«Алқа» концепциясы (М.Жұмабаевқа қатысты)

«Алқа» концепциясы (М.Жұмабаевқа қатысты)

Ресейдегі және Мәскеуге бағынған шет аймақтардағы әдеби ізденістерді байыптаған казақ қаламгерлері ортасында рухани тығырықтан алып шығар елшілдікті рәсімдеген бағыттың концепциясы – «Алқа» дүниеге келді. «Алқа» – XX ғасыр басыңдағы ұлтжанды қазақ қаламгерлерінің басын біріктіру бағытын ұстанған, халықтың дәстүрлі салт-санасына сүйенген, қадым заманнан жеткен руханияттағы терең елшілдік сарынды жоғалтпау ниетімен құрылмақшы болған таза шығармашылық ұйым еді. 20-жылдары иманды жолы бұлдырлаған қазақ әдебиетіне қарлығаштың қанатымен су тасығанындай жәрдем көрсетіп, жамандықтың алдын-алуға шақырған алаш зиялылары «Алқа» атты әдеби шығармашылық ұйымды құруды ұйғарғанда, үлкен рухани тоқыраудың таянғанын сезгенді. Бұл кезде биліктің бар тұтқасын қолына алған большевиктік диктатура соғыс пен қырғыннан, босу мен ашаршылықтан әбден қалжыраған халыққа жөпелімде қалыптастырған өз идеологиясын таңумен болды. Оны әлгіндей бейшара халдегі жұрт оң-терісін айырмай сіңіре берді. Жалпыадамзаттық игі құндылықтарды мансұқтаған РАПП дүниеге келді.(оған дейін орыстардың әдеби ұйымдары болды: «Октябрь», «Серапионовы братья», «Рабочая весна», «Молдая гвардия», «Перевал», «Апрель», «Литературный особняк», ЛеФ (Левый фронт), МАПП (Московская ассоцация пролетарских писателей) т.б. Бұл ұйымдар 1930 жылдың басына дейін жұмыс істей алды) «Ақсүйектерге – ажал» деп үн қатқан «Кузница» (бұл да пролетарлық әдеби ұйым) мен осы РАПП топырағынан 1925 жылы 12 маусымда ҚазАПП (Қазақстан пролетарлық жазушылар ассоциациясы) жаралды. ҚазАПП-тың алдына қойған үш мақсатының біріншісі «әдебиеттегі байшыл-ұлтшылдық бағытқа қарсы күресті күшейте түсу, ол үшін әдебиет майданында жүріп жатқан айтыстарды қоздырып, байлардың, байшылдықтың да таптық сырын айқындай түсу, сөйтіп тап жауына еңбекші таптың өшпенділігін күшейту» болса, ол ұйымның қаншалықты адасқанын, қай дәрежеде ұлттық ой-аңсарды ойсыратканын дәлелдеп жатудың реті жоқ. Мұны «кол қусырып отырған адам ғана қателеспейді, бәлкім ізденістің нәтижесінде болған алжасу шығар» десең, ар жағынан қылаң етіп РКП (б) Орталық комитетінің 1925 жылы 18 маусымда жариялаған «Партияның көркем әдебиет саласындағы саясаты туралы» қаулысы шығады. Онда тайға басылған таңбадай «Жолбикелердің кеңес платформасына өтуіне ықпал ету, төңкеріске қарсы элементтерді әшкерелеу, сөйтіп, пролетариат жазушыларының үстемдігін орнату» міндеті ап-анық жазылған.

«Алқа» әдеби-шығармашылық ұйымы айқындамасының мән-мазмұнын сөз етпес бұрын оның өмірге келу тарихын айтып өткен орынды. Оны Алаш қайраткерлерінің 1929 жылы жаппай ұсталып, түрмеге тоғытылып, тергеушіге берген жауаптарынан көреміз (Д. Қамзабекұлының «Алаш және әдебиет» зерттеуінен алынды). Ж. Аймауытұлы жауабында: «1925 жылдың сәуірінде демалыс алып, Ташкенттен Орынборға келгенмін. Осында «Жас қазақтың» бұрынғы жауапты шығарушысы Алдоңғарұлы мені Сәрсенбіұлы деген азаматпен таныстырды... Сәрсенбіұлының сөзінен айқындаманы («Алқаның» айқындамасын) Жұмабайұлы жас әдебиетшілермен бірігіп жазғанын аңғардым», – деп жауап беріпті Ж. Аймауытұлы

тергеушіге берген жауабында. «Алқаның» бағдарламасындағы кейбір баптарын ұнатыңқырамағанын, ол турасында Жұмабайұлына хат жолдағанын, ұзамай Мағжаннан өзіне бұлдырлау көрінген тұстарды түсіндірген, анықтаған хабар алғанын, сөйтіп әдебиет болашағының қандай болатыны хақында мақалалар жазғанын айтады. Ж. Сәрсенбіұлының (Мағжан шығармашылығын Мәскеуде талдағанда ақынды жақтаған) тергеуге берген жауабында: «... Әлихан Бөкейхан, Мағжан Жұмабайұлы, мен – үшеуміз 1925 жылдың қаңтар айында оқытушылар сиезіне келген Ахмет Байтұрсынұлы орналасқан жатақханаға барып, ол кісіні жазылып, даярланып қойған «Алқа» әдеби ұйымының айқындамасымен таныстырдық. «Қазаққа шаруасы мен тұрмысының түріне қарай шапан кию жарасса да, еуропалықтар оған еуропалық кәстөм кигізгісі келеді. Қазақтың түйесін отарбаға қосып, сүйреуді қалайды. Бұлай ету – қазаққа тән емес, жат нәрсе. Қазақ әдебиеті ұлттық әдебиет болуға тиіс. Мынандай үйірме-ұйымдар арқылы оны жасау мүмкіндігі де бар. Сондықтан да «Алқаны» құру туралы пікірлерінді қуаттаймын»,-деді Ақаң.

Кешікпей Мағжан екеуміз «Алқа» айкындамасының 16 данасын бөліп, Ташкентке А. Байтұрсыұлының, Орынборға – Ж. Аймауытұлының, Қызылжарға – Ж. Тілеуліұлының, Семейге – С. Дөнентайұлының, Ленинградқа – М. Әуезұлының атына салып жібердік. Сол жылы 19 қаңтарда өлкелік коммунистік партия қарауына Орынбор қаласына шақырылдым. Мәскеуден жүрер алдында Ә. Бөкейхан мен М. Жұмабайұлы маған Орынбор мен Ташкенттегі азаматтармен байланыс жасап, «Алқа» айқындамасы туралы ойларын, оны қуаттайтын-қуаттамайтындығын біліп, пікірлерін Жұмабайұлына жіберуін қадағалауды тапсырды. Мұнымен коса бара салысымен Смағұл Садуақасұлымен хабарласып, айқындаманы баспасөз жүзіне шығару

керектігі айтылды. Орынборға келгеннен кейін «Еңбекшіл қазақтың» жауапты шығарушысы С. Садуакасұлына барып, айқындамамен таныстырдым.

Смагұл «Еңбекшіл қазаққа» басатынын, бірақ қазір оны А. Байтұрсынұлына, Е. Омарұлына, С. Қожанұлына, Ж. Аймауытұлына көрсетуімді өтінді. С.Қожанұлына барғанымда, ол С.Садуақасұлы екеуі «Алқа» жөнінде Мәскеуте барғанда М. Жұмабайұлынан естігенін айтты. Е. Омарұлы да, Ж. Аймауытұлы да айқындаманы ұнатты. Е. Алдоңғарұлы С. Садуақасұлымен хабарласып, айқындаманы газетке емес, «Қызыл Қазақстан» журналына бастыру керектігі туралы ақылдасатынын білдірді», – дейді Ж. Сәрсенбіұлы жауабында.

Сонымен, қазақ ақын-жазушыларының басын біріктіріп, ұлттық әдебиеттің табиғи дамуын көздеген қаламгерлердің «Алқа» атты әдеби ұйымын құру мәселесі 1924 жылдың соңында көтеріліп, айқындамасы Алаш оқығандарына 1925 жылғы қаңтардың басында таратылады. Шығармашылық ұйымды жасақтау шаралары да қаңтар айының соңына таман колға алынады. Ал Қазақстандағы большевиктік диктатураның баяңдылығын дәледеуге тиісті ҚазАПП-ты құру ісі осыдан төрт айдан соң арнайы қаулымен жүргізілгені мәлім.

«Алқа» айқындамасы алғысөз ыңайындағы «Табалдырық» атты кіріспе мен соңынан айтылатын үндеулерден өзге бес негізгі бөлімнен тұрады. Олар: «Әдебиетіміз», «Бұл күнге шейін төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Енді төңкеріс һәм әдебиетіміз», «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы», «Марксшілдік һәм әдебиет не жазуға». Кіріспе, яки «Табалдырық» былай басталады: «Қазақ әдебиеті тоғыз жолдың торабында тұр. Артында – бір жол, алдында – мың жол. Мың жолдың ішінде өзен өрлегені де, шөлге улегені де, барса – келері де, барса – келмесі де бар. Қазақ әдебиетін мынау мың жолдың тарауына алып келіп, аңыратып тұрған – тұрмыс». «Қазақ кімге еліктемек?» – осы сұраққа «Табалдырық» жауап іздейді. Рас, тұрмыс жағынан Ресейге тәуелді болып қалған соң, оған еліктейін десе, онда да бейберекет шашыраған сан қилы жол бар. Ендеше ол адастырады. Ал «бізге молда болатын Еуропа әдебиетінің өзі бір молда емес, мың молда». Олай болса, «ұзамай құрып кететін сиырдың шұбырындысына түсіп қалмау» үшін өзінше талаптанғаны дұрыс. Қазақ қаламгеріне мәдениеті мен әдебиетін ілгерілетіп алған Еуропа ақын-жазушылары тәрізді тек жазғанын ғана біліп жүру аз. Ол ақындықты да, азаматтықты да (азаттық жолындағы белсенділік) қоса меңгергені абзал: «Әдебиет қазанының бір кұлағына жармасып жүрген біз тоғыз ойланып, тоқсан толғанып, төмендегі пікірді ортаға салуды өзіміздің борышымыз деп білдік. Бұл құрғанымыз сегіз қанат боз орда, алты қанат ақ отау емес – абылайша. Майдан, ойран, жорық дәуірінде дағарадай орда, айдай ақ отау құрып отыруға болмайды. Аттан дәуірінде абылайша керек. Жорық басылар, жаңа тұрмыс орнар, абылайша қалып, бәріміз сиятын боз орда тігілер. Бұл – келешек. Әзірге баспана – абылайша. Окушы, жақсы келдің! «Табалдырықты» аттап, төрге шық. «Алқаға» кір!» – делінеді айқындамаға кіріспеде.

«Әдебиетіміз» атты бөлімінде «Әдебиеттің өзінше дәуірлеуі технике мәдениетінің дәуірлеуіне байланбайды» деген К.Маркстен алынған дәйексөз техникасы ғасырдан ғасырға ғарыштаған Еуропаға тиесілі екені, ал «технике мәдениеті тіпті төмен... қазақтың ... әдебиеті де жоқтың жанында болған» деген пікір ұстау қата» екендігі арқау болып, сол тұжырым таратыла айтылады. «Шынында қазақтың өзінше терең әдебиеті болған һәм бар. Қазақ өмірінің түрлі өзгерісі, өрі, қыры, қайғысы, қуанышы, ойы, қиялы әдебиетіне түсіп отырған» делініп, әдебиеттің әлі зерттелінбеген дәуірі мен кешегі қазақты бодан етпек болғандарға қарсы тұрған Мұрат, Махамбет, Базар, Шортанбай, Ақансері заманындағы әдебиет бұған мысал бола алатыны сөз болады. Ел әдебиетіндегі елшілдік, ұлтшылдық сарынның туу себептері ашылады. Рухани дүниеміздегі Абай орнының ерекшелігі тілге тиек етіледі: «Қазақ әдебиетінің алыбы Абай – қазақ даласына кеулеп кіріп келе жатқан капитализмге, отаршылдыққа халықтың қанды жас төгіп, еріксіз шалған бірінші құрбаны. Ел билеп, елге ақыл айтудан бастап, өмірден үміт үзуге, түңғиық ойға барып тірелген Абайдың өмірінің, ақындығының трагедиясы де тереңдігі осындай. Абайдың алыптығы – қыл көпірдің үстінде тұрғандығы, екі қолмен, екі үмітпен алысқандығы, сондыктан қазақ әдебиетінің ескі мағынасын, бұрынғы бағытын терендеткендігі, әдебиетке жаңа түр кіргізгендігі». «Алқа» Абайды осылай деп танып, бағалаған. Кейінірек, ҚазАПП тұсында да, ол ұйымды қатты сынға алған 1932 жылдары да, Абайды тапшыл әдебиеттану түкке тұрғысыз, пұшайман ақын етіп насихаттағаны мәлім.

«Әдебиетіміз» бөлімі қазақтың ұлттық әдебиетіне шолу жасай отырып, оның өзіндік тарихи белестерден өткенін, басқа жұртта ұшыраспайтын бағыт-бағдары, сүйенген негізі, сиынған пірі болғанын арқау еткен. «Бұл күнге шейін төңкеріс әм әдебиетіміз» деп айдарланған бөлімде Қазақ елі мен оның рухани дүниесінде төңкерістің орны зерделеніп, бұл окиғаның халық пен ел әдебиетіне қаншалықты әсер еткені айтылады. «Үстіміздегі зор төңкеріс – бізге өз тарихымыз тудырған, өз тарихымыздың қатынасы болған таныс төңкеріс емес, Еуропа тудырған жат төңкеріс... Төңкеріспен қазақ төңкерісінін сырты ғана соқтыққан болғанымен, санасы дағдылы жолымен келе жатты... Қияға карғып шығамын деп мертігіп қалмай, тұрмыстың, тарихтың заңы бойынша табиғи жолмен жүріп, күн санап өсіп, тереңдеп келе жатқан кешегі, бүгінгі әдебиетімізді қорғауға емес, не себепті үндемегенін ұғуға міндеттіміз. Әдебиетімізге төңкерістің тіпті түспеуінің, бірен-саран түсірем деген топас тәжірибелер де теріс жағынан түсуінің тағы бір себебі төңкерістің өзінің қазақ даласына күнгей бетінен емес, теріскей бетінен, оңынан емес, солынан кіруі – алақандағы нәрсе ғой». Әлбетте, «тарихтың, тұрмыстың құрыш заңы бойынша өз бағытымен дұрыс келе жатқан» қазақ әдебиетінің Ресей топырағында жүзеге асырылған төңкерісті жырлауына негіз де жоқ. «Алқаның» бұл бөлімі осыған түсінікті қылып жауап береді. Ол «ұлттық әдебиет өз соқпағымен жүру керек» делінген пікірді андатқанымен, ауыр да күрделі кезеңмен санаспайынша іс алға жылжымайтынын айтып, тұрмысты жер бедеріне қарай ағуы әр түрлі сипат алатын суға теңеп, жаңа (жаңаның бәрі шетінен жақсы бола бермейді) замандағы жаңа жолдың жөнін алға тартады.

Бағыттың қандай болмағы «Енді төңкеріс һәм әдебиетіміз» деп аталынған бөлімде аңғартылады. Яғни, Еуропа пролетариатының бостандық, еркіндік жолындағы күресінен туындаған төңкеріс қазақ елін ашқарақ капиталист-отаршылдардың тырнағынан босатты. «Бірақ (мұны) бағытта, негізде, бірлікте, мінезде бірлік деп ұғу қата». Әдебиет турасында айтқаңда, пролетариат төнкерісінің қазанында қайнаған әдебиет бір басқа, қазақ сынды төңкерісті бастан кешірмеген, өз жолымен келе жатқан жұрттың әдебиеті бір басқа. Сөйте тұра қазақтың да армандағаны – жаңа дүние. Бұл жолда «ойымызда, киялымызда, әдебиетімізде қазақ иісі, Азия иісі шықпауы мүмкін емес. Бағыттың бар екені даусыз болғанымен, пролетариаттың өз тарихының, машинасының, қайыс камзолының иісі шықпауға, казақтың мың жылдық тарихының, елтірі тұмағының иісі шықпауға мүмкін емес» делініп, қазақ әдебиетінің бағыты – ұлттық табиғи өсу негізіндегі бағыт болу керектігі айтылады. Әйтеуір бір топтасу, жалаң бірлік жасау адамдарға емес, хайуандарға тән екені сөз болады. «Әдебиет не нәрсе? Әдебиеттің жалпы заңы» атты бөлім сөз өнері ретінде ежелден-ақ бағаланып, қастерленіп келе жатқан әдебиеттің адамзат тарихы мен өмірдегі алар орнына тоқталады. Көркемдік танымның ой-аңсарды кеңейтетін қуатын, көркем әдебиет пен поэзияның кісіні тәрбиелейтін күшін дәлелдейді. Өнер деген кең ұғымның әр ұлтқа, әр халыққа әсері түрліше. Мысалы, қазақтың жүрегін шымырлатып, қанын қыздыратын өнер туындыларын өзге жұрт түсінбеуі мүмкін. Әйтпесе, оны жоқ етсек, әдебиет шалажансар, негізсіз болып қалады. Олай болса, дәстүрді қатаң ескерген жөн. Аталған бөлім, міне осыларды айтады. «Алқа» айқындамасы мұнда сондай-ақ төл әдебиетіміз бен шетел әдебиеті тарихына сүйене отырып, ақындықтың не екенін, шығарманың міндет- мақсатын анықтайды. Авторлардың пайымынша, «Ескүстбаның негізі – сезім, құралы – сезімнен туған сурет, мақсұты – білім беру емес, сезім ояту. Ақындық ауданында ақын – ақын ғана, тұрмыс ауданында – әрі ақын, әрі азамат. ...Әдебиет тұрмыс пен асқар пікірді қиюластырып қоса билеген дәуірлерінде асқарлаған, өрлеген...

Тарихта ең зор, ең қасиетті істер осындай қоспа дәуірде істелмек». Алғашқысы түсінікті, соңғысынан байқалатыны, егер ешқандай күштеу, зорлау болмаса, уақытша тығырықган шығудың жолы қиын еместігіне зиялыларымыз сенгендей. Қазақ қаламгерлері – мейлі, таза марксшілі болсын, мейлі, өкіметтің «жолбике» айдарлағандары болсын – айқындаманың «Марксшілдік һәм әдебиет не жазуға» атты бөлімін сол уақытта темірқазық етсе, 20-жылдардың соңын ала әдебиетімізде төбе көрсете бастайтын сыңаржақ, тапшыл шығармалар дүниеге келмес еді. Жартыкеш ұрандардың екпінімен қаламын артық сілтейтін қаламгерлер аз болар еді. Арыстар сөзі тыңдалса, «Өзің білме, білгеннің тілін алма» дейтін пиғыл ерте өрістемесіне күмән жоқ-ты. Аталған бөлімде марксшілдердің еңбегінен өмірлік негізі бар дәйексөз алынып, оларды өнер мен әдебиеттің табиғатын танытуға пайдаланылған. Бұл ретте оқығандардың марксшілдермен ой, пікір жарыстыратын тұстары да жеткілікті. Айталық, «әдебиетке сипат беретін – түрмыс", делінген марксшілдер пікіріне «Әдебиетті тұрмыс бағытымен ғана өлшеумен іс тәмам болмайды» деп дау айтады да, ескі мұраны таптық тұрғыдан қарап, жаратқан пролеткультшілдік тұрпайылығын сынға алады. «Дін қыссаларын жазған біздің Жүсіпбекқожамыз – діншіл ақын. Бірақ бұларды танумен ғана бұлардың ақындық мәселесі шешілмейді». Яғни, ақынды қандай бағыт ұстанғанынан, қай дәуірде кімді жырлағанынан емес, нендей үлгі бере алды, акындық қуаты қай дәрежеде – осы тұрғыдан тану керек дейді. Айқындамада «тап» деген сөз бірнеше рет қайталанады, әйтсе де ол тар ұғымнан гөрі ара-жігі білінбей кеткен қауымдастықты байкататын тәрізді. Сондықтанда шығар «Алқаның» ұйғаруынша, ақындық жағынан бір тап бір тапқа жат бола алмайды: «Қараңғы түнде тау қалғып, ұйқыға кетер балбырап» деп жырлаған акынға осы акындығын жат көру, осы ақындығы жағынан жау көру даусыз ақымақтык болар еді».

Айқындамадан анық байқалатын жайт: жалпыадамзаттық құндылықтың қадыр-қасиетін оқыған зиялыларымыз ерте-ақ түсініпті. Айталық, олар: «Жиһан әдебиетінің альптарынан әдебиет сабағын алудың тағы бір себебі – шын ақынның тар тапшыдықтан қанша дегенмен жоғары болуы белгілі бір тап мүшесі болса, шын ақынның тапшылдыққа ғана қамалып қалмай, өз табынан мойын озық жалпы таптың, жалпы адамзаттың жанындағы қайғылы яки қуанышты шекті шерте білу», – дейді. «Алқа» айқындамасының осы соңғы бөлімінде әдебиеттегі ұлттық сипатты марксшілдік жоққа шығармайтыны түсіндіріледі. Сөйтіп қазақ әдебиетін Еуропа әдебиетімен салыстыра отырып, отандық әдебиеттің өз тәжірибесі мен толыққанды дәстүрлік негізі бар екені айтылады. «Қазақтың өзінің жаратылысқа, өмірге, тұрмысқа көзқарасы, өзінше философиясы, терең сезімі болған һәм бар.

...Қазақтың ертегі күні, ертегідей күні, өткен күні, кешесі, бұ күнгісі айтарлықтай суретке түскен», – делініп, әдеби бағыты жөнінен, ақындық шығармашылық рухы жағынан қазақ әдебиеті мен Еуропа әдебиеті бірдей болуы мүмкін емес, әдебиет зорлықсыз дамуы керек деген қорытынды жасалады. Сонымен, «Алқа» концепциясы пролетарлық диктатура жағдайында әдебиеттегі елшілдік сарынды сақтау мен дамытуға бағытталды. Ол көркемөнердегі алашшыл, немесе халықшыл (ұлтшыл) ағымды жүйелеп, бағыт дәрежесіне көтерді. «Алқаның» НКВД кызметкерлері аудартқан орысша тәржімесін арнайы қарастырған белгілі мағжантанушы Ш. Елеукенов мұны М. Жұмабайұлының өз еңбегі деп есептейді /Елеукенов Ш. Мағжан, Алматы, 1995. – 342-378 беттер/.

Ғалым былай деп жазады: «Бұл – Мағжанның алғашқы да, соңғы да теориялык еңбегі. Көп ізденген, терең толғамды, ғылыми, қоғамдық, әдеби мәні әлі жойылмаған, қазіргі заманымызбен үндес, эстетикалық тұғыры берік, ойға жомарт туындысы». Т. Жұртбаев та «Алқаның» авторы Мағжан деп көрсетеді (Жұртбаев Т. Талқы, Алматы, 1997, 230 бет). Бұл ғалым айқындаманы түпнұсқасынан оқыған.

Д. Қамзабекұлы басқа пікірде: «Біз жоғарыдағы мұратанушылардың зерттеуіне құрметпен қарай отырып, «Алқа» – жалғыз Мағжанның ғана емес, Алаш зиялыларының да еңбегі деуді дұрыс деп таптық. Бұл тұжырымымызды төмендегіше дәлелдейміз: Біріншіден, «Алқа» айқындамасының түпнұсқасында «авторы Мағжан», немесе «жобасын жазған М.Жұмабайұлы» деген белгі жоқ. Яғни, бұл маңызды дүниені негізінен Мағжан жазды десек те, автор саналы түрде «авторлықтан» қашқан. Екіншіден, ұлт руханиятына, яки саясатқа қатысты құжатты- бағдарламалы еңбектің авторы бір адам болуы сирек құбылыс. Басқа- басқа, дәл осыны көбіне ауызбірлік танытқан Алаш зиялылары туралы айта алмаймыз («Алаш» партиясы бағдарламасының авторы – Ә. Бөкейхан» десек, жөн бола қоя ма екен?..). Олай болса, дәп «Алқа» сынды рухани дүниеге байланысты жағдайда Мағжандай азамат қанша тер төксе де, «киіз де, білек те» – Алаштікі еді ( Қамзабекұлы Д. Алаш және әдебиет, Астана, 2002, 414 бет). Сөйтіп, «Алқа» – жәдитшілдік мұратын Алаш мұратымен сабақтастыра алған ақын-жазушылардың басын түрлі амал-тәсілді пайдаланып біріктіре алған ұйым. Рас, белгілі жағдайларға байланысты оның айқындамасы баспасөзде жарық көре алмады. Бұл – ұйым мүлде жұмыс істемеді деген сөз емес. «Алқа» идеясы саналы азаматтарға әдеби материалдар арқылы тарады. Бұл ұйым ресми жұмыс атқара алмағандықтан, Алаш зиялылары өзара хат жазысып, әдебиет мәселесін талқылап отырды.