Музыкалық терминдерді қалай қолданып жүрміз?

Музыкалық терминдерді қалай қолданып жүрміз?

Алматыда ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев­тың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Білім және ғылым үдерісіндегі музыкалық терминология мәселелері» атты ғылыми семинар өтті. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұйымдастырған шараға А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, С.Демирел атындағы университет мамандары қатысты.

Ғалымдар семинар барысында дәстүрлі өнерде қалыптасқан ұлттық көне терминдерді қайта енгізу арқылы білім және ғылым саласының тәжірибелік және теориялық әлеуетін арттыру, латын әліпбиіне көшу барысында әлемдік деңгейде тұрақталған музыкалық терминдердің қолдану аясын кеңейту жөніндегі оқу және зерттеу үдерісін дамыту мәселелері төңірегінде ой өрбітті.

«Кейбір музыкалық терминдер құлаққа сіңіп кеткендігі соншалықты, ешқайсымыз оларды басқа тілден енген термин ретінде қабылдамаймыз. Мәселен, «музыка», «баритон», «оркестр» сөздері – ежелгі грек тілінен; «вокал», «композитор», «кларнет» сөздері – латын тілінен; «виолончель», «пианино», «нота» – италиян тілінен; «валторна», «клавиатура», «туш» – неміс тілінен; «вальс», «балет», «гобой» – француз тілінен; «романс», «танго», «фламенко» – испан тілінен; «фольклор», «поп-музыка», «хит» – ағылшын тілінен енген сөздер. Дегенмен, бұл музыкалық терминдерді бүкіл халық біледі, түсінеді, ендеше тәржімалаудың қажеті бар ма? Оның үстіне, латын әліпбиіне көшетін болсақ, бұл сөздер түпнұсқа күйінде жазылуы тиіс. Музыкалық білім және ғылым үдерісінде терминдердің тұрақталмаған аудармалары өздігінше іске асқаны да байқалады. Мәселен, «үндестік» сөзі «гармония» терминіне қолданылса, кейде «тональность» ұғымында да пайдаланылады. Мұндай алақұлалық келешек ұрпақты шатастырып, білімсіздік пен сауатсыздыққа әкелуі мүмкін» деді М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры У.Қалижанов. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек аталған мәселелерді ескеріп, ұлттық терминологияны қалыптастыру үшін «Салалық терминологиялық секцияларды құру керек» деген ұсыныс айтты. Бұл ойды музыкатану бөлімінің меңгерушісі Айнұр Қазтуғанова да қолдады. Оның айтуынша, қазақтың ұлттық терминдеріне мазмұнына сай келмейтін анықтамалар берілген. «Мәселен, «күй» – сөздіктерде «кюй» деп жазылып, анықтамасында «аспапты пьеса» деп көрсетілген. «Аспапты пьеса» күйдің мағынасын ашпайды, тіпті онда күй туралы айтылып жатқанын да білмейсің. Жалпы «аспапты пьеса» дегенде композитор шығармашылығындағы «Мимолетность», «Песня без слов», «Ноктюрн» тәрізді туындылар еске түседі. Сондықтан күйге анықтама бергенде «қазақтың ұлттық аспаптық музыкалық жанры» деген ләзім» деді А.Қазтуғанова.
Семинар барысында өзге де ғалымдар музыка терминологиясына қатысты сал­мақты ой өрбітті. Атап айтқанда, Музыкатану бөлімінің бас ғылыми қызметкері, өнертану ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор С.Күзембай «Қазақ музыкасындағы ұлттың өнегелік-рухтық құндылықтары»; А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажыбек «Рухани жаңғыру: ұлттық терминологияны қалыптастыру және біріздендіру»; осы институттың терминология бөлімінің меңгерушісі, филология ғылымының докторы, доцент Қ.Айдарбек «Қазақ терминжасамының ғылыми қағидаттары мен негізгі ұстанымдары»; Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты, доцент А.Омарова «1930 жылдардағы терминология мәселелеріндегі опера сыны»; Музыкатану бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты З.Касимова «Қазақстанның заманауи музыкасындағы терминология мәселелері» тақырыбында баяндама жасады.