Түркі жазбаларына арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді

Түркі жазбаларына арналған ғылыми-практикалық конференция өтеді

Ағымдағы жылғы 27 сәуірде Қызылорда қаласы Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университеттің Студенттер сарайында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырмасы бойынша Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығның ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру және байырғы түркілік руханият» атты түркі жазбалары күніне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өтеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болшаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы дәуірлік мәселелерді көтерді. Соның ішінде қоғамдық сананы жаңғырту мәселесі ең алғашқы орынға қойылды. Қоғамдық сананы сақтаушы да, жеткізуші де – ұлттық тіл.

Конференцияның мақсаты – байырғы түркілік руханият арқылы латын әліпбиін қоғамға насихаттау, қолданысын кеңейту, ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын ғылыми зерделеу арқылы көпшілік игілініне айналдыру. Көне, ерте замандарда, орта ғасырлардағы тарихи еңбектер түркілік, жалпы адамзаттық құндылық болып саналады. Қазақтың тарихы мен мәдениетіне қатысты жазылған құнды еңбектердің бір бөлігі түркі жазба тілінде.

Отандық түркітанушы-ғалымдар латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің бүгіні мен болашағын сөз етіп,өзара тәжірибе алмасады. Түркі жазба мұраларын зерттеуде соңғы жылдары қол жеткізген ғылыми табыстар баяндалып, түркі жазбаларын зерделеудегі өзекті мәселелерді шешудің тиімді жолдарын қарастырады.

Республикалық ғылыми-практикалық конференцияға отандық түркітанушы-ғалымдар, қоғамдық және гуманитарлық бағыттағы ғылыми-зерттеу институттарының қызметкерлері, ЖОО-ның оқытушы-профессорлары, жас зерттеушілер, зиялы қауым және БАҚ өкілдері қатысады.

Ісшара түркі мәдениеті мен өнеріне арналған мерекелік концертпен аяқталады.