Славян жазуы мен мәдениеті күніне орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді

Славян жазуы мен мәдениеті күніне орай халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді

​Қазақстанда жыл сайын 24 мамырда славян жазуы мен мәдениеті күні кеңінен аталып өтіледі. Аталмыш күні республиканың барлық өңірлерінде әртүрлі іс-шаралар, дөңгелек үстелдер, конференциялар, концерттер, кітап көрмелері, байқаулар, сайыстар ұйымдастырылады.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті славян жазуы мен мәдениеті күні құрметіне орай ағымдағы жылдың 24 мамырында «Түркі-славяндық қарым-қатынас: жазба ескерткіштерден дисплейлі мәтіндерге дейін» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізеді.

Конференция мақсаты – Қазақстан этномәдени кеңістігіндегі славян тілдерінің алуан қырлы қызметі мен оларды сақтап қалу мәселелері жөнінде пікір алмасу, орыс және өзге де славян тілдерін оқыту бағытындағы жинақталған тәжірибелермен алмасу, ғасырлар тоғысындағы славян және түркі халықтарының өзара тығыз қарым-қатынастарының жолдары мен құндылықтарын талқылау.

Конференцияда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың«Тіл мәселесіне қатысты Қазақстанда қол жеткізілген жалпыұлттық келісім – бұл біздің «алтындай қымбат шешіміміз» екеніне нық сенімдімін» деген қағидасын нақтылай түсетінславянтану, түркітану, тілдік қатынас, аударматану, әдебиеттану салаларындағы белгілі ғалымдар баяндама жасайды.

Конференцияға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері мен Мәдениет және спорт министрлігі өкілдері, Қазақстан Республикасындағы дипломатиялық тұлғалар – славян мемлекеттері елшіліктерінің қызметкерлері (ҚР Ресей Федерациясының елшілігі,ҚР Беларусь Республикасының елшілігі, ҚР Болгария Республикасының елшілігі және т.б.), ҚР Президенті жанындағы РМУ «Қоғамдық келісім», ҚР Ресей ынтымақтастық өкілдігі, Қазақстан мен Ресей жоғары оқу орындарының ғалымдары, оқытушылары, мектеп мұғалімдері, оқушылар, студенттер, магистранттар мен докторанттар, этномәдени бірлестіктер, этноағартушылық мектептер мен БАҚ өкілдері қатысады.

Конференция аясында славян филологиясы және тілдік қатынастар бойынша ғылыми, оқу-әдістемелік әдебиеттер көрмесі ұйымдастырылады.

Шара М.Горький атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театрында славян жазуы мен мәдениеті күніне арналған мерекелік концертпен жалғасады.