

ú - ү емес - ұ (búrym, júldyz-бұрым, жұлдыз)

ý - у емес - ү (jýrek, ýі-жүрек, үй).

Бүгінгі күнге дейін жергілікті АТТ (ақпараттық түсіндіру тобы) жүргізген жұмыстарда айтылып, ескерілген, екшеленген ұсыныстар ғана емес, әр сала мамандарының жаңа әліпбидегі, оны қолданудағы - оқып, жазудағы ыңғайлы, тиімді жақтары деуге болады. Әліпбидегі әріптердің тақырыбын талдау барысында көпшілігі жоғарыда айтылғандай көзқарастарын білдіруде. Сондықтан да көптің пікірін жария етуім дұрыс деп есептеймін.

Жуырда Мәдениет және спорт министрлігі тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті "Тіл-қазына" ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталықпен бірлесіп оқушылардан латын қарпіне негізделіп жасалған емле ережесінің алғашқы жобасы бойынша сынақ алғаны белгілі. Осы орайда, аталған орталықтың (Тіл-қазына) атқарушы директоры Е.Тілешовтың "...сынақ нәтижесінде алынған статистикалық, сапалық мәліметтер емле ережелерінің жалпыхалықтық қолдауға ие нұсқасын әзірлеуге септігін тигізеді" - дегенді айтқан. Ендеше, біздің де жоғарыда келтірген ұсыныстарымыз көптің тілегі, пікірі ретінде тиісті жерге жетеді, ескеріледі деген ойдамын.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ұлтымыздың келешегінің кемел, болашағының нұрлы, ұрпағының сауатты болуы жасалған ұлы қадамымызды оң, әрі нық басқанымыз абзал!

Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының

әдіскері Жазира

Муханбетжанова