​Ұлттық бірегейлік ұстыны

​Ұлттық бірегейлік ұстыны

Кеше Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қалалық әкімдік пен аталған оқу орны бірлесіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының бір жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Ұлттық бірегейлік – сананы қалыптастыру негізі» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Шараға зиялы қауым өкілдері, оқу орындарының жетекшілері мен ұстаздар қауымы қатысты.

Жиын тізгінін Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев ұстады. Ол басқосуда Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегінің жарияланғанына бір жыл толып отырғандығын баяндап, оның еліміздің барлық саласына жаңаша леп, соны ізденіс әкелгендігін айта келіп, байыпты бағдарламаның қазақ өркениетінің даму үрдісіне қосқан үлесі ауқымды болғандығын жеткізді. Одан кейін қала әкімінің орынбасары елордада бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды.

«Астана әкімдігі бағдарлама аясында бір жыл ішінде 200-ге жуық іс-шара өткізді. Соның ішінде «Тәрбиелік-білім», «Қасиетті Астана» секілді бағыттар шеңберінде бас шаһардың рухани өзектілігін ашатын оқу орындарында ғылыми-конференциялар, ашық сабақтар ұйымдастырды. Бір ғана мысал, былтыр осы оқу ордасының ғалымдарымен бірлесіп, елорданың іргесіндегі Бозоқ қалашығына оқушылар мен студенттердің басын қосып, ашық аспан астында тағылымды тарихи сабақ өтті. Онда ғалымдар көне қалашық туралы ғана емес, өлкенің өткені жайында ғибратты әңгіме жүргізді. Биыл қаланың аумағында орналасқан, түрлі тарихи кезеңдерге жататын мәдени-тарихи, археологиялық ескерткіштердің ішінен 20-дан астамын іріктеп, «Қасиетті Астана» айдарымен кітаптар шығаруды бастаймыз. Сондай-ақ, Көктал мен Қараөткелде сонау көне түркі заманына жататын б.з.д. V ғасырдан келе жатқан қорымдар бар. Соны археологиялық қазбалар арқылы зерттеу үшін, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің белді ғалымдарын шақыр­ғалы отырмыз»,- деді Ермек Аманшаев.

Содан соң әкім орынбасары жиналғандарға «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы аясында шаһардағы С.Сейфуллин мұражайы және «АЛЖИР» мемориалды-музейлеріне қаржы бө­лі­ніп, оған жаңа экспонаттар сатып алынып, соның нәтижесінде мұражайға келетіндердің саны өскендігін баяндады. Сонымен қатар, биыл елордадағы қоғамдық көлік күтетін аялдамаларда тұрған электронды кітапханалар жүйесі енді мектептерде жүзеге асатындығын мәлімдеді.

«Бізді жастардың рухани-мәдени өмірге деген белсенділігі қуантады. Осы тарапта жастармен біраз жұмыстар істейміз. Биыл да былтыр басталған шаралар жалғасады. Бүгін «Рухани жаңғыру» бағдарламасына бір жыл толды. Бұл да бірталай уақыт. Оның қоғамдағы орны мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы рөлі қандай болды? Сол жайында өздеріңізбен ой бөлісіп, пікір алысуға келіп отырмын»,- деді зиялыларға қарата сөзін қорытындылаған Ермек Әмірханұлы.

Одан кейін сөзді ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сейіт Қасқабасов алды. Көрнекті ғалым өз баяндамасында халқымыздың баға жетпес ғажайып мұрасы саналатын ұлттық фольклор жайында кеңірек ой қозғады.

«Елбасымыз 2003 жылдан бастап «Мәдени мұра» деген үлкен стратегия­лық бағдарламаны қолға алды. Осы­ның аясында керемет жұмыс атқа­рыл­ды. Әр сала бойынша 16 секция құ­рылды. Соның бір саласы әдебиет, өнер, және фольклор болды. Осы бө­лімді басқаруға маған тура келді. Сол бағдарлама шеңберінде көп материал жиналды. Әсіресе, Қытай, Иран, Ватикан, Франция және Моңғолиядан тарихи деректер табылды. Олардың бір­сыпы­расы кітап болып басылды. Әлі жарық көрмей жатқандары да бар. Біз «Рухани жаңғыруға» жайдан жай келген жоқ­пыз. Енді жаңғырудан жаңаруға кө­шетін шығармыз. Жаңғыру деген бұ­рынғы қайталау емес, оны жаңа заманға қайта бейімдеу болса, ал жаңарудың мақсаты мүлде бөлек. Онда халықтың санасы өзгеріп, сапасы артып, бір сөзбен айтқанда, адам капиталы күшейеді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы соған себепкер болып отыр. Осындай кезде ұлтымыздың фольклорлық мұрасы үлкен рөл атқарады. Егер менен біреу, Қазақ халқының адамзат өркениетіне қосқан үлесі не деп сұраса, мен оған қазақ фольклоры деп айтар едім. Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен «Бабалар сөзі» деген атпен 100 том жарық көрді. Бұл айтуға ғана оңай»,- деп сөзін бір қорытып өтті академик.

Сейіт Қасқабасов "Бабалар сөзінде" жинақтал­ған ұлттық фольклорды санмен нақты дәлелдеп берді. Мәселен, батырлар жыры – 100, аштық туралы жыр – 57, діни дастандар – 65, тарихи жырлар – 95, шежірелік жыр – 47, аңыз жырлар – 10, жұмбақтар – 2 279, мақал-мәтелдер – 12 277, қара өлең – 6 675 шумақ, мифтер – 77, аңыз – 377, шежірелік аңыз – 328, тарихи аңыз – 612, күй аңызы – 356, ғұрыптық фольклор – 198, хикаят – 200, тұрмыстық әңгіме 1033 түрі жинақталған.

Мелекет және қоғам қайраткері, белгілі ғалым Мырзатай Жолдасбеков өз кезегінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының құндылығын айта келіп, қоғамдағы кейбір келеңсіз жағдайларға жаны ауыратындығын ашынып айтты. Әсіресе, білім саласындағы реформалар мен оқулық жайында, ұрпақтың тәрбиесі туралы ұлағатты ой өрбітті.

Философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім «Жаңғыру тұжырымдамасы» жайында сөз қозғады.

«Біз бұрын бәріміз өтірік айтуға жақын болдық. Жазушының баласы әкесінің шығармасын қазақша оқи алмайды. Бір академиктің немересі өзінің атасының дүниесін білмейді. Соны білсе де өтірік айтты. Яғни, өтірікпен өмір сүрдік. Оны тоқтату керек. Енді қазақ болу керек. Сол үшін үш ұғым ұсынылды. Бұл халқымыздың шынайы болмысын білдіреді. Олар: Мәңгілік ел, Ұлы дала және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Осы айтылған ұғым жайында балаларға сіңімді әңгіме айту қажет»,- деді профессор.

Жалпы конференцияға жиналған азаматтар ел дамуына жаңа өріс әкелген бағдарлама аясында атқарылған жұмыстар мен игі бастамаларды зерделеп, осы бағыт бойынша алдағыуақытта оны тиімді жүргізу үшін ұсыныстар мен өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.