​Заман талабына сай

​Заман талабына сай

Жуырда Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының ұйымдастыруымен «Латын қарпіне көшу: тарих, мәселе және перспектива» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті.

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мем­ле­кеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақ­стан халқына арналған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек.

Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп атап көрсеткен болатын.

Латын графикасын енгізу – ұлт руханиятын жаңа өркениетпен гуманитарлық сапаға жеткізудің алғы шарты. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын графикасына көшу мәселесі қажеттілік қана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып саналады.

Бүгінгі таңда елімізде латын әліпбиіне көшудің барлық алғышарттары мен дайындық жұмыстары жасалып бітті. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері тарапынан да, зиялы қауымның тарапынан да латын әліпбиінің халықтың болашағы үшін пайдалы екені кең көлемде насихатталып келді. Ресми талқы­лаулар мен бейресми отырыстарда халықтың басым көпшілігінің латын әліпбиіне жаппай көшуді қалайтыны анық байқалды.

Жиынның мақсаты – латын әліпбиін қоғамға насихаттау, қолданысын кеңейту, ана тіліміздің жаһандық ғылым мен білімге кірігуін, рухани тұтастығын қамтамасыз ету.

Семинарда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне бағынысты Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Е.Тілешов, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің оқытушылары – Қазақ тіл білімі кафедрасының меңгерушісі, ­филология ғылымының докторы, профессор Ш.Мажитаева, филология ғылымының докторы, профессор Ж.Смағұлов, филология ғылымының кандидаты, доцент Б.Қалиев, филология ғылымының кандидаты, доцент М.Тұрсынова, Қарағанды Болашақ академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, профессор Қ.Сембиев және Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының оқытушылары – филология ғылымының кандидаты, доцент Қ.Хамзина, филология ғылымының кандидаты, аға оқытушы Н.Нығметова, педагогика ғылымының кандидаты, аға оқытушы Қ.Шабденова, филология ғылымының кандидаты, аға оқытушы С.Кенжеғалиев, ­педагогика ғылымының магистрі, аға оқытушы Ш.Жетпісбай баяндама жасады.

Семинарда латын әліпбиінің тиімді тұстары сараланып, әліпбиді ауыстыруға байланысты түрлі пікірлердің ескерілгендігі айтылып, ғалымдар өз баяндамаларында латын әліпбиін қолданысқа енгізуде болатын түрлі шаралар жайлы нақты баяндады.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз ­латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиінің біз үшін де, болашақ үшін де берер пайдасы мол.

Жиын барысында латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің маңыздылығы мен жаңа жүйедегі емле-ережелер сараланды. Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымының кандидаты Е.Тілешов семинарды қорытындылай келе: «Қазір елімізде жаңа қазақ әліпбиін қабылдауға байланысты Ұлттық комиссия және оның жанында 4 жұмыс тобы құрылды. Олар: орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық және сараптамалық-техникалық – ұйымдастыру жұмыс топтары. Бұл топтар жаңа әліпбидің емлесін, сөздіктерді түзуге, әліпбиді сынақтан өткізуге, терминологиялық қағидаттарды қалып­тастыруға, әліпбидің техникалық жағынан қамтамасыз етілуін толық дайын­дауға және насихат жұмыстарына байланысты жоспарлы шаралар атқару үстінде. Яғни жаңа әліпбидің ғылыми және ұйымдастыру жұмыстары ойластырылған. Сондықтан қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі кезең кезеңімен ойдағыдай жүзеге аспақ» деп тұжырым жасады.