Мерекелік безендіру басталды

Мерекелік безендіру басталды

​Биылғы Наурыз мерекесі өзіне лайық сән-салтанатымен өтеді.

«Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен мереке мейрамы. Қайта жаңарған Наурыздың тарихы – біздің тәуелсіздігіміздің тарихы! Біз көне тарихымыздан күш-қуат алып, тәуелсіздік туралы өз арманымызды жүзеге асыра алдық», - деген еді Президент Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасы сөзіне сәйкес, Мәдениет және спорт министрлігі игі істі қолға алды. Министрлікке қарасты барлық мекемелер 1 наурыздан бастап ғимараттарын ұлттық мерекеге сай безендіріп, Наурыз мерекесін насихаттауға кірісті. Жақсы бастамаға алғашқылардың бірі болып Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы қолдау көрсетті.

- Наурыз – тарихи мазмұны терең, әлеуметтік-рухани мәні зор мейрам. Бұл қасиетті мерекеден ұлтымыздың болмысын, салт-дәстүріміздің айқын нақышын көреміз. Сондықтан төл мерекемізді төрге шығаратын уақыт жетті. Мәдениет және спорт министрлігі қолға алған игі іске қуана келісіп, тек мекеме сыртын емес, бүкіл әріптестерімізбен әрбір кабинетті мерекеге сай безендірдік. Әлбетте, мереке тек сыртқы сән-салтанатымен емес, мазмұнымен мәнді,- дейді баспа бөлімінің басшысы Әлім Сәдуақасұлы.

Құрметті оқырман, рухани жаңғырып, Наурыз мейрамын жаңғыртуды ойласаңыз, игі іске сіз де үлес қосыңыз. Бүгіннен бастап, отырған орныңызды ұлттық символдармен безендіріп, айналаңыздағылардың Наурыз мерекесін сезінуіне ықпал етіңіз. Әлеуметтік желіде ой тастап, орта толтырыңыз!