Жолдау: ​Мемлекеттік тіл дамуының жаңа мүмкіндіктері

Жолдау: ​Мемлекеттік тіл дамуының жаңа мүмкіндіктері

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауы төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстанның дамуының жаңа мүмкіндіктері жөнінде болды. Аталған Жолдауда жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу және жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігі айқындалды. Бұл үшін шешімін табуы тиіс нақты 10 міндет – байқап отырғанымыздай, Қазақстан Республикасының Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделіп қана қоймай, толағай жетістікке жетуінің кепілі.Мемлекеттік органдар мен халықтың міндеті – Елбасы көрсеткен міндеттердің маңыздылығын түсініп, талап деңгейінде әрекет ету.

«Болашақ» академиясы – жоғары білім беретін мекеме. Ал мұндағы қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы тек мемлекеттік тілде іс жүргізеді, сондай-ақ педагогикалық мамандар даярлап шығарады. Сондықтан алдағы уақытта білім беруге қатысы бар мәселелердің өзектілігін түсіндіруге, нақты шешім қабылдап, батыл қадам жасауға дайын.

Жолдауда келтірілген 7-міндетте «Білім берудің жаңа сапасы» жайлы: «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет», – дей келе, «қазақстандықтардың болашағы қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» екені ескертілді. Бұл орайда «Болашақ» академиясының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы ғылыми әлеуетін дамытып, білім беру мүмкіндіктерін одан әрі жетілдіре беретін болады.

Жолдауда қазақ тілінің дамуы мәселесі де назардан тыс қалмаған. Президент бұл жөнінде: «Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. ...Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек», – дей отырып, бұл мәселенің латын әліпбиіне көшу барысында реттелуге тиіс екеніне баса назар аударды.

Шынында да, термин дегеніміз халықаралық лексикаға жатады. Ендеше оны толықтай аударудың үнемі оң нәтиже бере бермейтіні рас. Сондықтан бұл мәселені жеделдете қолға алып, нақты бір шешімге келу – кезек күттірмейтін жауапты іс. Қазақ тілін дамыту немесе қазақ тілінің дамуы дегеніміз қазақ тілінде сөйлейтін әрі іс жүргізетін адам санының көбеюі дегенді ғана білдірмейді, сонымен қатар қазақ тілінің халықаралық деңгейге жақындауы дегенді де білдіреді. Егер жаратылыстану ғылымы терминдерінің әу баста латынша таңбаланатынын ескерсек, қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі бұл мәселеге түбегейлі нүкте қоя алады. Ол үшін латын графикасына негізделген қазақ жазуының орфографиялық нормаларын орнықтыруда қыруар жұмыс атқарылуы тиіс.

Жолдаудың бұл (жетінші) міндетінде тіл мәселесіне қатысты аталған тағы бір аса маңызды жайт – нағыз азаматтық қоғам құруымыз үшін мектеп түлектері осы бастан үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) қажетті деңгейде меңгеруі қажет. «Болашақ» академиясында орыс тілінде білім алатын топтарға қазақ тілін меңгерту міндеті біздің кафедраға жүктелген. Бұл дегеніміз – Елбасы Жолдауындағы маңызды міндетті орындауда қазақ тілі мен әдебиеті кафедраларының қаншалықты жауапты екеніне айқын мысал.