Жаңа сөздік жасау – заман талабы

Жаңа сөздік жасау – заман талабы

​Асқарбек ҚҰСАЙЫНОВ, академик, Педагогикалық ғылымдар академиясының президенті:

Кез келген тілдің қанат жайып, өрістеуі үшін оның бірнеше шарттары бар. Солардың бірі – ұлттық терминологиялық жүйесінің мықты болуы. Осы мәселеге терең мән берген елдер ғылым мен білім, техника, технология және т.б. салалардағы тілдің тұғырын биіктетіп, іргетасын нығайтары анық. Елімізде тәуелсіздік жылдары ұлттық терминологияға ерекше мән беріле бас­тады. Көптомдық терминологиялық сөздіктер, әртүрлі жинақтар жарық көрді. Ендігі әңгіме барысы сол Салалық терминологиялық сөздіктер топтамасын жасау жұмыстары елімізде қалай басталғандығы жөнінде болмақ.

1992 жылы Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің ұйымдастыруымен М.О.Әуезов атындағы Шымкент педагоги­калық институтында Салалық терминоло­гиялық сөздіктер жасау жұмысын ұйым­дастыру жөнінде Республикалық ғылыми-практикалық семинар өткізілген болатын. Мен ол кезде министрлікте қызмет жасайтынмын. Семинарды ұйым­дастыру коми­тетінің төрағасы Білім министрі Ш.Шаяхметов болды. Ал Б.Абді­кәрімов екеу­міз министрдің орынбасары мен төра­ғаның орынбасарлығына тағайын­далдық.

Семинар кезінде министр ­баяндама жасады. Оның жұмысына Әбдуәли Қайдар, Өмірбек Жолдасбеков, Айтмұхамед ­Абдуллин сынды ­академиктер, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мен көптеген жоғары оқу орындарында қазақ тілінде дәріс беріп, сала терминологиясын ­жасаумен шұғылданып жүрген профессор-оқытушылар қатысты.

1931-1990 жылдар аралығында 89 салалық орысша-қазақша сөздіктер дайын­далған екен, бірақ олардың көпшілігінің көлемі аз және олар қайта өңделіп, көптеген өзгерістер енгізуді қажет ететін сөздіктер екені анықталды.

Үш күнге созылған семинарда қазақ терминологиясын қалыптастыруға негіз болатын 27 өндіріс пен ғылым саласы анықталып, осы салалар бойынша терминологиялық сөздіктердің сапалы жазылуына жауапты адамдар бекітілді, олар гуманитарлық, жаратылыстану, математика, техника салалары бойынша топтастырылды. Өкінішке қарай, бұл жұмыс объективті және субъективті себептерге байланысты аяқсыз қалды.

1998 жылы «Рауан», қазіргі ­«Мектеп» бас­пасына директор болып тағайындалғаннан кейін, осы жұмысты жандандыруды қолға алдым. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім және Ғылым мен жоғары білім министрліктерімен шарт жасалып, 1999-2000 жылдары, елімізде алғаш рет, 31 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша салалық терминологиялық сөздіктер» топтамасы жарық көрді. Бұл сөздіктерді жасауға 450-ге тарта сала ғалымдары мен мамандары атсалысты.

Сөздіктер топтамасына Елбасы Н.Ә.Назарбаев жоғары баға берді. Бұл еңбекке ҚР Мемлекеттік сыйлығы беріліп, авторлар орден, медальдармен марапатталды.

2012-2014 жылдары Педагогикалық Ғылымдар Академиясында Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту комитетімен жасалған шарт негізінде 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздіктер» топтамасы дайындалып, жарық көрді. 1999-2000 жылдары шыққан сөздіктердің әрқайсысында шамаман 5 мың термин болса, бұл сөздіктерде 10-12 мың термин болды. 31 томдық және 30 томдық терминологиялық сөздіктер топтамалары менің ғылыми жетекшілігіммен дайындалды.
Сөздіктерді дайындау жұмыстары өте мұқият жүргізілді:

– бірінші, салалық терминологиялық сөздіктер дайындау, ең алдымен, сала ғалым­дары мен мамандарының ісі болғандықтан, бұл жұмысты атқаруға 1999-2000 жылдары шыққан сөздіктердің авторлары, сонымен бірге кейінгі жылдары қазақ тілінде оқу құралдары мен сөздіктер жазған ғалымдар тартылды. Жалпы 52 мекемеде – жоғары оқу орындарында, ғылыми-зерттеу институттарында, академияларда, министрліктер мен Парламентте, салалық мекемелерде қызмет ететін 144 ғылым докторы, 120 ғылым кандидаты, жалпы 350-ден аса ғалымдар мен сала мамандары тиянақты жұмыс жасады;

– екінші, сала мамандары мен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі инсти­­ту­тының ғалымдары бірлесе отырып «Қазақша-орысша және орысша-қазақша (екі тілді) салалық ғылыми термино­логиялық сөздіктер топтамасын әзірлеу принциптерін (ұстанымдарын)» әзірледі;

– үшінші, алғаш рет, салалық терминология сөздіктерді жасауда, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары әр томның авторлық ұжым мүшелерімен бірлесе еңбек етті;

– төртінші, авторлық ұжым мүшелері өз сөздіктерін әзірлегеннен кейін бір-біріне жақын салалар топтастырылып, ортақ талқылау жұмыстары жүргізілді. Мұндай ортақ талқылауға бірнеше баламасы берілген терминдер, сонымен бірге авторлық ұжымдар өздері бір шешімге келе алмаған терминдер ұсынылды. Осындай отырыстарда 20 мыңға жуық термин мұқият талқыланды. Оларды талқылауға шамамен 1000-нан аса сағат, 8 сағаттық жұмыс күнімен есептегенде жарты жыл уақыт жұмсалды. Бұл отырыстарда терминжасам мәселесінің ғылыми негіздері, сала терминдерін қалыптастыру жолдары, шетелдік терминдерді дұрыс аудару, көне сөздерді пайдалану тәсілдері, қазақ тілі заңдылықтарының сақталуы және т.б. көптеген мәселелер қарастырылды, елімізде сала терминдерін жасау мектебі қалыптасты;

– бесінші, жасалған терминдерді қабылдайтын да, қабылдамайтын да халық. Сондықтан оларды халықтың талқысына кеңінен салу мақсатында «Ана тілі» газетінде «Оқырманмен ойласу» атты айдармен «Терминжасам: Ұсыныс. Пікір» деген тақырыпта ­2500-ден астам термин, Мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайтындағы «Терминдер» айдарында 1000-ға жуық термин жарияланды, терминдер Педагогикалық Ғылымдар Академиясының сайтына ­орналастырылды;

– алтыншы, дайындалған сөздік­тердің сапасын арттыруға Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Республикалық терминология комиссия мүшелері мол үлес қосты. Әр сөздік Терминкомның алдын ала анық­талған бір мүшесіне тапсырылып, олар сөздіктерді мұқият қарап, мыңдаған тер­миндерге қатысты ұсыныс-пікірлер білдірді. Олар бойынша авторлар тия­нақты жұмыс жүргізді;

– жетінші, барлық сөздіктерді ­Қа­зақстан Республикасы Үкіметі жанын­дағы Рес­публи­калық терминология комиссиясы мақұлдады.
Латын әліпбиін қоғамдық қолданысқа енгізуде осы әліпбимен жазылған термино­логиялық сөздіктер ерекше рөл атқаратынын ескере отырып, оларды әзірлеуде ғылым мен техниканың, экономика мен мәдениеттің жүзге тарта салаларын қамтыған осы 30 томдық «Қазақша-орысша, орысша-қазақша терминологиялық сөздік» топтамасын негізге алу қажет деп есептейміз. Бұл жұмысты төмендегі ретте жүргізуді ұсынамыз:

– бірінші, осы сөздіктер негізінде осындай 30 томдық немесе әр томда 70-80 мыңдай термин болатын, техника, жаратылыстану және гуманитарлық салалар бойынша – 3 томдық сөздіктер дайындау жөнінде шешім қабылдануы керек;

– екінші, сөздік авторлары қатарына кейінгі жылдары сөздіктер мен қазақ тілінде оқулықтар жазған, әсіресе таңдап алынға шетелдік 100 оқулықты қазақ тіліне аудару жұмыстарын атқарып жүрген ғалымдар мен мамандарды тарту керек;

– үшінші, сөздіктерді дайындау үшін қажетті қаржы бөлу және бұл сөздіктердің авторларының құқықтарын сақтау мәселесі шешілуі керек;

– төртінші, бұл сөздіктерді дайындағанда жоғарыда айтылған 30 том сөздік жасауда атқарылған жұмыстар жасалуы қажет деп есептейміз;

– бесінші, дайындалған сөздіктер Респуб­ликалық терминология комиссиясында мұқият талқылануы үшін, комиссия мүшелерін қаржыландыру мәселесі шешілуі керек;

– алтыншы, Республикалық терминология комиссиясының жауапкершілігі мен мәртебесін көтеру үшін оны Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі басқарғаны дұрыс болар еді деп ұсыныс айтқымыз келеді;

– жетінші, Республикалық терминология комиссиясы өз отырыстарында сала терминдерін жасау жұмыстары ұзақ жыл­дардан бері тиянақты атқарылып келе жатқанын ескере отырып, ұсынылып отырған терминдердің ішінде қалыптасқан және халық қабылдаған сала терминдерін бекіту мәселесін қарастыруы керек деп ұсыныс айтқымыз келеді. Бұл аса маңызды іс болар еді. Осы ұсыныс қабылданса, онда сөздіктерде алдымен бекітілген терминдері, содан кейін мақұлданған терминдерді жазуға болады. Осындай жұмыстардың нәти­жесінде латын әліпбиінде сапалы салалық терми­нологиялық сөздіктер дайын­далып, 150 мыңнан аса терминдерді бекітуге болады.

Жалпы терминжасау жұмыстары аса ауыр және көп уақытты қажет ететін жұ­мыстар екенін ескере отырып, оны уақыт өткізбей бастау керек. Латын әліп­биі қабылданып, оның барлық жазылу ережелері бекітілген жағдайда, да­йын­далған терминдерді жаңа әліпбиде жазу көп уақыт алмайды. Басты мақсат, дұрыс терминдер қалыптастыру болса игі.