​Cұлушаш Құрманбекова: Жаңғырудың тірегі – ұлттық тіл

​Cұлушаш Құрманбекова: Жаңғырудың тірегі – ұлттық тіл

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы ұлттың өткенін тануға, келешегіне байыппен қарауға үндейтін құнды дүние.

Бұл орайда ғасырлар бойы қалыптасқан ана тіліміздің ахуалы қандай, сондай-ақ қазақтың көрнекті тұлғаларының халыққа насихатталуы қай деңгейде? Өңірлерде оларға мектеп, көше аттарын беру жұмыстары мен Елбасы мақаласында көрсетілген латын әліпбиіне көшуге байланысты нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Осы мәселелер төңірегінде Жамбыл облыстық тіл¬дерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбековамен сұхбаттасқан едік.

– Сұлушаш Сәтбекқызы, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу жайында кеңінен айтылды. Бүгінгі таңда өңірде осы айтулы бастамаға деген қолдау қандай? Нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Елбасы осынау маңызы зор, мәртебесі биік мақаласында «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деді. Қазақ жазуының латын графикасына негізделген әліпбиге көшуі елімізді рухани жаңғыртудың басты өзегі болмақ. Облыста қазақ жазуын латын графикасына көшіру мәселесін кеңінен насихаттау мақсатында бекітілген желілік кестеге сәйкес барлығы 1019 ісшара өткізілді. Облыстық тілдерді дамыту басқармасы қазақ жазуын латын графикасына көшіру жұмыстарын халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында 3 әлеуметтік жоба жариялап, соның аясында 51 ісшара өткізді. Сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы Бірыңғай республикалық күнге орай «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы мен облыстық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, жоғары оқу орындарының ғалымдары мен оқы-тушыларының, зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырларының, білім беру ұйымдарының қазақ тілі пәні мұғалімдерінің қатысуымен өткізілген «Латынға көшу – заман талабы» тақырыбындағы басқосуда қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру мәселесі кеңінен талқыланды. Өз кезегінде республика мен облысқа танымал ғалымдардың қатысуымен өткен «Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау, ұлттық модернизацияның, жаңғырудың мызғымас бөлігі» атты дөңгелек үстел отырысында парламенттік тыңдауда ұсынылған әліпби нұсқасы жобасының жетістігі мен кемшілігі туралы кеңінен айтылып, ұсыныстар берілді. Сонымен қатар елімізге белгілі Шерубай Құрманбайұлы, Ерден Қажыбек сияқты ғалымдар өңірімізге келіп, қолдау көрсетті. Мұндай жұмыстар облыс ор-талығында ғана емес, аудандарда да жалғасын тауып келеді.

– Бүгінде үш тілде білім беруді дамыту маңызды міндет болып отырғаны белгілі. Еліміздің келешегі жастар десек, жастардың көп тіл білгені дұрыс-ақ. Өңірде осындай даралығымен ерекшеленген жастарға қандай қолдау бар?

– Облыста үш тілде білім беруді дамыту бойынша 2017-2019 жылдарға арналған кешенді іс-шаралар жоспарына сәйкес «Полиглоттар клубы» құрылса, барлық аудандар мен Тараз қаласында «Тілдік алаңдар» ашылды. Көп тілді меңгерген қабілетті жастарға қолдау көрсетіп, жан-жақты дамыған бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу мақсатында бірнеше тілді меңгерген жастар арасында «Көп тіл білу – басты міндет» атты облыстық полиглоттар форумы өткізілді. Шара барысында Абай¬дың қарасөздерін қазақ, орыс, ағылшын, неміс, француз, түрік, қытай, испан, қырғыз, өзбек, кәріс тілдерінде орындап, облыс көлемінде жинақталған мәлімет бойынша 300 по-лиглоттың ішінен Тараз инновациялық-гу¬¬ма¬нитар¬¬лық университетінің инженер-бағдарламашысы, 7 тілді жетік меңгерген полиглот, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрсұлтан Әлімбек, Тараз қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, 6 тілді жетік меңгерген және республикалық «Тіл – тұнық ойдың кәусары» олимпиадасының бас жүлдегері Балжан Амангелдіқызы, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің аудармашысы, 7 тілді жетік меңгерген Сабина Жақсылықова өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастарды бірнеше тілді меңгеруге шақырды. Сонымен бірге үш тілді меңгерген жастар арасында «Тілдарын» олимпиадасы, «Тіл – парасат» облыстық байқауы және «Тіл – татулық тірегі» жастар форумы мен мектепке дейінгі ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында «Мен көп тіл білемін» атты жаппай акция ұйымдастырылды.

– Егемен еліміз үшін атау мәселесі де өзекті. Мәселен, жер-су аттарын білу, қазақ даласында өмір сүрген ойшылдарды тану сияқты мәселелер бар. Бүгінде облыста атауларды жаңарту, идеологиялық тұрғыдан ескірген көше аттарын ауыстыру сияқты жұмыстар қай деңгейде?

– Шығыстың кемеңгер ойшылы Конфуций осыдан екі мың жыл бұрын Қытай билеушілерінің біріне мемлекеттегі істерді оң жолға қоюды атауларды дұрыстаудан бастау керектігі туралы «Егер атаулар дұрыс болмаса, сөз-дердің негізі болмайды. Сөздердің негізі болмаған жағдайда іс те жүрмейді және халық та не істерін білмейді», деген екен. Ұлы жазушымыз Мұхтар Әуезов «Біздің қазақ – жер аты, тау атын әманда сол ортаның сыр-сипатына қарай қоя білген жұрт. Қайда, қандай бір өлкеге барсаң да жер, су, жапан түзде кездескен кішкене бұлақ атының өзінде қаншама мән-мағына, шешілмеген құпия сыр жатады», десе, халқымыздың біртуар перзенті Шоқан Уәлиханов «Көне түркі салт-сана, әдет-ғұрпының қаймағы бұзылмаған қазақтарда өмірдің бір саласын қамтитын тарихи оқиғалармен байланысты жер-су атаулары, адам аттары, тағы да басқалары есте сақталып, атадан балаға жалғасып жатады», деп жер-су атаулары елдің болмысы, салт-дәстүрі, тілі-діні екенін, ешқашан жөн-жосықсыз, ойсыз-мәнсіз кездейсоқ қойыла салмағанын білдіреді. Сондықтан еркіндігімізді қастерлеу мен елдігімізді ұлықтауда тарихи жер-су атауларының алар орны ерекше. Бүгінгі ономастика – жай ғана тарихи-мәдени мұра емес, рухани-танымдық, қоғамдық-саяси маңызы бар мәселе. Қазіргі таңда ел өмірінде ұлттық ономастиканы дамыту мен өркендету ісі өзекті мәселелердің біріне айналды. Ел тәуелсіздігімен қатар, ұлттық ономастиканың проблемалық көкжиегі кеңейе түсіп, негізгі ғылыми-теориялық мәселелері өзінің оң шешімін таба бастады. Оның айқын дәлелі – Алтай мен Атырауға дейін созылып жатқан кең байтақ елімізде отандық ономастика талаптарына сай тарихи және топонимикалық атаулар ел ортасына оралды. Өскелең ұрпақ өткен тарихымен жақын танысып, ұмыт бола бастаған атаулармен жүздесті. Тәуелсіздік алған 26 жыл ішінде облысымызда аудан, ауыл, кент, стансалардағы көше атауларын өзгерту, жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілді. 146 елді мекен, 172 нысан, 1924 көше атаулары жаңғыртылып, ұлттық рухымызды көтеретін атаулармен ауыстырылды. Соңғы жылдары облыстың топонимикалық кеңістігін реттеу және оны шешу жолдарын анықтау, ұлттық ономастиканы дамыту мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде, тілдік орта мен ұлттық дәстүрдің қаймағы бұзылмаған біздің облысымызда көптеген географиялық-физикалық және тарихи атаулар мен ұлы тұлғалардың есімдері елді мекендер мен оқу орындарына берілді. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігі жанындағы ономастика комиссиясының 3 отырысы өткізіліп, онда 1 ауылдық округ, 6 елді мекен, 1 саяжай, 237 көшені қайта атау туралы ұсыныстар оң шешімін тапты. Сондай-ақ, облыстық маңызы бар Тараз қаласындағы мағынасы ескірген 238 көше мен атауы жоқ 3 шағын ауданды, 25 көшені тарихи жер-су атаулары мен ұлттық танымға жақын дәстүрлі атаулармен өзгерту бойынша ұсыныстар Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Рес¬публикалық оно-мастика комиссиясында қаралып, оң қорытынды қабылданды.

Республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы қабылданып, 8 мектеп пен 1 кітапханаға халқымыздың мемлекет және қоғам, мәдениет қайраткерлері мен халық қаһарманының есімдері берілді. Сондықтан жер атын, елді мекен, көше атауларын өзгерту ең алдымен елдікке, халқымыздың болашағына, келешек ұрпаққа керек. Бұл – сана тәрбиесінің өзекті саласы, аса маңызды буыны.

– Әңгімеңізге рахмет!