«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды

«Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы құрылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының жарияланғанына бір жыл толды. Қоғамда рухани сілкініс тудырған құжат ұлттық рухты нығайтатын көптеген игі іс-шараларға жол ашты. 

Елбасының 2017 жылғы 26 қазандағы «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлығына сәйкес қазақ тілі əліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Осы ретте, бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының ашылу салтанаты өтті.

«Алға қойған мақсат - өте күрделі, өте маңызды. Неге десеңіздер, біз қазір Елбасының тапсырмасына сәйкес, латын әліпбиіне көшу жұмысын міндетті түрде іске асыруымыз керек. Сол атқарылар шаруалардың үлкен ауыртпашылығы да осы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығына түседі. Біз орталықтың жұмысына толағай табыс тілейміз. Орталықты басқаруға еліміздің белгілі азаматы, дүниежүзіне танымал ғалым, Сенат депутаты болған, қазіргі кезде де еліміздегі үлкен шараларға атсалысып жүрген профессор Ғарифолла Есім ағамызды шақырып отырмыз», - деді орталықтың ашылуында Арыстанбек Мұхамедиұлы.

«Елбасының тікелей айтуымен Үкімет «Тіл-Қазына» коммерциялық емес орталығын құрды. Ең бастысы - Елбасына ризашылығымызды білдіруіміз керек. Ол кісі өткен жылы үш нәрсе барын атады: бірінші - Тәуелсіздік, екінші - Астана, үшінші - латын әліпбиіне көшуіміз. Бұл қазақ тілінің латын әліпбиіне өтуі - ірі мәдени-тарихи шара деп түсінеміз. Тілдің тәуелсіздігі осы ма деп ойлаймын. Өйткені өзіміздің жазуымыз болады. Ел есін жинап, халық болып жетілген кезде өзін бір бекзаттық жолға қарай ынталандырады. Яғни тәуелсіз, өзін-өзі жеткізе алатын дәрежеге жетуі керек. Демек, қазақтың латынға өтуі де маңызды. Біз, әрине, мамандармен, үлкен ағалармен ақылдаса отырып, депутаттармен кеңесіп, ылғи мәселелерді көтеріп отырамыз. Бір аңғарғаным - осы іс ағынды су секілді жүріп кетеді деп те айта алмаймын. Ағынды суда бөгет жатуы мүмкін. Сол мәселелерді қалай алып кете аламыз? Бұның бәрі осындағы және облыстардағы зиялы қауымға байланысты», - деді Ғарифолла Есім.

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия, жұмыс топтарының мүшелері, сондай-ақ ғалымдар, қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым, БАҚ өкілдері қатысты.

Шара барысында Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының мақсаты мен міндеті, жұмыс жоспары сөз болды.