Мемлекеттік сала мамандары бақтарын сынады...

Мемлекеттік сала мамандары бақтарын сынады...

Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баяндалған қазақстандық мемлекеттілік, қоғамның шоғырлану құндылықтары, бейбітшілік пен өркендеу, қоғамдық сананы жаңғырту идеясын нығайтуға бағытталған Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауын өткізді.

Мемлекеттік сала мамандары бақтарын сынады

Мемлекеттік тілдің қазіргі қоғам өміріндегі маңызы мен салмағы күннен-күнге арта түсуде. «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп мемлекеттік тілдің бағытын айқындап берген Елбасы: «Мемлекеттік қызметкерлердің қабілет-қарымдысына, соның ішінде қазақ тіліне қамшы салдырмайтындарына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Әсіресе, мемлекеттік қызметке қабылданған қазақ қазақша сөйлеуі керек. Болмаса, басқа ұлттың өкіліне қалайша мұндай талап қоя аламыз?..» деген болатын. Жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында да мемлекеттік тілдің маңыздылығын әрдайым қадап айтып келеді. Осы орайда, жер-жерде мемлекеттік тілді дамыту барысында айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілді білу мемлекеттік қызметшілердің ең басты біліктілік талабына айнала бастағанын да жоққа шығара алмаймыз.

Ел Президентінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында баяндалған қазақстандық мемлекеттілік, қоғамның шоғырлану құндылықтары, бейбітшілік пен өркендеу, қоғамдық сананы жаңғырту идеясын нығайтуға бағытталған Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» байқауын өткізді. Байқаудың мақсаты - мемлекеттік тіл саясатын одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру және мемлекеттік органдардағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі өзіндік үлесін айқындау. Байқауға қалалық және округтік басқарушы органдарының 12 мемлекеттік қызметшілерінен құралған 4 команда қатысты.

Аталған байқаудың үміткерлері үш кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңінде сайыскерлер өз топтарының атауы мен ұранын жан-жақты таныстырса, екінші кезеңде «Мемлекеттік қызметшінің әдебі және мінез-құлық нормалары» бойынша латын графикасында берілген мәтінді оқып, жағдаяттық сұрақтарға жауап берді. Ал Қазақстанның киелі картасы «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деген үшінші айналымда экранда көрсетілген Қазақстанның киелі жерлерінің суретіне қарап берілген нысанның қысқаша сипаттамасын, тарихын баяндау керек болатын.

Байқау қорытындысы бойынша, Арқалық қаласы әкімдігінің қаржы бөлімі (бас маман – Меруерт Қоеке), «Арқалық қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы» (бас маман-Бибигуль Ержанова) мен «Қала әкімінің аппараты құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінен» (бас маман-Қырмызы Аубакирова) құралған «Астана» тобы орталықтың алғыс хатымен марапатталып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қостанай облысы бойынша филиалының Арқалық бөлімі (маман Теміржан Смагулов), «Арқалық қаласы Родина ауылы әкімі аппараты» (бас маманы Нургуль Сатанова) мен «Арқалық қаласы әкімдігінің құрылыс, сәулет, қалақұрылысы бөлімі» (бас маманның міндетін атқарушы Умиржан Абдибеков) ММ-лерінен құралған «Ұлағат» командасы ІІІ орынға ие болды. Ал ІІ орын «Арқалық қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» ММ (бас маман Нұрсұлтан Тоқбаев) мен «Арқалық қаласы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі» (Самал Катешова, Руслан Сақан – бөлімнің бас мамандары) ММ-лерінің «Зерде» құрама командасына бұйырды. «Арқалық қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі» ММ қызметкерлерінің «Мәңгілік ел» командасы (құрамында Дархан Ахмадиев– бас маман, Айдана Жубанова – бас маман, Гулжанат Дуйсенова – сектор меңгерушісі) өздерінің ынтымақтастық пен білімділіктерінің арқасында жеңімпаз болып танылды және байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Барлық қатысушыларға І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен, алғыс хаттарымен қоса, бағалы сыйлықтар табысталды.

Мемлекеттік қызмет қашанда мінсіз болуы тиіс. Себебі, елдің ертеңі соларға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, олар билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиіс. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын, адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететініміз анық. Олар тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана, елдің ертеңі нұрлы болмақ. Ендеше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтпақшы, халыққа адал қызмет ету және еліміздің ұлттық мүддесін тиімді қорғай білу миссиясын орындап, мемлекетіміздің беделі үшін еңбек етіп жүрген ұлтжанды жандардың қатары көбейе берсін демекпін!

Жазира Муханбетжанова, әдіскер