​Латын әліпбиі жаңашылдыққа бастайды

​Латын әліпбиі жаңашылдыққа бастайды

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосатын бағыт беріп, жол көрсетті. Таяу жылдарға қойылған міндеттердің қатарына қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын қойған. Негізінен бұл бүгін басталып, ертең аяқталатын дүние емес. Елбасымыз латын әліпбиіне көшу туралы 2007 жылғы Жолдауында айтып, қазақ жазуын латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығын көрсеткен болатын. Бұл көшу концепциясы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында да айқындалған еді.

Жазуды латын әліпбиіне ауыстыру мәселесі өте күрделі. Ол Шығыс елдеріндегі тіл факторын дамыту тәжірибесінің негізінде кешенді зерделеуді талап етеді. Қазақ жазуын латын графикасына көшіру елімізде қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін нығайта түседі. Президентіміз Н.Назарбаевтың: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деуі осыған дәлел.

Мақала жарық көрген күннен бастап осы мәселе қоғамда кеңінен талқыланып, латын әліпбиінің қазақ тілін дамытудағы маңызы, өзектілігі жан-жақты айтылып келеді. Мемлекет тарапынан нақты шаралар жүзеге асырылуда.

Президентіміз Н.Назарбаев бізге латын әліпбиіне көшуді реттеп, 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын жазуына көшудің нақты кестесін жасауды жүктеп отыр. Ол үшін 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді ұсынуы аса орынды деуге болады. Өйткені, білім мен бағдар беруші оқулық дұрыс болу керек. Дұрыс емес оқулық кімді болсын шатастырады.

Латын әліпбиіне көшу заман талабы. Ол – ХХІ ғасырдағы ғылым мен техниканың, интернет пен ІT технологиялардың тілі. Заманауи технологиялардың тілін игеруде де бірқатар ілгерілеушілік орын алатыны сөзсіз. Латын жазуына көшу арқылы баршамызға біріншіден, бүгінгі техника жетістіктері мен ғаламтор жаңалықтарын ұтымды пайдалана алу мүмкіндігі туады. Екіншіден, латын қарпі түркі тілдес халықтарды жақындастыратын жазу. Үшіншіден, латын әліпбиін қабылдай отырып, тілдік ерекшелігімізді сақтаймыз, шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Сондықтан алдағы уақытта латын әліпбиіне көшуде мерзімді басылымдарды кеңінен пайдалану, қазақ тілді оқытушыларға арналған оқулықтарды дайындау және шығару, латын графикасын мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізу аса дұрыс.

Ұлттық бірлігімізді, бірегейлігімізді, салт-дәстүрімізді, елге, туған жерге деген ұлттық сана-сезімімізді, тілімізді, ділімізді, дінімізді кемелдетуде Елбасы айтқандай, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.