«Қайырсыз хабарландыру» мазаққа майдай жағады

«Қайырсыз хабарландыру» мазаққа майдай жағады

kaiyrsyz-habarlandyru-mazakka-maidai-zhagady

Нарықтық кезең белең алған шағында, ақпарат майданы қайнап тұр. Әсіресе, жарнамасыз кез келген адам жүрмейтін, күлмейтін, сөйлемейтін халге жеттік. Тіпті қарапайым ғана орыстың мысығы мен иті жарнамада жүргеннен кейін айтуға сөз, жазуға қол бармайды. Бірақ амалсыз күйіп, сақау жарнама, сауатсыз маңдайшаны көргенде жазбасқа шара жоқ. Тек қолымыздан келетіні ойымызды жазып, пікірімізді білдіру ғана. Ал сан емес, сапасын сұрыптайтын шаққа қашан қол жеткізетініміз беймәлім. Дегенмен шама-шарқымызша шимайлап жазып, айқайлап қазып, келеңсіздіктің ізінен қалмай, аяғына дейін шапқыласақ, шаруамыз бей-жай қалмас. Сондықтан тағы бір «қайырсыз хабарландыруларға» шолу жасап өткеніміз жөн болар. Неліктен «қайырсыз» дейтін шығарсыздар. Енді мұндай сорақы хабарландыруларды көргеннен кейін, тіпті а тауды айтуға да сескенетін болғандаймыз…

11890947_672194929583738_9107125162910634279_n

Өздеріңіз суретте көріп тұрғандарыңыздай «Малшы керек отбасымен пысык катынымен» деген екен бір кісі хабарландыруында. Енді осы мәтіннің мәселесін май шаммен қарауға көшейік. Себебі, май шаммен қарастыруға өзі сұранып тұрғаны айтпай-ақ түсінікті. Хабарландыру иесіне малшы керек пе әлде жалшы қажет пе? Бәрінен бұрын сол малшының пысық қатыны қажет-ау?! Әйтпесе әдейілеп несін жазды екен?…

Алғаш көргенімде адам да осындай хабарландыру жазады екен деп таң тамаша болдым. Жазудың жөні осылай екен деп, ойына келгенді оттаған бұл белгісіз азаматқа шара қолданатын адам жоқ. Себебі, қоғамда ойына келгенді орындап, орынсыз әрекетті қылп етпей қабылдап жүре беретін адамдар көп. Етіміз үйренген. Жүгенсіз сөзге сайраңдаймыз, тәртіпсіздермен жайраңдаймыз. Былшылдатып сөз сөйлеп, өсек тасып тайраңдаймыз. Яғни, сөйлеу мәдениетіміз бен іс-әрекетіміз төменнің төменгі сатысына жеткен. Бұрысты көрсек – күлеміз, дұрысты көрсек – жылаймыз. Себебі, топтан озып, қанатын жазып, биікке өрлегенін көре алмаймыз. Мазақ қылып күлгеннен басқа амал жасамаймыз.

Қазіргі күні инстеграм деген еріккендердің ермегі елкелеп жүр. Себебі, қолданушысы көп, яғни өзі сияқты еріккендер. Бұл бәле көбіне жақсысын жанамалап, жаманын жарнамалайтындай. Сол секілді мына бейне де бір қолданушының парағынан алынған төл туындысы. Мазаққа майдай жағудың бастау алған жері болар. Жарайды жерін қайтеміз, мәтінге оралайық.

Біріншіден, әдеби тілдің нормасына мүлдем сай емес;

Екіншіден, сөз бен сөз байланыспайды, сөйлем құрылымы да дұрыс емес;

Үшіншіден, «к» мен «қ»-ны ажыратуды білмейді, яғни сауаттылық деген жоқ.

Мінекей, бес сөзден тұратын бір сөйлемде қанша қате десеңізші?! Осындай жағдайларды келешекке ұластырмас үшін қатеге күлмей, керісінше дұрыстаудың амалына көшуіміз қажет. Ал біз инстеграмның әлегін уайымдаймыз. Мазаққа айналдыратын не нәрсе бар екен, қанша «лүпіл» жинай аламын деп, жан ұшырып жүргендер де қаншама? Тіпті таң атпай жатып, әлгі немесінен бір «лүпіл» көрсе, ұйқысы шайдай ашылып, өз жүректері лүпілдеп кететіндер де бар. Кейде маған мынадай да ой келеді. Сонда елімізде осыншама сауатсыздар көп пе әлде сол қолданушылардың фотошоппен жасаған былықпайы ма? Мүмкін, өздері жазып, сенсация іздеген жанашырсымақтар шығар?! Ойлай берсең, ой көп. Не де болса, алдағы уақытта қатені көзіміз шалып, шырамытып жатсақ, күлкіге айналдырмай, көлеміне қарай қолжетімді болса, жыртып алып қоқысқа лақтыра салғанымыз дұрыс-ау! Егер үлкен болса, онда шара қолдануға дағдыланайық!