"Тіл шебері-2018" байқауы өтеді
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» АҚ мемлекеттік қызметшілер арасында «Тіл шебері-2018» республикалық конкурсын өткізеді.
Жаһандық өркениет пен еліміздің даму бағытына сай үш тілді – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген, жан-жақты білімді, өзінің саласында кәсіби құзырлы мемлекеттік қызметші жастарды анықтап, қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған байқау Ақмола облысы, Бурабай ауданы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында өтеді.
Конкурс үш кезеңнен тұрады:
1. «Тұсаукесер» – берілген тақырыптың мазмұнын қазақ тілінде толық ашу;
2. «Ұлттаным» – қазақ елінің тарихы мен ұлы тұлғалары, қазақ жері және оның аймақтары жөніндегі сұрақтарға орыс және ағылшын тілдерінде жауап беру;
3. «Өнертаным» – берілген жаңылтпаштарды үш тілде жаңылмай айту.
Дәстүрлі шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің қызметкерлері, Ақмола облысы Бурабай ауданының зиялы қауым өкілдері қатысады деп күтілуде.
Байқау мерекелік концертпен жалғасады.
Өтетін уақыты: 2018 жылғы 15 маусым
Іс-шараның басталуы: сағ.: 14.00
Байланыс телефондары: 8 (7172) 40-83-97; 8 701 451 14 17, 8 705 100 59 08