​Әлемдегі әз-Наурыз нақыштары

​Әлемдегі әз-Наурыз нақыштары

Табиғат-ана бусанып, күллі тіршілік әлемі қайта түлейтін қасиетті Наурыз мейрамын ғаламшардағы 300 миллионнан астам адам тойлайды. Ұлыстың ұлы күні адамзат атаулының құнды мұрасы ретінде 2009 жылдың 30 қыркүйегінде ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілгені белгілі. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылы Наурыз мерекесін – халықаралық күн ретінде жариялады. Сондықтан жыл сайын осынау ұлы күнді түркі халықтары ғана емес, әлемнің көптеген елдері үлкен қуанышпен қарсы алып, ыстық ықыласпен мерекелейтіні тегін болмаса керек.

Биылғы Наурыз тек елімізде ғана емес, дүние жүзінде де әдеттегідей өзіндік сән-салтанатымен аталып өтті. Бұған ғаламторда үздіксіз жарық көріп жатқан ақпараттар ағыны куә. Ұлық мейрам күндері әлемдік тұлғалар мен беделді ұйымдар сырт қалмай, әз-Наурызды мерекелеген тойшыл қауымды құттықтайтыны дәстүрге айналғалы қашан. Бұл жолы да құттықтаулар легі толастаған жоқ. Соның бірі – БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Наурыз мейрамын атап өтіп жатқан барша халықты мейраммен құттықтады. БҰҰ жаңалықтар орталығының хабарлауынша, Бас хатшы халықтар арасындағы татулық пен достықты сақтауда Наурыз мейрамының орны ерекше екенін атап өткен.

Наурыз – бүкілхалықтық мейрам. Ұлыс күнін жаңа жылдың бастауы ретінде 3 мың жылдан бері Балқан түбегі, Қара теңіз аймағы, Кавказ елдері, Орталық Азия және Таяу Шығыс өңірін мекен еткен миллиондаған адам тойлап келеді. Соның сыртында Қазақстанның өзге мемлекеттердегі елшіліктері де мерекенің абыройын асқақтатып, лайықты деңгейде атап өтуді үрдіске айналдырды. Мәселен, Мысыр астанасы Каирде Қазақстан елшілігінің ғимаратында Наурыз мерекесі тойланып, оған елшіліктен басқа, әл-Азһар университетінің ұжымы белсене атсалысқан. Мерекеге жергілікті жерде тұратын қазақтар белсене қатысып, мереке көрігін қыздырған.

Елшіліктің әлеуметтік желідегі парақшасындағы мәліметке сүйенсек, шараның ашылу салтанатында елші А.Исағалиев жұртшылықты құттықтап, әз-Наурыздың қазақ халқы үшін мән-мағынасы терең екенін, елімізге отыз жылдан кейін оралған ұлық мерекені халқымыз жыл сайын тағатсыздана күтетінін жеткізген.

Каирдегі Наурызда сахналық қойылымдар көрсетіліп, жастар қазақша ән-күйлерді әуелетіп, тойдың сәнін келтірген. Сондай-ақ ұлттық ойын түрлері де ойнатылып, гір көтеру, күрес, арқан тартудан жарыс ұйымдастырылған.

Наурыздың тағы бір нақышы Швецияда да көрініс тапты. Мерекені осындағы қазақ ұлттық мәдени орталығы өткізіпті. Айтпақшы, Швециядағы Ұлыстың ұлы күніне Оңтүстік Қазақстан облысының бір топ өнерпазы да арнайы барып қатысқанын атап өткен жөн. Олар қазақстандықтардың ыстық ықыласын алыстағы қандастарға жеткізіп, ән шырқап, жырдан шашу шашқан. Атамекендегі ағайындарын көріп, елге деген сағынышын басқан Швециядағы қазақтар да мейрам көрігін қыздырып, наурызкөже пісіріп, ұлттық тағамдардан дастарқан жайып, өнерімен шашу шашты.

Наурыз мерекесін Қытайдағы қандастарымыз да үлкен ықыласпен тойлады. Жалпы, Бейжіңде тұратын қазақ зиялылары ұлы мейрамды 36 жылдан бері мерекелеп келе жатқанын атап өткен ләзім. «Жэньминь жибао» басылымының хабарлауынша, биыл да жылдағы әдетінен жаңылмаған қандастар арнайы мерекелік кеш ұйымдастырып, Алтай аймақтық филармониясы өнер көрсеткен. Наурызға арналған шараға арнайы келген Қытай мемлекеттік бірінші дәрежелі әртісі Уаң Хұңуей мерекеге тарту ретінде қазақтың «Сарыжайлау» әнін әуелете салыпты.

Қазақстанның Бразилиядағы елшілігі де Наурыз мерекесін ұйымдастырудан ешкімнен кем қалған жоқ. Бұл елдегі Ұлыстың ұлы күніне арналған шарада қазақ диаспорасы ғана емес, жергілікті ұлт өкілдері де қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм татып, ұлттық өнер бұлағынан сусындапты. Келген қонақтардың алдында сөз сөйлеген елші Қайрат Саржанов Наурыз туралы тағылымды сөздер айтып, жиналған қауымды ұлы мерекемен құттықтаған. Шара барысында мейрамды тамашалауға келген қауымға ЮНЕСКО мәдени мұралар тізіміне енген қазақтың асық ату ұлттық ойыны көрсетілді. Бразилиялықтар да мерекелік сый ретінде домбыра шертіп, қазақтың күйін күмбірлетті.

Жалпы, елімізде өтетін кез келген маңызды шаралар мен мемлекеттік мерекелерге еліміздің сырт мемлекеттердегі елшіліктері белсене атсалысады. Демек Наурыз мейрамы да әлемнің көптеген елдеріне дәріптеліп, шетелдіктер халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына қанығып, өнері мен танымы туралы ой түйетіні сөзсіз.