«Елбасы Жолдауы және жаңа қазақ әліпбиі» атты дөңгелек үстел өтті

«Елбасы Жолдауы және жаңа қазақ әліпбиі» атты дөңгелек үстел өтті

​Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығымен бірлесе отырып, «Елбасы Жолдауы және жаңа қазақ әліпбиі» атты дөңгелек үстел өткізді.

Шараға орфографиялық жұмыс тобының мүшелері, лингвист-ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Басқосуда еліміздің рухани және мәдени салаларындағы өзекті мәселелер, қазақ тілінің жаңа жаһандық кезеңдегі дамуы мен жаңа әліпбидің орфографиялық мәселелері талқыланды.

Жиынды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Қахарманұлы ашты.

«Бүгінгі дөңгелек үстелдің мақсаты –жаңа әліпби емлесін жазу жұмыстарын талқылау, орфографиялық жұмыс тобының құрамы мен жұмыс жоспарын бекіту. Орфографиялық жұмыс тобы неге басымдық беру керек, соны ақылдасып, келісіп алу үшін бастарыңызды қосып отырмыз. Пікірлеріңізді ашық білдіріп, ой қосуларыңызды сұраймын» - деді.

Жоғарыда көтерілген мәселелер төңірегінде Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Ердембекұлы кеңінен тоқталып өтті.

- ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлының 25 қаңтарда бекітілген №26 бұйрығымен жұмыс тобы құрылды (орфографиялық жұмыс тобының бекітілген құрамымен таныстырып өтті). Жұмыс жоспарлы, жүйелі жүргізілетін болады. Әзірге бұл жұмыстарды Ш.Шаяхметов орталығы мен Тіл білімі институты үйлестіріп отыр. Ғылыми жұмыстар ғалымдардың атқаруымен жүзеге асады. Топқа нағыз ғалымдар мен қажетті мамандар тартылды деп ойлаймыз,- деді ол.

Филология ғылымдарының докторы Байынқол Қалиев: «Бұл іске тіл мамандары ғана араласуы керек. Соңғы әліпби нұсқасында екі й, и-ге бір таңба берілді. Оны біз қалай жазамыз? Сол үшін ең бірінші әліпби дұрысталуы керек. Мұны тілдің фонетикасын, орфографиясын білетін ғалымдар ғана жасай алады. Менің ойымша, адам көп болған сайын, пікір де көп. Сондықтан емле-ережелер бір ортада жасалуы керек»,- деп уәж айтты.

Ал А.Байтұрсынұлы атындағы Тілі білімі институтының бас ғылыми қызметкері, ф.ғ.д., профессор Нұргелді Уәли:

- Бұл – өте күрделі, қиын мәселе. Оны айтып дәлелдеп жатпай-ақ қояйын. Бірақ айтатын бір нәрсе бар. Ол – ереже болсын, орфографиялық сөздік болсын бір жерде орындалуы керек. Ол бір жерде орындалмай, біздің былай жиналғанымыздан ештеңе шықпайды. Және бұрынғы қандай тәжірибе бар, мысалы, 8 рет басылған сөздіктер бар. Соның бәрін бір жерге жинақтауымыз керек. Оның қандай алатын, алмайтын жақтары бар. Соның бәрі ескерілуі керек. Біріншіден, менің айтайын дегенім қазір біз дәл сұрауы жауапты кезеңге аяқ бастық. Ережені жай ғана ұсына салуға болмайды. Ресей тәжірибесіндей шет тілден енген сөздер деп бөліп тастағым келмейді. Ол – интертерминдер. Бұрынғы тәжірибенің дұрыс жағын ескеріп, олқылықтарын жоюуымыз қажет деген пікірін жеткізді.

Жиында бірқатар тиімді пікірлер айтылып, түрлі ұсыныстар талқыланды.