Аударманың ахуалы қандай?

Аударманың ахуалы қандай?

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Гуманитарлық бағыттағы 100 ең жақсы оқулықтарды әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аудару» туралы жобасын ұсынды. Мемлекет басшысы өзінің тарихи мақаласында «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүниежүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз.

2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек» дей келе, нақты тапсырмалар жоспарын бекітті. Бұл жоба жас ұрпақтың бойына жаһандық ой-сана құндылықтарын сіңіруге ерекше екпін береді деп ойлаймыз.

Ертеде ғалымдар мен зерттеу­шілер аударма жұмысын адамзат мә­дениетінің алтын көпірі деп ба­ғалаған. Аударма дегеніміз бір тілде бейнеленген мазмұнды екінші бір тілге дәл әрі толық сол ұлттың сөзжасам заңдылығы бойынша қайталай бейнелейтін тілдік өнер. Аударма барысында сөйлемдерді лексикалық және грамматикалық жағынан дұрыс түсініп аудару және аударма шеберлігіне қатысты білімдерді қалай игеру жөніндегі мәселелерге үлкен көңіл бөлуіміз керек. Ал аудармашы аударма теориясы негізінде, тәжірибе барысында кездесетін әртүрлі нақтылы мәселелерді жан-жақты әрі дұрыс шешу керек.
Аударма екі тілдің лексикалық, грамматикалық, стилистикалық ерек­шеліктерінде қатар сақталады. Кез келген шығарма мазмұн, форма, стиль сынды үш түрлі фактордан құралады. Түпнұсқаның мазмұнын, стилін аударылған тілде дәл бейнелеу керек. Ол үшін түпнұсқадағы аударылған ­аударма түсінікті, ұғынықты әрі түпнұсқаның стилі сақталуы маңызды. Міне, бұлар нағыз аударма өлшемі. Ал аудармашы аударып отырған ұлт пен аударылып отырған ұлттың тілін, әдебиетін, тарихын, мәдениетін, дінін, этнографиясын, салт-дәстүрін, арман-тілегін, ұлт мұратын толық меңгеру, сонымен бірге екі ұлттың ойлау тәсілін, тілдік заңдылықтарын, сөзжасам ережелерін, грамматикалық қағидаларын, сөз арқылы бейнелеу тәсілдерін білгені жөн. Жинақтап айтқанда, қытай-қазақ тілдері бойын­ша аударма жасайтын аудармашы екі тілді де еркін меңгерген білімді болуы шарт. Сонда ғана ол өзі аударатын дүние жөнінде еркін құлаш сермей алады. Қытай-қазақ тіліндегі сөйлемдердің рет-тәртібі ауысқан сөздерді ажырата білу, синонимдерді таңдай алу, күрделі құрмалас сөйлемдерде сөйлемнің негізгі үш мүшесі – бастауыш, баяндауыш, толықтауышты танып білу, сол арқылы аударманың желісін ­табуы қажет. Түпнұсқаға адал болып, сөзжасам және ойлау заңдылығымен анық, түсінікті бейнелеп беру, міне, бұл аудармашыға қойылатын негізгі талаптар. Бұл орайда аударма төмендегідей түрлерге бөлінеді:

1. Аударма тілдік өзгешеліктерге байланыс­ты ана тілден басқа тілге аудару, өзге тілден өз тіліне аудару деп екі түрге бөлінеді. Аударма барысында ана тілден басқа тілге аудару біршама қиын болады. Өйткені аудармашылардың басым көпшілігінде өзге тілдегі бейнелеу қабілеті өз тіліндегідей болмайды. Сондықтан да екі тілге бірдей жетік аудара білу нағыз маманның ғана қолынан келеді.
2. Аударма материалдық өзгешелік­те­ріне қарай саяси-ақпарат аудармасы, көркем әдебиет аудармасы, ғылыми (филологиялық, тарих, экономикалық, дипломатиялық, медициналық, заң, т.б) мәтіндер аудармасы, техникалық мәтіндер аудармасы және ісқағаздар аудармасы болып бөлінеді. Жанрлардың ерекшеліктеріне қарай оларға қойылатын талап та түрліше болады. Бұның ішінде көркем әдебиет аудармасы аудармашының үлкен білімін де, шеберлігін де қажет етеді. Көркем аударманы сәтті шығарудың негізгі бір жолы, өзі аударып отырған шығарманы жазған жазушының отбасылық жағдайын, өскен ортасын, алған тәрбиесін, діни ұстанымын, өмірге көзқарасын, шығармашылыққа алып келген қоғамдық жағдайларын, дәл шығарманы жазуға түрткі болған қоғамдық, тарихи жағдайды жақсы білуі керек. Ол аудармашының тамаша аударма жасауына көп көмегін тигізеді. Ал ғылыми мәтіндер мен техникалық мәтіндер аудармасы нақты кәсіптік білімді талап етеді. Қытай тілінде әрбір саланың терминдері ұлттық сипатта бейнеленеді. Сондықтан да әрбір ­маман ең алдымен өзі аударатын дүниеге қанық болуы, кәсіптік білім деңгейі жоғары болуы, түпнұсқаның мазмұнына, ерекшелігіне баса ­назар аударуы шарт.
3. Аударылатын материалдардың қажет­тілігіне байланысты аударма жұмысы «толық аудару, бөліп аудару, мазмұнды анализ жасап аудару, құрап аудару, құрастырып аудару» деп бөлінеді. Бастан-аяқ түгел аударуды толық аудару дейміз. Түпнұсқаның ішінара қажетті жерін ғана аудару бөліп аудару деп аталады. Түпнұсқаның негізгі мазмұндарын шолып ­аудару «мазмұнды анализ жасап аудару» делінеді. Түпнұсқаның кейбір жерлерін аударып, ары қарай сол ойды дамыта жазу құрастырып аудару болып саналады. Ғылыми жұмыс жазғанда, белгілі бір техниканы қолданғанда оның түсіндірмесін аударғанда, дәрі-дәрмекті пайдаланғанда жиі қолданылатын аударма түрлері осылар болмақ.
4. Аударма жұмысы тәсіліне қарай жазбаша мен ауызша аударма болып жіктеледі. Жазбаша аударма мен ауызша аударманың екеуінің де өзіне тән қиыншылықтары мен жеңілдіктері бар. Жазбаша аудару аударушыдан мол білімді, қалам қуатының күшті болуын, мазмұнды дәл бейнелеп беруді, көбірек ойланып-толғануды қажет етеді. Түпнұсқаға адал бола отырып, мазмұнды толық қамтуға, түпнұсқаның стиліне бойұсынуға міндетті болады. Сөз-сөйлемге, грамматикаға, нақтылыққа, логикаға, емлеге баса көңіл бөлінеді. Ауызша аудармаға қарағанда сөздіктерден пайдалану, қайта-қайта қарап, тексеріп шығу, өзгерту мүмкіндігі бар. Ал ауызша аудармада аударушыдан тез түсініп, қолма-қол аудару талап етіледі. Бірақ сөйлеушінің стилін сақтауға, нақтылыққа, жинақылыққа ерекше жоғары шарт қойылады. Бейнелеу жағында көп еркіндікке ие болады. Бір сөзді, бір мазмұнды бірнеше түрлі синонимдермен ауыстырып аудара алады. Оның есесіне оларда түсінбей қалған сөздерді біреуден сұрауға, сөздіктерді пайдалануға мүмкіндігі болмайды.

Қазақшаны қытайшаға аударғанда қытай тілі түбір тұлғалы, мағыналы иероглифтермен бейнеленетіндіктен көбінде мағыналық аударма жасауға тура келеді, ал қытайшаны қазақшаға аударғанда қазақ халқының айтар ойын астарлап жеткізетін ерекшелігін ескеріп, образды аударма жасаймыз. Кейінгі кездері электрондық аударма да қолданыста, алайда ол аударманың дәлдігінен қатесі көп екенін уақыт көрсетуде. Бүгінгі гугл (google), онлайн (online) аудармалары аударма үдесінен шықпайды. Мысал келтіре кетейік: Айгүл деген адам атын (ай月+гүл花), Арман деген кісі атын (理想) деп, оның аты кім дегенді (他的马是谁) аударма жасайды.
Бүкіл әлем жұрты шағын елді мекенге айналған бұл таңда, халықаралық қатынастар күн санап күшеюде. Ғылым-техниканың да қарыштап алға басуына байланысты жаңа атау-терминдер көбейді. Әйтсе де, аударма да заман ағымына қарай дамып келеді. Егемендік алған жылдардан бері Елбасының және басқа да тұлғалардың шетелге жасаған сапарлары, шетелдік компаниялардың бізге келуі, бәр-бәрі аудармасыз болмайды. Сонымен, елімізде жиі-жиі болып отыратын, үлкенді-кішілі халықаралық форумдар мен жиналыстардың барлығы аударма қызметіне жүгінеді. Бұл ретте көбінесе ілеспе (жарыспалы) аударманы қолданылады. Біздің осы мақаламыздың негізгі жүгі де осы түрдегі аударма туралы. Егемендіктен бұрын біздің көп халықаралық байланыстарымыз ТМД көлемінде болғандықтан, жұмыс орыс тілінде жүрді. Сол себепті аударма қызметі қажет болған жоқ. Сондықтан біздің қоғамда тек көркем әдебиеттегі жазбаша аударма ғана орын алды. Дегенмен, егемендік алғалы 26 жыл болса да, бізде әлі күнге дейін аударма жұмысына салғырт қарау бар.
Екіншіден, аударманың мамандық ре­тінде дұрыс қолға алынбауы, аудармашы аударған дүниесін жариялайтын арнаулы газет-журналдардың жоқтығы қынжылтады. Шығыс тілдерін аударатын мамандар саны да аз. Аударған кітабыңды өзің қаржыландырып шығармасаң, оның аясында ғылыми жобалар жоқтың қасы әрі қарапайым аудармашы үшін қолжетімді емес. Үшіншіден, арнаулы аудармашылар жетілдіретін оқу орындары не орталықтар жоқтың қасы. Жоғары оқу орындарында аударма мамандығы болғанымен оның өндірістік базасы жоқ, теориялық біліммен шектеледі. Студенттер тек филологиялық бағыттағы жазбаша мәтінді аударады. Одан арыға студенттің 11 жылдықтан кейін алған білімі жетпейді. Синхронды жарыс­палы аудармада тәжірибе жасайтын заманауи құрылғы, жабдықтар оқу орнында пайдалануға берілмеген. Сонымен бірге әр сала бойынша аударма жасауға арналған атау-терминдер сөздігі мен оқулықтар мүлде жоқ. Бір маман барлық саланың атау-терминдерін меңгеруі де мүмкін емес нәрсе. Бізде оған қарамастан «жүріңіз, дәл қазір аударма жасаңыз» деп лекция оқып шаршап отырған оқытушыны бірден аудармаға салады. Ол тек филологиялық бағытта білім алған маман, оның үстіне ол адамның ауызша аудармадан тәжірибесі аз, синхронды аударманың әдісі мен қыр-сырын меңгермеген, тек сол тілде сөйлегеніне оны аудармашы деп білеміз. Негізінде аудармашы өз әлемінде үздіксіз ізденісте жүруі, бастапқы екі жылда тәжірибелі аудармашының жанында көмекші болып, толық пісіп-жетілуі керек емес пе?! Жоғарыда біз айтқан аудармашыға қойылатын талаптардың үдесінен шығуда аударманың жағдайы бізде мәз емес.
Тәржімеші әуелі аударатын саласының атау-терминдерін толық білуі керек. Тым болмағанда аудармашыға баяндама жасайтын ғалым мақаласының жазбаша толық нұсқасын алдын ала, бір жеті бұрын жіберуі керек. Сосын ол ондағы атау-терминдар бойынша жұмыс жасауы тиіс. Сөздік ақтарып, тақырыпқа қатысты кітаптардан түсіндірмелерін іздеуі керек. Баяндамашы ұзын-сонар баяндамасын толық айтпайтынын өзі де біледі. Сондықтан өзіне дайындаған сөйлейтін сөзі, яғни қысқартылған нақтылы жазбаша нұсқасы болады. Соны аудармашыға мақаласымен қосып алдын ала беру аса маңызды. Сонда ғана аудармашы қиналмай ілеспе аударма жасайды.
Бізде аударма енді қалыптасу үстінде болғандықтан бұл жұмыстар ойдағыдай емес. Тіпті аудармада арнаға түскен «сөйлейтін сөзі» деген терминді білмейді. Халықаралық форумдар өткізгенде оны алдын ала баяндамашыдан сұрамайды. Көбінесе шетелдік баяндамашы оның жазбаша нұсқасын мақаласымен қосып бірге жіберсе де, ұйымдастырушылар оны аудармашының қолына дер кезінде жеткізбейді. Бүгінгі таңда жалқы есімдердің аудармасы бірнеше түрде аударылады. Бұның өзі аудармашыға аса үлкен қиындық туғызады. Мысалға жоғарыдағы кестеге назар салайық:
Демек, біздегі атау-терминдердің сан алуан­дығы аудармашыға ауыр жүк. Оны бір ізге кел­тіру, реттеу осы саладағы аудармашылардың, ғалым­дардың негізгі міндеті болып қала бермек.