​Алаш білімпаздарының тілді оқытудағы әдістемелік көзқарасы мен ұстанымы

​Алаш білімпаздарының тілді оқытудағы әдістемелік көзқарасы мен ұстанымы

ХХ ғасыр басында қазақ зиялылары түрлі салада қызмет етті. Олардың әрқайсысының ғалым, жазушы, журналист, ағартушы-ұстаз әмбебап маман болуы сол кездегі заман талабынан туған қажеттілік еді. Алаш қайраткерлері өз ұлтының келешегі үшін оқу-ағарту саласын жақсартуды көздеді. Осы бағыттағы Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Х.Досмұхамедұлы, М.Тынышпайұлы,Ж.Аймауытұлы, Т.Шонанұлы, Қ.Жұбанұлы, Е.Омарұлы, М.Жұмабайұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Ж.Күдеріұлы, С.Садуақасұлы сынды азаматтардың еңбектері өлшеусіз. Қазақ зиялылары ана тілінде оқулықтар жазып, сөздіктер шығарып, аударма ісімен айналысып, ұлттық ғылым тілін қалыптастыруға күш салды, халықтың сана-сезімін оятып, мәдениетті елдер қатарына қосылу жолында аянбай еңбек етті.

ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде орын алған саяси-әлеуметтік жағдай ел зиялыларының ұлт мүддесі жолында бірігіп, қазақ тілін, әдебиетін, мәдениетін бағдарға алып, бірлесе еңбек етуі – біздер үшін жарқын үлгі. Бұл кезең – қазақ қоғамының рухани жағынан серпілген, ұлттық сананың оянған кезеңі болды. Ұлттың қамын ойлаған зиялылар қазақ халқын алдыңғы қатарлы елдердің сапына қосу үшін қалың бұқараның арасында ағартушылық идеясын көтеріп, халықтың сана-сезімін оятуды мұрат санады. Қазақты оқу-білімге шақырды. Алаш көсемі Ә.Бөкейхан: «Көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе?» дейтін қазақ. Бәрінен білім жүйрік. ... «Білімге жақсы да, жаман да жоқ. Білім – алмас қанжар. Кім қолына алса, соның қолы, салып қалса, жақсы-жаманды айырмай, басты алып түседі», – деп жазды [1, 262]. Алаш дәуірінің рухани көсемі, қазақ тіл білімінің атасыА.Байтұрсынұлы: «Асыл тіл, түзу емле қазақта боларға тиісті. Неге десек: ата кәсібін тастамай істеп келе жатқан – қазақ. Басқа жұртқа араласпай, өз алдына оңаша, оқшау жүрген – қазақ. Жат жазудың ыңғайына қарап, басқалардан тілін бұзуға, арасына жазу жайылмаған түрік баласы – қазақ», – деп тебіренді [2, 395]. Қазақ халқы өз алдына жазу-сызуы бар мәдениетті, оқыған ел болуға толық құқығы бар. Және аз уақытта солай болды да. Қазақстанның болашағы қандай болуы керек? деген мәселеге келгенде, біз бүгін осы ұстанымдарды басшылыққа аламыз. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялыларының ой-тұжырымдары ұлттық идеяның әрдайым тілмен байланысты екендігін байқатады.

Қоғамдық ғылымдар ішінде қазақ тілін оқыту әдістемесі кеш қолға алынып, осы сала бойынша еңбектер кейіннен жазылды. ХХ ғасыр бас кезінде шыққан әдістемелік нұсқаулықтар оқытудың әдістемелік жүйесіне арналмады. Мысалы, сол кезеңдегі «Дала уәлаятының газеті», «Түркістан уәлаятының газеті», «Айқап», «Қазақ» секілді алғашқы қазақ тілді басылымдарда жарық көрген мақалаларда қазақ даласындағы оқу-ағарту жұмыстарындағы кемшіліктер мен мектептердің жетіспеушілігі жөнінде айтылды. Жалпы оқыту әдістемесіне қатысты арнайы жеке жинақ немесе кітап жарыққа шыққан жоқ, жоғарыда айтып кеткеніміздей, тек мақала көлемінде ғана шектеліп отырды. Ал ХХ ғасырдың оныншы жылдарынан бастап оқулықтарда мұғалімге көмекші құрал ретінде оқытудың әдістемелік тәсілдері қосымша беріле бастады. Осы кезеңде шыққан еңбектердің қатарында «Қазақша букварь» (Нұрбаев, Уфа, 1910), «Әліфбе яки төте оқу» (И.Арабаев, Х.Сәрсекеев, Уфа, 1911), «Қазақша ең жаңа әліппе» (М.Малдыбаев, Қазан, 1912), «Қазақша ең жаңа әліппе» (Ж.Андамасов, Уфа, 1912), «Қазақ балаларына жәрдем. Қазақша әліппе кітабы» (Ғ.Сырғалин Қазан, 1913), «Үлкендер үшін әліппе» (Жиюшылар: Ш.Сарыбаев, Е.Қожантаев, Ташкент, 1921), Т.Шонанұлының «Жаңа әліппе», «Орысша қазақ тілін үйреткіш», «Кеспе әліпби», Н.Төреқұловтың «Үлкендер үшін жаңа әліппе», Ә.Байділдин мен Ғ.Мүсірепов бірігіп жазған «Қызыл әскер әліппесі» сынды оқу құралдарын атауға болады.

Ы.Алтынсарин негізін қалаған оқулық жазу мәселесін ХХ ғасыр басында алаш қайраткерлері жалғастырды. Ғасыр басында қазақ ағартушылары А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабайұлы, Т.Шонанұлы, Е.Омарұлы, Қ.Жұбанов, Ш.Сарыбаев, С.Жиенбаевтар қазақ тілі мәселесімен белсене айналысып, қазақ тілін оқыту әдістемесінің қалыптасып-дамуына үлес қосты. ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін игі бастамаларға толы болды. Қазақ халқының ұлттық сана-сезімін арттырып, басын біріктірген, қоғамда орын алған саяси-әлеуметтік шаралар, көтерілістер мен толқулар баспасөз ісінің дамуы мен халықтың жаппай сауаттануға ұмтылуы, алаш қайраткерлерінің атқа мінуі – отандық тарихтың қилы кезеңіне тиесілі айтулы оқиғалар. Ресейде 1917 жылы үкіметті шаруалар мен жұмысшылар қолға алғанына, билікке большевиктердің келгеніне алаш қайраткерлері үлкен сақтықпен қарады. Қайраткер Қ.Кемеңгерұлы да Қазан төңкерісін қуанышпен қарсы алмады. Ол осы уақытта Қызылжар қаласынан шығатын өзі редакторлық еткен «Жас азамат» газетінде «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген саяси-әлеуметтік тақырыптағы мақаласын жариялады. Онда қайраткер Ресейде большевиктердің билікке келіп жатқанына өкініш танытып, қазақ жерінде ондайға жол берілмеу керектігіне шақырды.

Алайда тарихтың шешімі алаш қайраткерлері армандағандай болмады. Жаңа қалыптасқан жағдайда алаш оқығандары жұмыла жұмыс істеуге, бір-біріне одан да мықты ниеттес болуға, жан-жақты қолдау көрсетуге, қазақ мүддесін қорғайтын ғылыми, шығармашылық еңбектерін жариялауға, баспасөз, кітап шығару ісі арқылы халық жүрегіндегі ұлттық сана-сезімнің отын өшірмеуге тырысты.

Қ.Кемеңгерұлының Омбыдан Ташкент қаласына қоныс аударуында да үлкен мән бар еді. Билікке большевиктер үкіметі түгел қол жеткізгеннен кейін Қ.Кемеңгерұлы ұлтына адалқызмет істеуді жалғастырды. Аз уақыт саясат сахнасында болған қайраткер өзінің бар күш-жігерін енді таза шығармашылыққа арнады. Оның жемісі ретінде айналасы он жылдың аясында ғылым мен әдебиеттің сан саласы бойынша бағасы жоғары құнды дүниелерді өмірге әкелді.

Кеңес өкіметі орнағаннан кейін 1923 жылы 22 қарашада «Тіл туралы декрет» қабылданып, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебеге ие болуы – ХХ ғасыр басындағы ұлттық маңызы жоғары үлкен шара. Осыдан кейін мемлекеттік және қоғамдық орындарда қазақ тілінде де іс қағаздарын жүргізу қолға алына бастады. Қазақ тілінің қоғамдық-әлеуметтік қызметі біршама жанданды. Соған байланысты қазақ тілінде оқулықтар шығару; мектептерді қазақ тілінде жазылған оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету; қазақ тілінде сабақ беретін мұғалімдерді дайындау; орыс мектептерінде қазақ тілін міндетті пән ретінде оқыту сияқты шаралар жүзеге асырыла бастады.

Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуы, қазақ халқының әлеуметтік-мәдени дамуы, қоғамдағы өзгерістер жаңа оқулықтар мен тың бағдарламаларды керек етті. Қазақ тілінің қоғамдағы орнына байланысты зиялы қауымның алдында мынадай үлкен міндеттер тұрды:

қазақ тілінде оқулықтар шығару;

мектептерге арналған пәндік кітаптар болмағандықтан оқу орындарын қазақ тілінде жазылған оқулық, оқу құралдарымен қамтамасыз ету;

-қазақ тілінде дәріс беретін мұғалімдерді дайындау;

орысмектептеріндеқазақтілінміндеттіпәнретіндеоқыту[3, 3]

шаралары жүргізіле бастады. Қазақ тілінің заңды тұрғыдан мемлекеттік мәртебе алуы оқыту саласына да өз ықпалын тигізбей қоймады. Оқу орындары үшін жаңа оқулықтар жазып, жаңа бағдарламалар құрастыру қажет болды. Оқу орындарында, мекемелерде қазақ тілін оқыту үшін арнайы бағдарламалар жасалып, оқу құралдары жазылып,сағаттар бөлінді.

ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында басты мәселе жаппай халықты сауаттандыру болды. Осы мәселені іске асыруда алаш оқығандары А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы, Е.Омарұлы, М.Дулатұлы, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы, Х.Досмұхаммедұлы, Қ.Жұбанұлы, Қ.Басымұлы еңбек етті. Алаш қайраткерлері бұл жылдарда ұлттық мектептердің ашылуына септігін тигізіп, қазақ тілінің өркендетуге күш салды. Олардың ұлттық мектептер жайлы ой-пікірлері мен қазақ тілін оқытуға қатысты ғылыми тұжырымдары әдістеме теориясының дамуына ықпал етті. ХХ ғасыр басында ұлт зиялылары қазақ мектептерінде қазақ тілінің оқытылуына қаншалық мән берсе, қазақ тілінің орыс тілді мектептерде оқытылуына да соншалық назар қойды. Қазақ оқығандары қазақ тілінің ұлт мектептері мен орыс мектептерінде оқытылуына көңіл бөліп, қазақ тілін оқытуға арналған оқулықтар жазды. Олар мектептерде қазақ тілін оқытуға байланысты оқулықтармен бірге орыс тілді мектептердегі қазақ тілі пәні үшін оқулықтар жазды.

Ы.Алтынсариннен бастау алған оқулық жазу әдістемесін теориялық, практикалық жақтан дамытқан А.Байтұрсынұлы болды. А.Байтұрсынұлының оқулықтары – орта мектепке қазақ тілін оқытуға арналған алғашқы еңбектер. Ал Т.Шонанұлының «Әліппе», «Жаңа арна», «Қазақ тілінің оқу құралы», «Учебник казахского языка для взрослых» еңбектері сол қоғамның қажеттілігін өтеді. Қ.Кемеңгерұлының оқулығы сол заманда өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретуге арналған бірден-бір құнды еңбек болды. Ғалым Ташкент қаласында әскери училищеде қазақ тілінен сабақ бере жүріп, тәжірибе мен теориялық білімін байланыстырды. Нәтижесінде екі бөлімнен тұратын «Жабропалықтарға арналған оқу құралы» еңбегін жазды. Қ.Кемеңгерұлының «Жабропалықтарға арналған оқу құралы» қазақ тілін аптасына он екі сағат оқитынәскер мектебіне арналды.

А.Байтұрсынұлының «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Тіл – құрал» оқулықтары қазақ мектептері үшін жазылса, Қ.Кемеңгерұлының «Жабропалықтарға арналған оқу құралы» өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін әзірленді. Оның «Оқу құралы» сол заманда маңызды қызмет атқарып, өзге ұлт өкілдеріне арналған оқулықтардың бастауы болды. Өкінішке орай, қоғамдағы саяси ахуалдың орын алуына байланысты Қ.Кемеңгерұлының «Жабропалықтарға арналған оқу құралы» біраз жылдар бойы жарыққа шығарылмай, көпшілік қауым назарынан тыс қалды.

А.Байтұрсынұлы – қазақ ғылымының әдебиет, тіл, әдістеме салаларынан өнімді еңбек қалдырған ғалым. Оның «Оқу құралы», «Сауат ашқыш», «Тіл – құрал» сынды оқулықтары өз заманының озық еңбектері болып табылады. Бұл оқулықтарды А.Байтұрсынұлы қазақ тілін оқытудың, үйретудің нақты әдістемелік нұсқаулығымен бірге ұсынған. Тілші-ғалымның «Тіл – құралдың» бірінші кітабы бір жылдық 1914 жылы, екінші кітабы екінші жылдық 1915 жылы Орынборда, «Тіл – құрал» (дыбыс жүйесі мен түрлері) 1925 жылы, «Тіл – құрал» (сөйлем жүйесі мен түрлері) еңбектері қазақ тілінің грамматикасы мәселелерін қамтыған.

Ғалым «Баяншы», «Нұсқаушы», «Әліппе астары» еңбектерінде оқытудың әдістемелік ерекшелігін баяндайды.«Қай әдіс жақсы», «Жалқылау (айырыңқы) әдіс», «Жалқылаулы – жалпылау әдіс» мақалаларында әдістің түрлеріне тоқталады. Әдіскер-ұстаз жалқылау, айырыңқы әдіс, жалпылау, жиылыңқы әдіс, жалқылаулы-жалпылау, айырыңқы-жиылыңқы әдіс деген қазақша ғылыми аталымдарын да тұңғыш қолданысқа енгізген. Ол осы үйрету әдістерінің ішінде жалпылау әдісінің ескісі екендігін айтады [2, 371].А.Байтұрсынұлы «тұтас сөз» әдісін әр жұрт өз тілінің, емлесінің ыңғайына қарай әр түрлі тұтынып отырғанын сөз етеді. Америкада жазуға үйретуі оқуға үйрету сияқты әріптен басталмай, бүтін сөздің жазуынан басталатындығын, жеңілдік үшін бастапқы кезде әрпі аз сөздер алынатындығын да көрсетеді. Ғалым: «Жалқылау әдісінің шыққан жері – Франция, ал жалқылау әдісін қуаттаушылардың бірі Гедике», – дейді [2, 364-365]. А.Байтұрсынұлы әдіскерлер Гедикенің, Жакотоның әдіс-тәсілдерін сипаттап, талдаса, Қ.Кемеңгерұлы «Жат тілді оқыту мақаласында» шетел әдіскерлері Ганчина, Кестере, Фриденберг, Мамуналардың әдістері туралы сөз қозғайды.

А.Байтұрсынұлы «Мектеп керектері» мақаласында сол кездегі мектептер жайынан біраз мәліметтер береді. Мектептерге ең қажетті деген нәрселерге тоқталып өтеді: «Ең әуелі, мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, оқыта білетін мұғалім. Екінші, оқыту ісіне керек құралдар қолайлы һәм сайлы болуы ... Істің толық жақсы болуына құралдың сайлы һәм жақсы болуы шарт. Үшінші, мектепке керегі – белгіленген программа» [4, 269]. Осы пікірге Қ.Кемеңгерұлы: «Мектеп қай тілде болу керек?» мақаласында: « ... мектепті көздеген мақсатқа жеткізу үшін үйі, құралы, сайманы, кітабы, оқытушысы сай болу керек», – деген ой қосады [5, 178-179]. Бұл жерде А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы сауатты да білімді ұрпақтың қалыптасып шығуы үшін білімді оқытушы болуы керектігін, оқытудың жолдарының белгілі бір әдістемелік жүйеге сүйенуін,оқытудың әдіс-тәсілдері айқын болуы керектігін айтып отыр.

Ағартушылар А.Байтұрсынұлы мен Қ.Кемеңгерұлы баспасөз беттерінде ХХ ғасыр басындағы ауыл мектептерінің жайын: талаптарға сай еместігін, оқу-білімге қажетті құралдардың тапшылығын, білім беретін оқытушылардың көбі «басқа қызметтерге қолы жете алмаған, не жарай алмағандар, не шалағайлар, не өз шаруасымен байланыстылар» [5, 179] екенін айтып сынайды.А.Байтұрсынұлы «Бастауыш мектеп» мақаласында: «Осы күнгі ауыл мектептерін мектеп деп айтарлықтай емес. Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз», – десе [4, 266], Қ.Кемеңгерұлы «Мектеп қай тілде болу керек» мақаласында: «Қазіргі ауыл мектептерінің төрт түлігі сай деп ешкім айта алмайды. Бірі болса, бірі жоқ. Осы күнде ауыл мектептерінде комплекс (жиынды) әдіспен оқыту программаға кіргендіктен, мектепте алдымен керегі оқытушы болып отыр. Оқытушы жеткілікті біліммен комплексті қолданса, мектептің басқа кем-кетіктерін толтырады. Балаларға керекті білім береді. Өйткені комплекске керек жаратылыс, шаруашылық жағдайлары ауылдан табылады. Ал енді ауыл мектептеріндегі оқытушыларды алсақ, комплекс әдісін жүргізе алатындары некен-саяқ», – деп ашық айтады [5, 179].

Қ.Кемеңгерұлы өмір сүрген кезеңде Ж.Аймауытұлының ұлттық педагогика, психологияға байланысты жазылған еңбектерінің маңызы зор. Ж.Аймауытұлы –әдістеме ғылымына үлес қосып, педагогика, психология салаларында құнды ғылыми зерттеу еңбектер жазған жан-жақты білгір ғалым. Ғалымның «Тәрбиеге жетекші», «Психология», «Жан жүйесі мен өнер таңдау» сынды еңбектері өз заманында жоғары бағаланған. Ж.Аймауытұлы «Тәрбиеге жетекші» атты еңбегінде балаға білімді жүйелі меңгертудің жолдарын сөз етеді. Автор: «Баланы оқытудың ережелерін, заңдарын баяндайтын, оқытудың дұрыс жүйесін тауып, білімге тез жету шарттарын көрсететін педагогика бөлімі – дидактика», – деп [6, 297] дидактикаға қазақ тілінде тұңғыш ғылыми анықтама берген. Ж.Аймауытұлы «Хат таныту әдістері», «Ана тілін қалай оқыту керек» мақалаларында еуропалық әдістердің озық үлгілерін пайдалану қажеттігіне назар аударады.

ХХ ғасыр басы – «әдіс», «әдістеме» терминдері қолданысқа еніп, әдістеме ғылымы дами түскен кезең. Ж.Аймауытұлы әдіс туралы ұғымды төмендегіше түсіндіреді: «Әрбір үйретудің мүддесі: шәкірттерді болмыспен әбден таныстыру, дұрыс, анық, ұғым туғызу үшін ұғымсыз деректерді жақсылап түсіндіру. Жаңа болмыс, жаңа ұғымдарды миға сіңіру – соның бәрінен тізбекті бір бүтін ой шығару. Үйрету әдістері дұрыс қолданғанда ғана соңғы мүдде орынға келеді» [6, 323]. Ж.Аймауытұлы білім беруде әдістерді дұрыс таңдап қолданудың дұрыстығын айтады. Дұрыс таңдап алған әдіс арқылы оқытуда берілген білім нәтижелі болатыны белгілі. А.Байтұрсынұлы: жалқылау-жалпылау, талдау-жинақтау, салыстыру, дыбыс, ойын, зерттеу сұрақ-жауап, сауаттау т.б. әдістерге түсініктеме берсе [2, 364-372], Ж.Аймауытұлы оқытудың талдау (анализ), ұластыру (синтез), жалқылау, жалпылау, әңгімелесу, түсіндіру, көрнекілік әдісі деген түрлерін [6, 323-327], Қ.Кемеңгерұлы үйлестіру (синтез), талдау (анализ), аудару, көрнекілік, жаратылыс әдістерін [5, 174-178] сипаттайды. Әдіскерлер халықтың сауатын ашуда, қазақ тілін оқытуда, өзге ұлт өкілдеріне (орыстарға) тіл үйретуде жоғарыдағы аталған әдістерді талдап, саралап, тиімдісін өз замандас оқытушыларына қолдануға кеңес береді. Жоғарыда аталған әдістер қазіргі білім беру үдерісінде де ыңғайына қарай пайдаланып, негізге алынып жүр деп айтуға болады. Бұл алаш әдіскерлерінің пікір-көзқарастары мен ой-тұжырымдарының өміршеңдігін аңғартады.

Ж.Аймауытұлы: «Ана тілін меңгеру – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге бала тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсафасын да меңгерді», – деп [6, 306] ана тілімізді халықтың бүкіл жан дүниесі, болмысы деп санаған. Оның «Әр сабақ, әр пән бір жағынан өзіне тән хас мақсатын көздесе, екінші жағынан тіл түзетуге, тіл сабағының міндетін атқаруға тырысуы жөн», – деген пікірі [6, 306] өзектілігін жоғалтпайды.

Қазақ ағартушылары сабақты дұрыс ұйымдастырудың жолдарын көрсетіп, тілді оқытуда негізгі көңіл бөлетін мәселелерге тоқталып өтеді. Ж.Аймауытұлы мұғалімнің өзі айтып бергенін қайталап айтқызудың пайдасы аз екенін айтады: «Мұғалімнің айтып бергені сабағын қайта қарап отырғаннан басқа балалардың өз бетімен ойлап табары жоқ қой. Өзі ойлап, өзі істеп таппаған білім жан қуаттарын жетілдіре алмайды», – деп [6, 330] жаттату немесе айтқанды қайталатып сұрау баланың ойлау қабілетін жетілдірмейтінін айтса, Қ.Кемеңгерұлыжат тілді үйретуде құрғақ жаттаумен сөз миға қонбайтынын, ұмытыла беретінін еске салады [5, 176].

ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушыларының бағыты бір, мақсат-міндеті ортақ болды. А.Байтұрсынұлы «Баяншы» әдістемелік еңбегін жазса, М.Жұмабайұлы «Бастауыш мектепте ана тілі», «Сауатты бол!» еңбектері арқылы бастауыш мектепте ана тілін оқыту, тіл дамыту әдістемесін жасауға үлес қосты. Ол еңбектерінде бастауыш мектепте қазақ тілін оқытуға,комплекстік оқыту әдісінің ерекшеліктеріне, баланың сөйлеу тілі, тіл дамыту мәселелеріне,жазба тілді меңгертуге, көрнекіліктермен жұмыс істей білуге тоқталады. Бастауыш сыныптағы балаларға арналған қазақ тілі мен жазуемлесі бойынша үйретілетін жұмыстарды әр жылға топтап жүйелеуде ғалым белгілі бір дидактикалық ұстанымдарды сақтайды. М.Жұмабайұлының ойынша, бастауыш мектеп сауат ашқызып, хат танытуымен бірге болашақ тұлға бойына ана тілінің байлығын бойына сіңіртіп, жан-жақты жетілдірумен ерекшеленуі тиіс. ХХ ғасыр басында өмір сүрген қазақ зиялылары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Ж.Аймауытұлы, Қ.Кемеңгерұлы, М.Жұмабайұлылар осы мәселені алға тартты. А.Байтұрсынұлы: «Адамға тіл, құлақ, қол қандай керек болса, бастауыш мектепте үйренетін білімдер де сондай керек. Осы заманда хат білмеген адамның күйі тіл я құлағы, я қолы жоқ адамның күйімен бірдей, мұнан былай хат білудің керектігі онан да аспақшы. Бастауыш мектептен оқығандар писарь, учитель, фелдьшер, адвокат, судья, инженер, агроном болар демей, ең әуелі, қазақша толық хат білетін дәрежеде болуын көздеу керек, екінші, бастауыш мектептен үйренген білім әрі оқимын дегендерге негіз боларлық жағын көздеу керек. Егерде бастауыш мектептен оқып шыққандар ілгері оқымай, үйінде қалса, ұлт әдебиеті мен матбуғатының мүлкін пайдаланарлық дәрежелі біліммен қалсын. Әрі оқимын деген халде, мұсылманша оқыса, бастауыш мектеп оқуы арғы оқудың негізі болуға жарасын; орысша оқыса, орысша үйренудің қиындығын жеңілдетерлік демеу һәм негіз болуға жарасын», – деп [4, 266-267] бастауыш мектептердің балаға тек сауат ашқызып, оған хат танытып қана қоймай, сонымен бірге олардың болашақ білімінің негізін қалап, ұлттың рухани құндылықтарымен сусындаған дара тұлға ретінде қалыптасуына көңіл бөлуін міндеттеді. ХХ ғасыр басындағы қазақ ағартушыларының оқу-ағарту мәселесі, қазақ мектептерінің хал-ахуалы, ұлт мектептері, ұлт тағдыры, ұлт мәдениеті жайлы айтқан ой-пікірлері бүгінгі қоғамда да өзекті.

Әдебиеттер:

Бөкейхан Ә. Таңдамалы (избранное). Құрастырып, түсініктері мен библиографиялық көрсеткіштерін жазып, баспаға әзірлеген Сұлтанхан Аққұлыұлы. Бас редактор Р.Нұрғалиев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы бас редакциясы, 1995. – 478 б.

Байтұрсынов А. Тіл тағылымы (қазақ тілі мен оқу-ағартуға қатысты еңбектері). – Алматы: Ана тілі, 1992. – 448 б.

ҚР Орталық Мемлекеттік мұрағат. 81-қор‚ 1-тізім‚ 1314-іс‚ 3-п.

Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ. мақалалар және әдеби зерттеу. – Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.

Кемеңгерұлы Қ. Үш томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Алаш, 2005. 1 т. – 320 б.

Аймауытұлы Ж. Бес томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ғылым, 1998. 4 т. – 448 б.