Математиканы ағылшын тілінде оқытатын мұғалім

Математиканы ағылшын тілінде оқытатын мұғалім

Қарапайым ауыл мұғалімі Гүлнара Әпеева келешекте зияткерлік мектепте білім беріп, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында Қазақстанды таныстырып, білім мәселелерін талқылауға қатысатынын ойламаған да болар, сірә.

Қостанай педагогикалық инс­ти­тутының физика-математика факультетін тәмамдаған соң ба­лалық бал мекені өткен Қамысты ауданындағы Клочков ауылына қай­та оралған қаршадай қыз өзі оқы­ған ауыл мектебінде еңбек жолын бастады. Иван Петренкодай қатал басшының қарамағында қа­таң тәртіпке үйреніп қалған жас маман әлі ел астанасы болып жариялана қоймаған Ақмола қаласының №26 орта мектебіне ауысып келгенде өзін өте білікті мұғалім санайтын. Өйткені ауылда бір мезетте 5, 6, 7, 8-сыныптарға сабақ жүргізе беруші еді. Алайда кезекті бір семинарда Любовь Ананкинамен кездесуі жас мұғалімнің көзқарасын түбегейлі өзгертті. Өйткені Л.Ананкина өткіз­ген ашық сабақ Гүлнараның жан-дүниесіне қатты әсер еткен еді.

«Оқушылардың тапсыр­маны орындауы мен баян­дауы, білім­паздығы мені таң­ғалдырды. Өзім­нің сабақ беруге әзір емес екенімді түсіндім. Новосібір мемлекеттік универ­ситетінің түлегі Любовь Ни­колаевнаның математиканы білу деңгейі мен сабақты тү­сін­діру шеберлігі ғажайып саз се­кілді, тыңдай бергіңіз келеді», дей­ді ол. Осыдан кейін ол өзі үлгі тұтқан білікті педагогтың саба­ғына үнемі қатысып тұруға ке­лі­седі. Мектеп әкімшілігі де жас мұғалімнің Л.Ананкинаның ше­бер­лік сағатына ынтасы ауға­нын ескеріп, жұмыс кестесін қай­та қарайды.

Осы мүмкіндікті пай­даланған ол төрт жыл бойы Любовь Николаевнаның саба­ғына қатысып, 8-11 сынып бағ­дар­ламасы бойынша шебер педа­гогикалық мектептен өтеді. Бір жыл­дан кейін Л.Ананкина №9 лицейге жұмысқа шақыр­ғанда, ұстаз ұсынысын екі етпейді. Осы мекемеде он бір жыл табан аудармай жұ­мыс істеген оның оқушылары бі­лімге ынталы болатын. Әр са­баққа түбегейлі дайындық пен сал­мақты методикалық база керек. Интернет қолданысқа енбе­ген, толымды кітап дүкені кез­дес­пейтін сол тоқсаныншы жыл­­дардың соңында ізденімпаз мұ­ға­лім әріптестерімен бірге Но­восібір қаласынан кітап тасыды. Жанкештілікпен жинаған кітап­тары математикалық кі­тап­­хананың негізгі қоры болып осы күнге дейін қызмет етіп келеді. Әрине, бірыңғай да­­рын­ды балалармен жұмыс іс­теуге әріптестері де қызыға қа­райды. Бірақ кілең олимпиа­да жеңімпаздары мен жүл­де­герлері отырған сыныпқа тай­салмай кіру үшін соған сай ізденіс, сабақты қызықты жүр­гізу, ынталандыру тетіктері ке­рек.

Бұл жолда Гүлнара Кен­же­байқызының ұйқысыз өткен түн­дері аз емес. Білім – даму кілті. Он жыл бұ­рын Елбасы бастамасымен жаңа тип­тегі мектеп құру ісі басталды. Г.Әпеева Астана қаласындағы тұңғыш физика-математика бағы­тындағы зияткерлік мектепте ал­ғаш­қы күннен бастап еңбек етіп ке­ле­ді. Дербес білім беру ұйымы бас­шыларының бірі Светлана Испусинованың шақыруымен кел­ген алғашқы кезде қиындықтар кездес­пей қалған жоқ. Бұл жөнін­де «Әрине, қорқынышты сезім бол­ды. Өйткені сол кездегі ахуал біз үшін жыланның алдын­да тұр­ған қояндай еді. Бірге келген мұғалімдер екіұдай ой­да болдық. Бұ­рынғы жұмыс ор­нымызға да көңіл толатын. Бірақ Светлана Ба­ғитқызы бізді сендіре білді. Ол құ­рылып жатқан мектептің келешекте Сингапурдан да мықты болатынын жиі айтатын», деп еске алады.

Жаңа жүйенің аты жаңа жүйе.­ Қасаң қағидалар қақ бөлін­ді. Педагогикалық инновация­лар­ мен сәтті жүзеге асқан әдіс­­те­­мелер енгізіліп, топтық, жұп­тық жұмыстар тәжірибеде қол­даныла бастады. «Жетінші сы­нып­тағы оқушылардың бей-бере­кет айқай-шуы жүйкеме тиюші еді. Алғашқы кезеңде осы шуды тыю керек деп шештім. Сол оқу­шылар тоғызыншы сыныпқа кел­­генде сабағыма қатысқан әріп­тестерім таңданыстарын жасырмады. Әрине, балалардың топ­тық жұмысты түсінуі үшін бір­шама уақыт қажет болды. Сол сияқты бағалау да басқаша еді. Бағалаудың жаңа жүйесі оқу­шыға оқу нәтижесіндегі жауап­кершілікті, оны мұғаліммен бөлі­суді сезінуге үйретті. Енді оқу­шы жақсы баға алу үшін жүйелі еңбек ету керектігін біледі. Қазір балалар баға үшін емес, білім үшін еңбектенеді. Ең бастысы – осы», деді Г.Әпеева.

Мұғалімнің пайымынша,­ бала – барлық кезде бала. Бү­­гінгі балалар өте ашық әрі мейірімді. Ең басты артық­шы­лығы, жаңа ақпа­раттық технологияларды жетік меңгерген. Ал өмірдің жеңісімен бір­ге же­­­ңілісі де болатынын бі­луге, кү­ресуге дайын болуға бау­лу – ұстаздың міндеті. Сон­дай-ақ ав­торларды таңдау өзгеше өріс алғанымен әлі де әдеби кітап оқу­ға қызы­ғу­шылықтың сақталуы қуан­тады. Математикадан кіл бес­тік алу да шарт емес. Егер ба­­ға­ға қанағаттанбаса өзді-өзі жұ­мыс істеуі тиіс. Бүгінде ұстаз ең­бегінің нәтижесін Назарбаев уни­верситетінде және басқа да қазақ­стандық, ше­телдік жоғары оқу орындарында оқып жатқан түлек­терінің көптігінен көруге болады. Кейіпкеріміз жаһандану жақсы қасиеттерді ұрлап жатқанына өкініш білдіреді. «Қазақты ерек­шелендіріп тұратын ұлттық қа­сиеттер бар. Мәселен, бұрын ту­ған-туыстар жетім көрсе жебеп жү­ретін. Қазір қайырымдылық шаралары өріс алып келеді. Балаларды қасындағы нақты адамға қол созуға үйреткен абзал. Сондықтан мектепте қайырымдылыққа көп көңіл бөлінеді. Бұл еш жарнамасыз жүзеге асырылып келеді», деді Г.Кенжебайқызы.

Осы орайда оқушыларды кез кел­ген ақпаратқа сыни көз­бен қарап, талдау қабілетін ашуға оқытудың маңызы зор. Сонда шамамен бір жылдан соң өздігінен жұмыс істеу дағ­­дысы қалыптаса бастайды. Нәтижесінде жоғары сыныптарда материалдың тек 30 пайызын түсіндірсе, қалғанын оқушылар оқулықтан-ақ мең­геріп ала қояды. Сыни ойлау мен өзді­гінен жұмыс істеу дағ­дысы – сәт­тілік пен келе­шектің кепілі.

Ұжымдастары оның ойлау жү­йесі оқшау екенін айтады. Мәсе­лен, пәнді таңдау еркін­дігі­не байланысты «Бұл әлі қабылданбайтын дүние. Біз «миды сатып алатындай» бай ел емеспіз. Математика басқа пәндерге қарағанда үлкен күшті қажет етеді. Сондықтан оны оқытудан бәрі жаппай қашады. Мәселен, конструктор Королевті шығару үшін ерекше кәсіби зияткер орта құру, яғни 300 мың инженер даярлау керек болды. Олардың ортасынан бір дананың шықпауы мүмкін емес еді. Осылай жұмыс істемесек, бізде кулибиндер, поповтар, менделеевтер қай­дан шығады?» дейді.

Бірнеше жыл бұрын Г.Кен­же­байқызы ағылшын тілін үйренуге ден қойды. 2012 жылы Назарбаев зияткерлік мектебіне шетелдік оқытушылар келгенде, оған өте шыдамды, сонысына орай талапшыл оқытушы кез болды. Бұл сабақты ағылшын тілінде өткі­зуді мақсат еткен мұғалімнің пай­дасына шешілді. Бүгінде ол оқушыларға математиканы ағыл­шын тілінде түсіндіреді. «Мен үшін тұтас әлем ашыл­­­­ған­дай болды. Ағылшын тілін­дегі әдебиет пен интернет ресурс­­тар, мәдениеттің тұтас бөлігі жақын­дай әрі түсінікті бола түсті. Кейбір жан­дар үш­тілділікті іске алғысыз етіп, оған елдің дайын емес екенін айтады. Ал қашан дайын боламыз? ХХІ ғасырдың екінші он­жыл­дығы да аяқталып келеді. Маман­дар жетіспейді. Менің ойым­ша, ауылдағы жастарға ек­пін беріп, жағдай жасау керек. Бұл бастамадан бас тартпауымыз қа­жет», дейді ол.