​«Тіл білгірлері - 2018» сайысы өтті

​«Тіл білгірлері - 2018» сайысы өтті

Қызылорда қаласында облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Туған жер» қоғамдық қозғалысы» қауымдастығының ұйымдастыруымен «Тіл білгірлері - 2018» облыстық байқауы өтті. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауын жастар арасында насихаттау, үш тілді жоғары деңгейде меңгерген жастарды анықтау және ынталандыру, тіл мәдениетінің деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға аймақтағы колледж студенттері қатысты.

Сайысқа қатысушылар төрт кезең бойынша сынға түсті. Бірінші кезең - «Таныстыру». Бұл кезеңде сайысқа қатысушылар үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде) топ мүшелерін, топтың логотипін, ұрандарын таныстырды. «Талаптыға нұр жауар» айналымында топ мүшелері билет арқылы берілген тақырып бойынша үш тілде диалог жүргізді. Үшінші кезең «Ойлы болсаң, озып көр» деп аталды. Бұл кезеңде берілген мақал-мәтелдерде түсіп қалған сөздерді тауып, үш тілдегі (қазақ, орыс, ағылшын) аудармасын айтты. Соңғы сынақ -үй тапсырмасы. «Жеті жұрттың тілін біл» кезеңінде әр топ үштілділік жайлы дайындап келген көріністерін көрсетті.

Сайыс қорытындысы бойынша І орынды М. Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінің «Көптілді ұрпақтар» тобы жеңіп алса, ІІ орынды Болашақ университеті колледжінің «Болашақ жалыны» және Абылайхан атындағы жоғары колледжінің «Көшбасшылар» топбы өзара бөлісті. Ал ІІІ орын Қызылорда гуманитарлық-экономикалық колледжінің «Бейбітшілік» және Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің «Қыран» топтарына бұйырды.

Сайыс жеңімпаздарына басқарманың дипломдары мен ескерткіш сыйлықтары табысталды.