​Тіл білімінің білгірі

​Тіл білімінің білгірі

Қазақ тіл білімінің аға буын өкілдерінен бір керемет қасиетті көруге болады. Ол оқымыстыларымыздың сан қырлылығы, ғылыми-зерттеулердегі жан-жақтылығы дер едік. Міне, сондай ғылыми шығармашылығының ауқымы кең, әр алуан салаларға тармақталған, атап айтқанда, қазақ тілі білімінің тарихы, графика, орфография мәселелерін, сондай-ақ қазақ тілінің морфология және сөзжасам салаларын зерттеумен қатар, қазақ тілін оқыту әдістемесін де зерделеп, елеулі табыстарға қол жеткізген, бүгінде тоқсан жастың төріне шыққан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, Педагогикалық ғылымдары академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Нұржамал Оралбайқызының еңбегін ерекше айтуға болады.

Қазақ тіл білімін дамытуға үл­кен үлес қосып, қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне үйретуде еңбек сіңірген ғалымның қа­ла­мынан монография, 11 оқу­лық, 15 оқу құралы, 11 оқу бағ­дарламасы, 200-ге тарта ғы­лы­ми мақалалардың тууы тіл бі­лімі білгірінің әр алуандығын көр­сетері анық.

Қазақ тіліндегі етістіктің грам­­матикалық құрылысында са­раптамалық форманттардың кең орын алатындығын жоғары ғылыми-теориялық деңгейде зерделеп, 1971 жылы қорғаған «Қазақ тіліндегі етістіктің ана­­ли­тикалық форманттары» ат­ты докторлық диссертация­сын­да ұсынған идея­лары ғы­лы­ми жұртшылықтың ерекше назарын аударған еді. Тек қа­­зақ тіл білімі емес, жалпы түр­кологияда да шешімі әр­түр­лі пікір қайшылықтарын тудырып жүрген мәселеде жаңа ба­ғыт ұсынды. Оған ғалымның «Қа­зіргі қазақ тіліндегі етістік­тің аналитикалық формалары», «Қазіргі қазақ тіліндегі ана­ли­тикалық форманттардың құ­ры­лысы мен мағынасы» ат­ты мо­но­графияларындағы ғылы­ми зерттеулері дәлел болады. Сон­­дай-ақ «Қазақ тіліндегі етіс­тік­­тің категориялары», «Қазір­гі қазақ тілінің морфемалары жүйесі» монографиялық ең­бек­тері де грамматика теориясына қосылған ғылыми үлес деп ба­ға­ланды.

Нұржамал Оралбайқызының елеулі еңбектері қазақ тілінің сөз­жасам мәселесімен тығыз байланысты. Сөзжасам мәселесін жа­ңа бағытта, жаңа ғылыми не­гізде жоғары дәрежеге кө­тер­­ген және сөзжасамның ке­йін­гі зерттелуіне соны ба­ғыт сілтеуге, сөзжасамға көз­­­қарас­ты өзгертуге, жаңа идея­­ларға бастауға профессор Н. Оралбайдың жауапты ре­дак­тор­лығымен 1989 жылы жа­рық көрген «Қазіргі қазақ ті­лінің сөз­жасам жүйесі» атты мо­но­графияның маңызы өте зор бол­­ғанын айтуымыз керек.

Монографияда қазақ тіл білі­мінде тұңғыш рет сөзжасам­ның жалпы теориялық мәселелерінің ғылыми негізі жасалды. Бұған дейін сөзжасам жүйесі, оның жалпы заңдылықтары сөз бол­ған емес. Зерттеулердің бәрі не­гіз­і­нен жеке сөз таптарының жұр­нақтар арқылы жасалуы туралы бо­лып келді. 1988 жылы жарық көр­ген профессор Н.Оралбайдың «Қазіргі қазақ тіліндегі сан есім­нің сөзжасамдық жүйесі» атты монографиясында ғалым қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне толық сипаттама берді. Бұл қазақ тіл білімінде тілдің сөз­жасам жүйесіне берілген тұң­­ғыш ғылыми сипаттама болатын. Бұған дейін ол мәселе ре­тінде қойылған емес. Онда қазақ тілінің қалыптасқан өзін­дік жүйесі ұзақ уақыт ішінде талай өзгерістерді өткізіп, қа­лып­тасқаны дәлелденген. Ұзақ уақыт ішінде сөзжасамдық бір­­ліктер қалыптасып, олар­дың қолданылуы, туынды сөз­дердің жасалу заңдылықтары қалып­тасқаны ғылыми тұрғыда дәлелденді, сан есімдердің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет сипатталып, оның өзіндік ерек­шеліктері көрсетілді. Сан есім сөзжасам жүйесінде негізінен аналитикалық тәсіл қолданылады деген тұжырым еңбекке өзек болып, дәлелденіп отырады. Сан есімнің сөзжасамдық бірліктері сан атаулары деп дәлелдеген ға­лым сан атауларынан басқа сан атауларының жасалуы, қо­сылу және көбейту заңдылығы арқылы жасалатын нақты тілдік деректер негізінде дәлелдеп, оның түрлі моделдерін жасаған.

Жоғарыда айтқанымыздай, сан есім сөзжасамы туралы монографияда қазақ тілінің сөзжасам жүйесі тұңғыш рет ғылыми мәселе ретінде сөз бол­са, 1989 жылғы монографияда «Сөзжасамның жалпы мәселелері» арнайы зерттеліп, онда тілдің сөзжасам жүйесі екінші рет толық сипаттамаға ие болды. Сөзжасам жүйесі мәселесінің ішінде сөзжасамдық талдау, туынды сөздер, сөз­жасам негізділігі (мотивация), сөзжасамдық тізбек, сөз­жасамдық ұя, сөзжасамдық мағына, сөзжасамдық тип мәсе­лелері сөз болды.

2002 жылы Ғылым академия­сының Тіл білімі институтының грамматика бөлімі дайындаған «Қазақ грамматикасы» атты өте маңызды, құнды еңбек жарық көрген болатын. Еңбектегі сөз­жасам мәселесі профессор Н.Оралбайдың басшылығымен дайын­далғанын атап өткеніміз абзал. Сөзжасам мәселесі ғы­лым­ның соңғы жетістіктеріне негізделіп, өте жоғары дәрежеде жазылғанын және бай тілдік деректерге негізделіп берілгенін байқауға болады.

Жаңа ғылыми туындылардың өмірге келуіне бағыт-бағ­дар беретін, профессор Н.Оралбай­дың көп идеяларының жас ғалым­дарға ой салып, оның әрі қарай да­муына жол ашқанын, яғни жаңа ғылыми туындылардың өмір­ге келіп жатқанын қазіргі қазақ тіліндегі болымдылық-болым­сыздық категориясы туралы, қазақ тіліндегі заттың күр­делі атауларының теориялық негіздері, қазақ тіліндегі сөз­жасам­дық ұя проблемалардың ғы­лыми-теориялық негіздері, қазақ тіліндегі нөлдік морфема­ның функциялық және семанти­ка­лық аспектісі туралы ғана 10-нан астам докторлық және кан­дидаттық диссертациялар қорғалғаны ғалым идеяларының жалғасын тауып жатқанын көрсетеді.

1989 жылы жарық көрген монографияда ғалым дәлелдеген көкейтесті мәселелер ғылымда танылып, одан әрі дамытылып келе жатқанын, профессор Н.Орал­байдың көтерген жаңа ғылыми мәселелері ғалымның «Қазақ тілі сөзжасамы» оқулы­ғына (2002 жыл) енгені дер едік. Сөзжасам оқулығы қазақ тіл білімінің сөзжасам саласынан қазақ тілінің келешек ма­ман­­дарына толық білім беруді көз­дейді. Сөзжасам пәнінен студенттерге жан-жақты білім беру – оқулықтың негізгі мақ­саты болып айқындалған. Оқу­лықта сөзжасамның жалпы тео­рия­лық негізгі мәселелерінен жет­кілікті дәрежеде мағлұмат берілген. Ол сөзжасам теория­сының зерттелмеуімен байланысты болды. Осы жағ­дай­лар ескеріліп, оқулықта сөз­жасамның мәселелері толық қамтылған. Оқулықта сөз тап­тарының сөз­жасамына да орын берілген. Өйт­кені морфология оқулығында сөз тап­тарының сөзжасамы толық ашыл­ма­ған болатын. Сондықтан ұсы­ны­лып отырған оқулықта сөз таптарының сөзжасамы ғылым­ның соңғы деректері деңгейінде беріліп, әдістеме ілімінің соңғы жетістіктеріне сай модульдік жүйе негізінде жазылған.

Профессор Н.Оралбайқызы­ның тіл білімі теориясымен­ қатар, қазақ тілін оқыту әдістеме­сі ғылымына да сіңірген еңбегі ерекше. «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» (1996) атты оқулықтың жарық көруі ұлттық мектептердегі қа­зақ тілін оқыту әдістемесін дамы­тудың алғашқы бастауы болды деп айтуға болады. Ғалымның бұл саладағы ілімнің ғылыми-теориялық негізін жасаудағы еңбегінің жемісі ретінде қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арнал­ған оқулықтардың, оқу, оқу әдістемелік құралдар мен оқу бағдарламаларының көп­теп жарық көруіне себеп болға­нын байқаймыз.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бола­шаққа бағдар: рухани­ жаң­ғыру» бағдарламалық ма­­қа­­ласында қазақ тілінің бір­тін­деп латын әліпбиіне көші­рілетіні айтылған. Латын әліп­биіне көшкен алыс-жақын ел­дер­дегі тәжірибелерді зерделеп, саралап, оның саяси, әлеуметтік-экономикалық және психологиялық аспектілері терең зерттеліп, мемлекеттік тілді латын әліпбиіне көшіру жобасы бойынша жұмыс тобы үлкен талқылаудан кейін жобаның соңғы нұсқасын ұсынған болатын. Оның Елбасының Жарлығымен бекітілгені белгілі. Енді тілші-ғалымдардың алдында орфография мен орфоэпия мәселесін шешу міндеті тұр. Профессор Н.Оралбайқызының «Қазақ графикасы мен орфографиясы» атты монографиялық еңбегінде ай­тыл­ған тың ойлар мен идеялар осы мәселені шешуде өз септігін тигізер деп ойлаймыз.

Өнегелі ұстаз-ғалым ғылыми кадрлар дайындау ісіне де елеулі еңбек сіңірген қайраткер. Тіл білімі теориясы мен әдістеме ғы­­лымы бойынша жиырмаға жуық ғылым докторлары мен ал­п­ыс­қа жуық ғылым кадидаттарын дайындаған ғалымның шәкірттері республикамыздың жоғары оқу орындарында, ғылы­ми-зерттеу институттарында елі­міз­дің кемел келешегі үшін аянбай еңбек етуде.

Тіл білімінің білгірі, көрнекті ға­лым өзі зерттеген салалары бойынша әрқашанда жаңа бағыт, тың идеялар ұсыну арқылы нағыз ғұламалыққа тән қасиеттерін паш етіп, ғылымдағы өз мектебін қалыптастырған ғалымның әлі де отандық ғылымды дамытуда қосар үлесі қомақты.